28.01.2020, 11:33
Қараулар: 186
АӘК: масылдыққа  жол  жоқ

АӘК: масылдыққа  жол  жоқ

Орал  қаласындағы  Достық  үйінде  облыс  әкімінің  орынбасары  Серік  Егізбаевтың  төрағалығымен  өткен  басқосуда  атаулы  әлеуметтік  көмекті  тиімді  пайдалану  мәселелері  талқыланды.

Серік Рахметоллаұлының айтуынша,  атаулы әлеуметтік көмек көрсету – облыстың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі. Атаулы әлеуметтік көмекке үміткер азаматтар арасында түсіндіру жұмысы облыс бойынша қарқынды жүргізілуде. Тұрғындардың құжаттарын қабылдау, оларға кеңес беру ісі халықты жұмыспен қамту орталықтарында, аудандық, ауылдық округ әкімдіктерінде және «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының барлық  филиалында ұйымдастырылған. Сондай-ақ ол АӘК-ның жаңа үлгісі әлеуметтік көмек алушылардың жауапкершілігінің артуына, олардың өз-өздерін қамтамасыз етуге және аз қамтылған азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал  етіп  жатқанын  атап  өтті.

– Былтыр 1 сәуірден бастап АӘК тағайындаудың жаңа тәсілдері енгізілген болатын. 2019 жылы АӘК облыс бойынша 12556 отбасына, оның ішінде 60 804 адамға 6,7 млрд. теңге төленді. Оның ішінде шартсыз ақшалай көмек алушылар – 2005  отбасы, яғни 7 439 адам, шартты ақшалай көмек алушылар  – 10 551 отбасы, яки 53 365 адам. Жұмыспен қамтудың  белсенді шараларына, яғни тұрақты жұмысқа, қоғамдық жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына  2 725 адам орналастырылды. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті жеке шаруа қожалық  ашуда, бизнес дамытуға жұмсағандары да бар. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 1016 отбасы  АӘК төлемдерін жеке шаруа қожалығын дамытуға жұмсады. Айта кетсек, 532 отбасы  ірі қара мал, 31 отбасы құс, 453 отбасы қой-ешкі сатып алды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында бюджет қаражаттарын тиімді қолдану және әлеуметтік көмектің дұрыс тағайындалуын тексеру бойынша жұмыстар жүргізілді. Көмек, негізінен, еңбек етуден қашпайтын азаматтарға арналады. АӘК үш бағыт бойынша беріледі. Біріншісі, көп  балалы отбасыларды жеке санатқа шығарып, оларға кепілдендірілген жәрдемақы ұсынылады. Бұл ретте көп балалы аналардың материалдық жағдайына және әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бала санына байланысты АӘК төленетін болады. Отбасындағы бала санына қарай,  төрт баласы барларға 42496 теңге, бес балаға 53127 теңге, алты балаға  63757 теңге, жеті балаға 74 388 теңге  беріледі.  Екіншісі, аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және жұмысқа ынталандыру үшін төленбек. Ең басты шарт – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Үшіншісі, аз қамтылған отбасыларға қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет ендірілетін болады. Яғни аз қамтылған отбасындағы мектеп жасындағы балалар мектеп формасымен, оқу құралдарымен, ыстық тамақпен, қалалық қоғамдық көлікте жол жүру ақылары бойынша шығындарды  өтеу  қарастырылуда, – деді  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай  Құлқаев. Сондай-ақ жиында атаулы әлеуметтік көмек масылдыққа емес, тұрғындардың тұрмысын түзету үшін берілетіні, табыс көзін жасырып жәрдемақы алуға ниетті отбасылар мемлекет қаражатын  кері  қайтаратыны  айтылды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар