24.01.2020, 11:26
Қараулар: 525
Экологиялық  ахуал  қалыпты,  өзендеріміз  таза

Экологиялық  ахуал  қалыпты,  өзендеріміз  таза

Сәрсенбіде  облыс  әкімдігінде өңір  басшысы  Ғали  Есқалиевтің  төрағалығымен  «Батыс  Қазақстан  облысындағы  қоршаған  орта  жағдайы  және  экологиялық  мәселелері»  туралы  кеңес  өтті.

Басқосуда баяндама жасаған облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуановтың айтуынша, облысымыз бойынша өткен жылы атмосфералық ауаға шығарылған зиянды заттар 54,3 мың тоннаны құраған. Жалпы ел көлемінде бұл көрсеткіш 2,4 миллион тонна деп есептелсе, біздің өңірдің үлесі 2,2%-ды құрап отыр. Ауаға шығарылған зиянды заттардың 55%-ын «ҚПО б. в.», «Жайықмұнай» компаниялары және «Интергаз Орталық Азия» акционерлік компаниясының «Орал» магистральды газ құбырлары басқармасы мен «Конденсат» АҚ секілді 63 ірі табиғат пайдаланушыларының үлесінде. Ал қалған 45%-ы ІІ, ІІІ және  IV санаттағы компанияларға тиесілі.

– Батыс Қазақстан облысының қоршаған ортасының бүгінгі күнгі жағдайы қолайлы және тұрақты болып табылады.

Дегенмен еліміздің басқа да аймақтарындағыдай, өндіріс көлемінің өсуімен атмосфералық ауаға шығатын зиянды заттардың  көлемін азайту, елді мекендердегі кәрізді ақаба суларды тазарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарын кәдеге жарату және тағы басқалары облысымыздың басты экологиялық мәселелері болып қалып отыр. Жоғарыда келтірілген деректерде көрсетілгендей, атмосфералық ауаға шығарылатын зиянды заттардың басым көпшілігі мұнай-газ секторы мен энергокоммуналдық шаруашылық кәсіпорындарына тиесілі болып отыр. Облысымыз бойынша өткен жылы ақаба сулармен төгілген зиянды заттар 46 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш жалпы еліміз бойынша төгілген зиянды заттардың 5,6 пайызын құрайды. Ақаба сулармен төгілген 46 мың тонна зиянды заттардың 86 пайызы «ҚПО б. в.»  компаниясының үлесіне тиісті болса, қалған 14 пайызы «Батыс  су арнасы», «Жайықжылуқуат», «АқсайЖылуҚуат» секілді коммуналды кәсіпорындар еншісінде. Департаменттің талдау зертханасының мамандарымен облысымыздың ірі өзендерінен айына бір рет, ал кіші өзендерінен жылына 2 рет сынама алынып, талдау жұмыстары жүргізіліп отырады. Атап айтқанда, өткен жылға арнайы бекітілген жоспарлы кестеге сәйкес, облысымыздың жалпы су айдындарынан 326 сынама алынып, 14 331 талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 6 зиянды заттардың концентрациясына жасалған талдау көрсеткендей, Жайық, Шаған және Деркөл өзендері ІІ сыныпқа жатқызылып, нормативті таза екендігі анықталды, – деді Ербол Қуанов.

Департамент басшысының айтуынша, өткен жылы облыс бойынша 131 мың тонна қалдықтар орналастырылған. Олардың 99 мың тоннасын қатты тұрмыстық қалдықтар, қалғанын өндіріс қалдықтары құрайды. Жылына 100 мыңдаған тоннадай қатты тұрмыстық қалдықтары орналастырылатын болса, бүгінгі таңда облыс бойынша қоқыс төгу орындарында 6,4 млн. тонна тұтыну қалдықтары жинақталған. Өткен жылы қатты тұрмыстық қалдықтардың 8,6 пайызы ғана қайта өңдеуден өткен. Орал қаласында қалдықтарды қайта өңдеу кешені іске қосылған болатын. Сол кешеннің күшімен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу пайызын биылғы жылы 10 пайызға, ал 2025 жылы 18 пайызға жеткізеді деген жоспар бар.

Осы орайда сөз алған, өткен жылы Орал қаласы маңынан қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау орнын ашқан «GreenServiseCompany» ЖШС-ның құрылтайшысы Азамат Бисеновтің мәлімдеуінше, аталған кешенге жұмысшылар тұрақтамауда.

– Қатты қалдықтар үшін тұрғындардан алынатын тарифтің өскені біздің жұмысымызға тың серпін берері сөзсіз. Алдағы жылдары жаңа технологияларды іске қосып, қалдықтардың өңделу көлемін ұлғайтамыз. Біздің күні бүгінгі басты мәселеміз – жұмысшылар тартуда болып тұр.

Кешенге қажетті 60 адамның орнын толтыра алмай отырмыз. Басты түйткіл олардың еңбекақысының аздығында болып тұр. Жергілікті халық айына 80 мың теңгеге жұмыс жасағысы келмейді. Атырау мен Маңғыстау облыстары бұл мәселені көршілес мемлекеттерден арзанқол жұмысшылар тарту арқылы шешті. Біздер де құзырлы құрылымдарға хат жолдап, жұмыс күшін көрші елдерден тартуға рұқсат сұрап отырмыз, – деді Азамат Бисенов.

Облыс әкімі бұл мәселені жергілікті жұмысшыларға дұрыс жағдай жасау жолымен шешуді тапсырды.

Сонымен қатар жиында «ҚПО б. в.» компаниясының қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы Руслан Мұқанғалиев, «Жайық мұнай» ЖШС директоры Жомарт Даркеев, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Қуат Мусин, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шауенов аталған бағыттағы атқарылған жұмыстар турасында  баяндады.

– Біздің облыс еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда, экологиялық тұрғыдан ең таза өңір болып саналады. Осы мәртебені сақтап, келер ұрпаққа дәл осындай күйде жеткізу үшін қолдан келер шараларды жасауымыз керек. Инвесторлардың көптеп келуіне өңірдің экологиялық артықшылығы да өз септігін тигізуде. Әрине, түйткілді мәселелер де бар. Келер жылы елімізде Экологиялық кодекс күшіне енеді. Жаңа талаптарға сай болуы үшін бірқатар шараларды бүгіннен бастап қолға алуымыз керек. Бірінші кезекте қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу бойынша облысымызда ауқымды форум ұйымдастыруымыз қажет. Форумды наурыз айына жоспарлауды ұсынамын. Сол уақытқа дейін нақты біздің өңір үшін ұсыныс-пікірлер экология департаментінде жинақталсын. Жоғарыда айтқанымдай, ең таза қала болғандықтан, қалдықтарды өңдеу және жою жағынан еш мәселе туындамау керек. Әр тұрғын қандай ма болмасын тұрмыстық қалдықтарды қайда апаратынын нақты білуі керек. Сондай-ақ аудандарда салынады деп жоспарланған күл-қоқыс төгу орындарына қажетті қаражатты үнемдеу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жолымен салынуын қарастыруды тапсырамын. Егер аудандар өздері инвестор тапса, құба-құп. Ал ондай мүмкіндік болмаса, арнайы жоба жасақтап, барлық ауданды қамти алатын инвестор табуымыз керек. Олар бағасы қымбат емес полигондар салып, өздері тұрмыстық қалдықтарды қабылдап, сұрыптап, кәдеге жарата білуі тиіс. Оларға қажетті жер телімін беріп, керек десе, несие алу және субсидия төлеу жолдарын да қарастырып көрелік. Қалалар мен аудан әкімдері полигондарға арналған жерлерді берерде пайдаланылу бағыты мен заңдылығы жағын қадағалау керек. Сонымен қатар Киров-Шежін каналын салудың төртінші кезеңін жүргізуді, қала маңындағы күл-қоқыс төгетін орынның беткі қабатын қопсытуды биылғы жылдан қалдырмауымыз керек, – деді  облыс  әкімі.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.