28.01.2020, 11:25
Қараулар: 90
25 мың  оқушы  тегін  тамақпен  қамтылған

25 мың  оқушы  тегін  тамақпен  қамтылған

Өткен  аптаның  соңында  Орал  қаласының  әкімі  Абат  Шыныбеков  2019  жылдың  қорытындысы  бойынша  қоғамдық  кеңес  алдында  есеп  берді.

Қала әкімінің айтуынша, соңғы жылдары облыс орталығы тұрғындары санында тұрақты өсім байқалады. Қазір Орал қаласында 314 мыңнан астам адам тұрады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждар тізімінде  19 913 адам тұр.  «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 123 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы басталған болатын. Осы бағдарлама бойынша жалпы ауданы 41 мың шаршы метр болатын алты көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Олардың төртеуі Зашаған кентінде, қалғаны қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде. Бұл алты үйде 797 пәтер бар. Әкім биыл 1373 пәтері бар сегіз үй пайдалануға берілетінін айтты. Бұл үйлердің үшеуі пәтер  кезегіндегілерге  арналмақ.

Оралда соңғы бірнеше жылдан бері апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлердің санын азайтуға бағытталған жұмыстар мемлекеттік-жеке серіктестік аясында атқарылуда. Бүгінде қала бойынша  41 үй апатты және 200-ден астамы ескі  деп танылған. Бұл үйлерде 1668 отбасы тұрып жатыр. Өткен жылы Есқалиев көшесіндегі №151 және №153, Ружейников көшесі, 14-үй мекенжайындағы үйлер бұзылды. Апатты үйлердің орнына Құрманғалиев 3, Скоробогатов, 65/1 мекенжайларында көп қабатты үйлер бой көтерсе, төрт көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы әлі жалғасуда. Жалпы, бұл бағдарлама басталғалы 17 апатты үй сүрілді.

Орал қаласында 54 761 оқушы 51 мемлекеттік орта мектепте білім алуда. Соңғы бір жылда оқушылар саны 5 пайызға өскен. Соңғы бес жылда қалада бес білім ордасы салынды. Сонда да үш ауысымда оқитын бес мектеп қалып отыр. №31 және №33 орта мектептер апатты жағдайда. Қазір №33 мектеп сүрілуде.

Қала мектептеріндегі 25 мыңнан астам оқушы жергілікті бюджет есебінен тегін тамақпен қамтылып отыр. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап қаланың 10 мектебінде тамақтануда қолма-қол ақшасыз есептесудің аутоматтандырылған жүйесі қолданысқа енгізілді.

– Оралда 50 мемлекеттік балабақша, мемлекеттік тапсырыс арқылы ашылған 55 жеке балабақша, 30 шағын орталық жұмыс істеуде. Соңғы екі жылда қалада 15 жаңа жеке балабақша ашылды. Соның ішінде жақында ашылған 250 орындық «Сәби» жеке балабақшасын атап кетуге болады. Бүгінгі күні мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 15 154 бала, соның ішінде жеке балабақшаларда 3780 бала тәрбиеленуде, – деді қала әкімі.

Абат Шыныбеков есеп соңында ҚР Президентінің «Еститін мемлекет»  тұжырымдамасының іске асырылуына тоқталып, қоғамдық диалог, тұрғындардың мұқтаж нәрсесіне дер кезінде назар аудару мемлекеттік құрылымдардың басты назарында болатынын айтты. «Ашық әкімдік» жобасы аясында қалалық әкімдіктің төрт құрылымдық бөлімі тұрғындарға 10 мемлекеттік және 18 қосымша қызмет көрсетуде. Жоба басталғалы операциялық залда жүз мыңнан аса тұрғынға қызмет көрсетілді, оның 32 мыңы былтырғы жыл үлесінде. «Ашық әкімдік» арқылы тұрғындар облыс және қала басшылығына, барлық құрылым жетекшілеріне тікелей сауалын қойып, мәселесін жеткізуге мүмкіндік алды.

Әкім есебін тыңдаған соң қаладағы №17 мектептің директоры Тамара Рудич сөз алып, қоғамдық кеңес атынан қалалық әкімдік жұмысы оң бағаға лайық екенін, қала тұрғындарының да пікірі соған саятынын мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы жылы Оралда абаттандыру, инфрақұрылым мен экономиканы дамыту, жұмыспен қамту бойынша айтарлықтай  жұмыс   атқарылған.

Нұрлыбек  РАХМАНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар