24.01.2020, 11:28
Қараулар: 397
Ғалым  ТҰРСЫНБАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы: «Мемлекеттік  қызметшілерге талап  күшеюде»

Ғалым  ТҰРСЫНБАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы: «Мемлекеттік  қызметшілерге талап  күшеюде»

— Ғалым Сұлтанұлы, қазіргі кезде мемлекеттік қызметке жас мамандарды тарту мәселесі қалай жүзеге асуда?

– 2019 жылдың қорытындысы бойынша облысымызда 448 мемлекеттік құрылым қызмет етуде. Штаттық бірлік саны – 4296. Қазіргі уақытта 4021 адам қызмет атқаруда. Әрине, кадр тапшылығы сезілуде. Бұл проблема, әсіресе, ауылдық округтерге тән мәселе. Бос лауазымға жарияланған конкурстарда бір орынға өтінім бір адамнан келуде. Сондықтан мемқызметке жас мамандарды тарту, кадр дайындау мәселесі назардан тыс қалмайды. 2018 жылы «Жас талап» мемлекеттік қызметшілер мектебіне 30 шақты студент қабылданды. Былтыр мектеп аясын кеңейтіп, облыс орталығындағы төрт университет әкімшілігімен бірге жұмыстандық. «Жас талапқа» қатысуға 100 студент қызығушылық танытты. ЖООлардың соңғы курсында оқып жүрген жастардың арасынан 80нен астам тыңдаушыны іріктеп алдық. Былтырғы қазан-желтоқсан айларында «Жас талап» мектебіне қатысушыларға дәрістер оқылды. Университет әкімшілігі бекіткен кестеге сай студенттер қаңтар-ақпан айларында мекемелерден машықтан өтуі тиіс. Соған байланысты мамандықтары бойынша мемлекеттік құрылымдардан екі ай бойы тәжірибе жинауға жібергелі отырмыз. Біздің департамент тағылымдамадан өткізу туралы жолдаған хаттарға мемлекеттік құрылымдардың дайын екендігі жөнінде жауап берді. Басқа облыстардан келіп оқитын студенттердің тұрғылықты мекенжайы бойынша тәжірибеден өтуіне мүмкіндік беріледі. Сондықтан теориялық және практикалық білім-білікті тоғыстырған «Жас талап» мектебінің тыңдаушылары мемлекеттік қызмет туралы түсінік қалыптастырып, жұмысқа қабылданар алдында елеулі тәжірибе жинағанын куәландыру мақсатында жас мамандар туралы ұсынбалар дайындалып, оларға сертификат беріледі. Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» бағдарламасын аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызмет лауазымдарына тарату қарастырылуда. Осы мәселе оң шешімін табатын болса, онда ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерге тың серпіліс болар еді деп ойлаймын.

2019 жылдың басында әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары жеңілдетілді. Енді бас маман және жетекші маман лауазымдарына жұмыс өтілі талап етілмейді. Өздеріңіз білетіндей, қыркүйек айында Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жарияланды. Іріктеуге 13 мыңнан астам адам қатысып, бірнеше кезеңнен өткен 300 үміткер резервке енгізілді.

– Бүгіндері Әдеп кеңесі отырыстары ашық талқылау алаңына айналды. Күн тәртібіне қандай мәселелер жиі қойылады?

– Былтыр Әдеп жөніндегі кеңестің 12 отырысы өтті. Кеңес отырыстарында 48 мәселе қаралды. Оның 34-і профилактикалық сипатта болды. Тарқатып айтсақ, кеңес мүшелерімен талқылаған мәселелердің 12-сі – Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу бойынша мемлекеттік құрылымдар жұмысының қорытындыларын, 12-сі – әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің нәтижелерін, 6-ауы – мемлекеттік құрылымдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелерін, 3-еуі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижелерін қарау мәселелеріне қатысты. Әдеп жөніндегі кеңес отырысында аталған мәселелер талқыланған соң, қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлық пен қызметтік әдептің талаптарын бұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыстағы мемлекеттік құрылымдарға 51 ұсынба жолданды.

Жалпы, Кеңес 14 тәртіптік істі қарап, нәтижесінде 6 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін олардың біреуіне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілсе, екеуінің лауазымы төмендетілді. Әдеп кодексінің талаптарын бұзған үш мемлекеттік қызметшіге сәйкесінше, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс жарияланды. Кеңес отырысында 8 тәртіптік істі қарау тоқтатылды. Оның төртеуінде құқықбұзушылық белгілері табылмады.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың және қызметтік этика талаптарының сақталуын қадағалай отырып, департамент мамандары 2019 жылы мемлекеттік құрылымдарда 69 тексеру өткізді. Оның ішінде 12-сі – алдын ала бақылау шараларына, 55-і – жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне, 1-еуі – бұрын енгізілген ұсынымның орындалуын бақылауға, 1-еуі – прокуратура құрылымдарының ұсынысына байланысты.

Тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың және мемқызметшілердің қызметтік әдеп талаптарына байланысты 470 бұзушылық анықталды. Сонымен қатар мемлекеттік құрылымдарға қолданыстағы заңнама талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 19 ұсыным мен 11 нұсқама жолданды. 2018 жылдың желтоқсан айындағы екі ұсыныммен қоса алғанда, департамент талап еткен ұсынымдар мен ұйғарымдар толық орындалды. Мемлекеттік қызмет саласына қатысты заңнама талаптарын бұзған 24 лауазым иесі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тексеріс барысында өз құқын қорғауға өтініш білдірген 11 мемқызметшінің 8-інің құқы қалпына келтірілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша 73 әкімшілік іс қозғалып, жауапкершілікке тартылды, яғни айыппұл төледі.

– Ғалым Сұлтанұлы, заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі қандай?

– 2018 жылы мемлекеттік қызметке қатысты 9779 заңбұзушылық анықталды. Ал былтырғы, яғни  2019 жылдың қорытындысы бойынша заңбұзушылықтар саны  2167-ге азайып отыр. Мұндай нәтижеге электронды қызмет санының ұлғаюы, ашықтық талабының сақталуы, түсіндіру жұмысының кең көлемде жүргізілуі, семинарлардың  ұйымдастырылуы арқасында қол жеткізіп отырмыз.

Мемлекеттік қызмет саласында уақыт талабына сай реформалар қолға алынуда. Заңбұзушылық анықталған мекеме қызметкерлерін жаппай жазаға тарту ұстанымынан аулақпыз. Жақында облыстық көліктік бақылау инспекциясында заңбұзушылықтар анықталды. Аталған инспекцияға заңбұзушылықты жою жөнінде хат жөнелтіп қана қоймай, мекемеге барып, ұжыммен кездесіп, ағаттықтардың алдын алу жөнінде  кеңес бердік. Жалпы мекемелерді тексерулер екі бағытта – мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуына және мемқызмет сапасына байланысты жүргізіледі. Тексеріс нәтижесінде мемлекеттік құрылымдардың тіркеуге алынған хаттарға, өтініш пен арыз-шағымға уақтылы жауап бермейтіні, қажетсіз құжаттарды сұрататыны, іс қағаздарын сапалы толтырмайтыны анықталып жатады. Заңнама талаптарының сақталмауына байланысты конкурс өткізу тәртібіне, мемлекеттік қызметшілерге тиісті тәртіптік жазаны қолдануға қатысты бұзушылықтар анықталды. Осыған орай кейбір конкурс шешімдері бұзылып, тағайындалған адамға қатысты шығарылған өкімнің күшін жойған кезіміз болды.

– Былтыр ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы жайында айтып өтсеңіз.

– Қазақстанда дамыған елдердің тәжірибесі кеңінен қолданысқа енгізілуде. Халықаралық тәжірибеге сәйкес көптеген мемлекеттік қызметшілердің қызметтік куәліктері сәйкестендіру карталарына ауыстырылады. Тиісті норма жарияланғаннан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін болады. Сондай-ақ заңнаманы қолдану тәжірибесін ескере отырып, заңға бірқатар түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, бос басшылық лауазымдарды жедел толтыру үшін басшылық лауазым міндеттерін уақытша жүктеу мерзімі 3 айға дейін шектелді. Сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілеріне басшылық лауазым міндеттерін уақытша жүктеуге тыйым салынды.

Бұдан басқа мемлекеттік қызметке қайтадан кірісетін тұлғаларға, олардың қызметін бағалау, сынақ мерзімі, аттестаттау қорытындылары бойынша немесе теріс себептер бойынша бұрын босатылған адамдарды қоспағанда, сынақ мерзімі жойылды.

Заңда  мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін  күшейтуге қатысты бірқатар  түзету қарастырылған. Біріншіден, әдеп нормаларын бұзған мемлекеттік қызметшілерді ауысу тәртібімен бос лауазымға орналастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдепті бұзғаны немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін алынбаған жазасы болған кезде конкурс қорытындысы бойынша қызметке тағайындауға тыйым салынды. Екіншіден, уақытша бос лауазымға төмендету түріндегі тәртіптік жазаны қолдану мүмкіндігі алынып тасталады.

Үшіншіден, Президент тапсырмасы ауқымында жаңа заң бабы қолданысқа енгізілді. Соған сәйкес, қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бары әшкереленсе, жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу бойынша өз өкілеттігін тиісінше атқармағаны үшін басшы қызметіндегі адам жауапкершілікке тартылады.

– Қазақы жалпақ тілмен айтқанда, халық арасында «Айран ішкен құтылып,  шелек жалаған тұтылды» дейтін астарлы мәтел бар. Билік тізгінін ұстаған басшы парақорлығы әшкереленген қызметкерлері үшін жауап беретіні  оңтайлы  шешім  бе?

– Егер басшылық лауазымына тағайындалғанына үш ай мерзім өткен мемлекеттік саяси қызметшілер, өздеріне тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда доғарысқа шығуға өтініш беруге міндетті. Мемлекеттік саяси қызметшілер қатарына министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудандардың әкімдері жатқызылады. Дегенмен А және Б корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасында басшылық қызметке тағайындалғандар осындай келеңсіздікке жол берсе, заң аясында  оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту көзделген. Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы өзіне тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң немесе сол қызметкеріне қатысты ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қысқартылғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде доғарысқа өтініш  беруге міндетті.

«Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес саяси мемлекеттік қызметшіні басшылық қызметке тағайындаған лауазымды тұлға оның доғарысқа кету туралы өтінішіне қатысты дербес шешім қабылдай алады. Яғни саяси мемлекеттік қызметшінің доғарысқа шығу туралы өтінішін қабылдауға немесе одан бас тартуға құзыретті. Доғарысқа кетуі мақұлданбаған жағдайда саяси қызметшi өтінішін қарауға құзыретті  лауазымды тұлғаның шешімі бойынша заңға сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар