24.01.2020, 11:30
Қараулар: 466
12 мектептің  атауы  өзгерді

12 мектептің  атауы  өзгерді

Облысымызда  ұлы Абайдың  175  жылдық  мерейтойына  қатысты  өңірлік  іс-шаралар  жоспары  жасақталды. Айтулы  мерейтойға  орай  өңірімізде  халықаралық  екі  шара, республикалық  деңгейде  алты  шара  өтпекші. Ал  облыс,  қала, аудан  көлемінде  де  Абай  Құнанбайұлының  бай  мұрасын  насихаттауға  арналған ауқымды  шаралардың  көш керуені  басталмақ. Бұл  туралы  өңірлік  коммуникациялар қызметінің  ақпараттық  алаңында  өткен  баспасөз  мәслихатында  БҚО  тілдерді  дамыту  басқармасының  басшысы  Айгүл  Мыңбаева  мәлімдеді.

БҚО тілдерді дамыту басқармасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына және «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес жоспарлы жұмыстар атқарған. Айгүл Әділгерейқызының айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның «Мемлекеттік тілді меңгеру» бағытына қол жеткізу мақсатында басқарма тарапынан жыл сайын облыс тұрғындарына мемлекеттік тілді оқыту курстары ұйымдастырылып, өткен жылы 1060 адам сертификаттарға ие болған. Биылғы жылы  да 1070 адамды қамту жоспарланып, курсты ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.  «Сауатты жарнама – қала көркі» акциясы барысында  қала кәсіпкерлеріне көрнекі ақпараттардағы тіл заңдылығын сақтау бойынша WhatsApp мессенджері (8 778 377 77 43) арқылы үнемі көмек көрсетілуде. Сондай-ақ басқарманың әлеуметтік тапсырысы аясында «Tilge qurmet» тіл инспекциясы жұмыс жасайды. Көрнекі ақпараттарды тіл нормаларына сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастыру бойынша 3 даңғыл және  492 көшеде іс-шаралар жүргізіліп, 2178 кәсіпкерлік субъектісіне әдістемелік көмектер көрсетіліп, картотека толтырылған. Түрлі кемшіліктер анықталған. 908 кәсіпкерлік субъектісіне  «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалымен ескерту хаттары таратылып, әдістемелік көмек көрсетілген.  Қазіргі таңда кемшіліктер орын алған барлық кәсіпкерлік нысанының көрнекі ақпараттары  түзетілді.

«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» ҚР Президентінің  2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығын іске асыру бойынша өткен жылы 60 мыңнан астам адам қамтылған  400-ге жуық шара өткізілді. Сондай-ақ 500-ден астам материал БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде жарияланды. Облыстағы 12 аудан, қала және 40 ауылдық елді мекенде «Латын керуені» атты көшпелі семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Аталмыш шараға Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Омар Темірбеков қатысты.

– Облыстық ономастика комиссиясының жұмыс нәтижесінде бір ауылдық округ, алты елді мекен, 200 көшенің атауларын  өзгертуге оң қорытынды берілді. Өткен жылы ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясы өңіріміздегі  51 көшені, бір даңғыл (Достық-Дружба даңғылы – Нұрсұлтан  Назарбаев) мен бір шағынауданды  (Белая казарма шағынауданы – Ақбекет) қайта атау бойынша оң қорытынды берді. Сондай-ақ ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы №945 қаулысы негізінде Ақжайық, Бөрлі, Казталов аудандары мен Орал қаласының 12 білім беру мекемесінің атаулары қайта аталып, тарихи тұлғалардың есімі берілді. Республикалық көрсеткіш бойынша  облысымыз ономастикалық бағыт бойынша үшінші орында, – деді Айгүл  Әділгерейқызы.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар