28.01.2020, 11:21
Қараулар: 117
Коронавирустан сақтаныңыз!

Коронавирустан сақтаныңыз!

Әлемге індет қаупін төндірген коронавирустың жаңа түрі – 2019-nCoV-ті жұқтырғандар саны Қытайда күннен-күнге өршіп келеді. Дерттің салдарынан Қытайдың провинцияларында 100-ге жуық адам дүние салғаны мәлім. Коронавирус қандай дерт? Оның алдын алу жолдары қандай?

Облыстық тауарлар мен  көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жұқпалы және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Валентина Кенжеғалиеваның айтуынша, коронавирус – бұл қарапайым суық тиюден басталатын таяу шығыс респираторлық синдромы (MERS-CoV) мен ауыр жіті респираторлық синдромын (SARS-CoV) тудыратын вирустардың үлкен тобы. Дерттің белгілеріне бастың ауруы, мұрыннан су ағу, кеуде тұсының ауырсынуы, өкпе қабынуы (пневмония), безгек, дене қызуының көтерілуі, жүрек қағысының жиілеуі мен тыныс алудың бұзылуы жатады. Жаңа коронавирус – бұл бұрын адамдарда анықталмаған жаңа штамм, ол жануарлардың ағзасында паразиттік өмір сүреді. Жасырын (инкубациялық) кезеңі – 2-7 тәулік. Вирус, негізінен, жануарлар, жарқанаттар, жыландар, борсықтар мен басқа жануарлар арасында тараған, десе де, вирустың шоғырлануы (концентрациясы) жоғары болғандықтан, инфекция адамнан адамға ауа-тамшы арқылы берілуде.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) мәлімдемесіне сүйенсек, коронавирустың жаңа түрімен сырқаттанудың бірлі-жарым жағдайлары Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Гонконгте, Тайваньда, Таиландта, АҚШ-та  және басқа мемлекеттерде тіркелген. Барлық ауырған адам Ухань қаласына барған. Біздің елімізде шүкір, бұл ауру-сырқауға ешкім шалдыққан жоқ.

Десе де, қауіпті дерттің алдын алу үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке санитариялық-эпидемияға қарсы профилактикалық шаралар кешенін қабылдауды тапсырды. Яғни тұрғындар өте қажет болмаса, ҚХР-ға сапарға шығудан, әсіресе, Ухань, Хуанганг, Эчжоу, Гибн, Сяньбао, Чжидзя және Лигуан қалалары мен Хубэй провинциясына барудан бас тартуы қажет. ҚХР-да болған кезде немесе сол жақтан келген кезде респираторлық ауру симптомдары пайда болса, медициналық көмекке жүгіну немесе өзінің емдеуші дәрігеріне инфекцияның таралу аймағына барғаны туралы хабарлауы маңызды. Коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың көтерілуі ЖРВИ мен тұмаумен сырқаттанушылық бойынша маусыммен тұспа-тұс келгенін ескере отырып, медициналық мекемелерге барған кезде әр үш сағат сайын ауыстырылатын, бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалануды ұсынамыз. Қолды антисептикалық сабындармен жиі жуу, ауру үй жануарлары және жабайы жануарлармен тығыз байланыста болмау, тамақ өнімдерін мұқият термиялық өңдеуден өткізу және көкөністер мен жемістерді жуып тұтыну қажет.

Жіті респираторлық инфекция симптомдары бар адамдар жөтелгенде және түшкіргенде бір рет қолданылатын сулықтармен немесе орамалмен аузын қалқалағаны және арақашықтық сақтағаны жөн, – деді Валентина Кенжеғалиева.

China Daily басылымы таратқан мәліметке сүйенсек, Қытайдың Ухань қаласындағы теңіз өнімдері сатылатын базардың батыс бөлігінде жабайы жануарлар саудаланған. Дәл осы жануарлар жаңа вирустың таралуына себеп болуы мүмкін. Алайда олардың өздері ауруға қалай тап болғаны әзірге белгісіз.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар