28.01.2020, 11:24
Қараулар: 222
Жаңа  театрдың  тұсауы  кесілді

Жаңа  театрдың  тұсауы  кесілді

Орал  қаласындағы  Жастар  шығармашылық  орталығы  жанынан  ашылған  Жастар  музыкалық  театры  алғашқы қойылымын  ұсынды.  «Достар серті»  мюзиклімен  басталған  өнер  кешін  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  те  тамашалады.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, дирижер Артур Оренбургскийдің   басқаруымен және облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен қойылған Жастар музыкалық театрының  «Достар серті» мюзиклінде 1960-1970 жылдар кезеңі суреттелген. Мюзикл жанры – эстрада, хореография, драма және опера секілді өнердің сан алуан қырын біріктіріп көрсететін музыкалық-сахналық қойылым. «Достар серті» мюзикл желісінде еліміздің әр өңірінен келіп, консерваторияға оқуға түскен Жұматай, Қайрат, Айдос, Марат есімді төрт талапкердің басынан кешкен қызықты оқиғалары, жалындаған жастық шағы, адал достық пен шынайы махаббат хикаялары баяндалады. Аталмыш мюзиклге қазақ музыкасының «алтын қорына» енген Ш. Қалдаяқов, Е. Хасанғалиев және «Дос-Мұқасан» тобының әндері арқау болды. Сонымен қатар әлемдік музыканың жарық жұлдызы «Битлз» тобының репертуарындағы шығармалар және жаңа стилистикалық бағытта жазылған композициялар орындалды.

«Достар серті» либреттосының авторы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков болса, аудармашы – драматург  Әннас Бағдат. Қойылымның музыкасын жазған танымал дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский. Мюзикл режиссері – Есләм Нұртазин.

«Достар серті» мюзикліндегі кейіпкерлерді Жастар музыкалық театрының Нұртілек Ибрашев, Бағдат Ғабдуллин, Дастан Қадыр, Ермек Қалиев, Аслан Ислямов, Ақкүн Мұратбекқызы, Альбина Наурызалиева, Күнғаным Қапизова  сынды  әртістер  ойнады.

Театрдың көркемдік жетекшісі Талиғат Жігеровтің айтуынша, әртістер өткен жылдың мамыр айында конкурс арқылы қабылданған. 25 қаңтарда жұмысын бастаған театрда 14 әртіс еңбек етуде. Оның мәліметінше, 30 штаттық бірлікке негізделіп ашылған театрға әртіс мамандығы бойынша кәсіби білім алған жастар  әлі  жетіспейді.

Сондай-ақ өнер кешінде көрермен назарына танымал отандық және шетелдік кинофильмдер мен мюзиклдердің театрландырылған үзінділері ұсынылған болатын. Айта кетсек, «Вестсайдская история» мюзиклінен «Tonight» әні, «Моя прекрасная леди» мюзиклінен «Я танцевать хочу» әні, «Тақиялы періште» фильмінен «Гололед» әні, «Двенадцать стульев» кинофильмінен «Белеет мой парус» әні, «Ангел в тюбетейке» фильмінен «Песня про Одиссея» әндері шырқалды.

– Қайырлы кеш, құрметті жерлестер! Бүгінгі мәдени кешті ұйымдастырушыларға, Жастар  музыкалық театрының әртістеріне алғысым зор. Мюзикл – өнер саласындағы ең қиын жанр. Мұнда ән айтылады, би биленеді, актерлік шеберлік те көрсетіледі. «Достар серті» премьерасы көңілімізден шықты. Театрланған қойылымның көрермен жүрегінен жол тапқаны композитор Артур Оренбургскийдің, сондай-ақ Жастар музыкалық театр әртістерінің актерлік шеберлігі мен еңбегінің нәтижесі деген ойдамын. Еңбектеріңіз жана берсін, – деді мюзикл кешін тамашалаған облыс әкімі Ғали  Есқалиев.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар