24.01.2020, 11:24
Қараулар: 174
«Ересектердің  санасы  өзгермей, жазатайым  оқиғалар  азаймайды»

«Ересектердің  санасы  өзгермей, жазатайым  оқиғалар  азаймайды»

Сәрсенбі күні облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен қала аумағындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жайы талқыланып, шаһар көшелерін қардан тазарту жұмыстарына онлайн бақылау жүргізу қызметі таныстырылды.

– Облысымызда өткен жылы жол-көлік оқиғасының жиі орын алғаны белгілі. Бір жылдың ішінде 400-ге жуық көлік апаты болса, соның жартысынан көбі облыс орталығында тіркелді. Нақтырақ айтсақ, Орал қаласында 230 жолкөлік оқиғасы орын алып, қаза тапқандар саны өткен жылдармен салыстырғанда 40%-ға артты. Қайғылы оқиғалардың кесірінен 47 адам көз жұмып, 321 адам түрлі жарақат алды. Бүгінгі таңда бұл өңіріміздегі ең үлкен мәселелердің бірі болып отыр. Осы түйткілге орай өткен жылдың соңында қала әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктелген болатын. Бүгінгі басқосуда осы бағыттағы кешенді шаралардың орындалу барысын талқылайтын боламыз, – деді облыс әкімі.

Кеңесте сөз алған Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков тұрғындардың жолда жүру қауіпсіздігін арттыру бағытында қолға алынған және жоспарланған бірқатар шараларға тоқталып өтті.

Шаһар басшысының айтуынша, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында қалада арнайы мониторингтік топтар құрылып, жол белгілері тексеріліп, қауіпті аймақтарды анықтау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ қала тұрғындары, қоғамдық ұйым белсенділері мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен бірнеше жиын өткізілген. Сол басқосулардың қорытындысымен биылғы жылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде іс-шаралар жоспары жасақталған.

Бірінші кезекте өткен жылғы жол-көлік оқиғаларына талдаулар жасалып, апатты жағдайлар көбіне  жол жүру ережесін сақтамауынан болғандығы анықталған. Жол-көлік оқиғаларын болдырмау бағытында қала көшелерін жарықтандыру, қажет жерлерге кедергілер мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылғыларды орнату секілді техникалық жұмыстар жалғасын таппақ. Сондай-ақ бейнетіркегіштер, «ақылды қиылыстар» санын арттыру секілді смарт технологияларды дамыту күшейтілмек. Аталған мәселенің алдын алу бойынша қала тұрғындарына, соның ішінде  мектеп оқушыларына және мекеме-кәсіпорындарда жол қауіпсіздігі ережесін үйрету секілді профилактикалық шараларға да көп көңіл бөлінбек.

– Бүгінгі таңда қала көшелерінде 378 жаяу жүргінші өткелі бар.

Соның 108-і жарықтандырылмаған. Бірінші кезекте ең қауіпті деген жаяу жүргіншілерге арналған 40 өткелге ескерту батырмасын басу арқылы жанатын бағдаршамдар орнату жоспарланды. Сондай-ақ қалалық полиция басқармасының нұсқамасына және қоғам белсенділерінің ұсыныстарына сәйкес бес жерге жаңадан бағдаршам, ал жеті бағдаршамға қосымша белгі орнатылмақ. Жол апатының алдын алатын тағы бір бағыт ол көше бойындағы көлік ағынын тежейтін жасанды кедергілер орнату болып отыр. Біз тексеріс жүргізу барысында кедергіні қажет ететін 50 орынды анықтаған болатынбыз. Бірақ тұрғындармен есепті кездесу барысында және әлеуметтік желі арқылы келіп түскен өтініштер есебінен мұндай кедергі орнатуды қажет ететін жерлер саны артып отыр. Жаяу жүргіншілер жолағы орналасқан көше бөліктерін жарықтандыру мәселесі де өзекті болып тұр. Бұл бағыттағы жұмыстарға биыл 23,8 млн. теңге қаражат бөлініп, 50 жолақтың тұсы жарықтандырылмақ. Оның сыртында қала көшелерінде жаяу жүргіншілер үшін тәуліктің қараңғы мезгілінде жанып тұратын жарықдиодты компобелгілер орнату да жүзеге асырылуда. Биылғы жылы 70 жерге осындай белгі орнатылады. Сондай-ақ көшелердегі жаяу жүргіншілер жолағына күн сәулесінен қуат алатын жарықдиодты жарықтандырғыш орнатылатын болады. Биылғы жылы 50 жолақты жарықтандырсақ, алдағы уақытта демеушілердің есебінен бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Тағы бір өзекті мәселе, ол шаһарды жарықтандыру болып табылады. Бүгінде 15 мыңнан астам көше шамдарын жарықдиодты шамдармен ауыстыруға мемсатып алу аясында байқау жарияланды. Сонымен қатар қаланың 40-қа жуық көшесіне жаңадан жарық орнату жұмыстары жоспарланды. Олардың қатарында Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би секілді көшелер де бар. Бұл жұмыстар ойдағыдай іске асса, күз айларына қарай қала көшелеріне күн сәулесінен қуат алатын 35 мыңнан астам жарық шамдары орнатылады. Бүгінгі таңда жоспарланған осындай істерге де байқау жарияланды. Мердігерлер анықталысымен аталған жұмыстарды бастаймыз, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ Абат Шыныбековтың айтуынша, биылғы жылы  қала көшелеріне жаңа пластикалық  жабынмен жаяу жүргіншілер жолағы жасақталмақ. Ал шаһардағы адам көп жүретін Құрманғазы, Мұхит, Көкшетау көшелері мен Әбілқайыр хан даңғылына алты жерден биіктетілген жаяу жүргіншілер жолағы төселмек. Сонымен қатар Сырым Датов көшесі бойындағы «Алтындар» сауда үйінің және Шолохов көшесіндегі «Алтын алма» базары тұсынан жер үсті жаяу жүргіншілер өткелін жасақтау жоспарға енген. Жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын қала кіреберісіндегі республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға жолақ аралық кедергілер орнату, сол арқылы жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден өтпеуін қамтамасыз ету жұмыстары атқарылатын болады. Сондай-ақ Деркөл, Құс фабрикасы шағынаудандарының маңындағы көпірлер жарықтандырылмақ. Қаладағы Еуразия, Әбілқайыр хан даңғылдары бойынан қоғамдық көлік жүретін арнайы жолақ жасалады. Шаһар тұрғындарының ұсынысы бойынша жолдары кеңдеу бес көшеге жаяу жүргіншілер жолағы бойынан қауіпсіз алаңқай салынады.

Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатындағы жоспарымен жан-жақты таныстырған шаһар басшысы қала көшелеріне қосымша «ақылды» қиылыс камераларын орнату, түнгі мезгілде көлік жүргізушілерге алда жаяу жүргіншілер жолағы бар екенін ескертетін шамдар орнату, жол бойына полиция көлігінің макеттерін, ескерту баннерлерін орнату жұмыстарына  тоқталып  өтті.

Жиынның күн тәртібіндегі мәселені қорытындылаған облыс әкімі бірқатар шараларды қатаң бақылауды тапсырды.

– Жаяу жүргіншілер жолағын жарықтандыру секілді жұмыстарға көп қаражат кетпейді. Тиімділігін анықтап, шама келсе барлық жерге орнату керек. Мұндай шараларға қажет болса, қаражат көзін де қарастыратын боламыз. Сіз айтқан жер үсті өткелдерінің де тиімділігін тексеру керек. Егер күніне он шақты адам ғана өтетін болса, оның керегі де болмауы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені депутаттармен, қоғамдық кеңес мүшелерімен ақылдасып, шешу қажет. Жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық  жұмыстарға да аса мән беруіміз керек. Көшелерге баннер орнатып, оны жарықтандырып қойғаннан мәселе шешілмейді. Қауіпсіздікті күшейтуді насихаттауға қанша қаражат бөлінгенімен, қорытынды көңіл көншітпей отыр. Полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, өткен екі айдың ішінде көлікті мас күйінде жүргізген 270 адам тіркелген. Сондықтан алдын алу жұмыстарын мектептерден емес, ересек адамдардан бастауымыз керек. Естияр адамдардың санасы өзгермей, жауапкершілігі артпай, бұл түйткіл шешімін таппайды. Сол себепті осы бағытқа үлкен мән бергеніміз жөн. Бүгінгі айтылған жұмыстар уақтылы әрі сапалы атқарылуы керек. Әр апта және ай сайынғы басқосуда жасалған жұмыстардан нақты есептер сұралатын болады, – деді Ғали Есқалиев.

Бұдан соң облыс орталығындағы көшелерді қар тазалау жұмыстарын онлайн режімде бақылау жобасының таныстырылымы өтті. Облыс әкімдігінің тапсырмасымен қолға алынған бұл жобаның басты мақсаты – цифрлық жүйені енгізе отырып, көше тазалау жұмыстарын қадағалау, сол арқылы қазына қаражатын тиімді жұмсау  болатын.

Жиында сөз алған «Global Information Systems» ЖШС жетекшісі Александр Фоминнің айтуынша, бұл жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын оңтайландыру, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Ақылды қала» жобасын жетілдіре түсу бағытында іске асырылған.

Аталған жүйені әзірлеген компания директоры қар тазалайтын арнайы көліктердің жұмысын қалай бақылауға болатындығын іс жүзінде көрсетті. Оның айтуынша, болашақта мұндай қондырғы арқылы көше тазалайтын адамдардың жұмысына да бақылау жасауға болады екен.

Бұл жүйе арқылы қай көліктің қай көшеден, қашан қар тиегенін, төгетін орынға уақытында барып, кері қайтқандығын көріп отыруға болады. Сондай-ақ «109» қызметі арқылы әр техниканың қаншалықты тиімді жұмыс жасағанына да қадағалау жүргізіледі. Бүгінде қала тазалығына жауапты «Жайық таза қала» ЖШС меншігіндегі 120 техника осы жүйеге тіркеліп, көлік жүргізушілері толықтай оқытылған.

– Қаланың тазалығы біз үшін маңызды. Сондықтан қар тазарту жұмысын аутоматтандыруды қолға алдық. Бұл бізге жұмыстың тиімділігін арттырып, бюджет қаражатын үнемдеуге көмектеседі деп есептеймін. Шаһардың әр тұрғыны «109» қызметіне қоңырау шалып, қар тазартуға өтініш беруді білуі керек. Ал жауапты мекеме атқарылған жұмыстардың есебін қадағалап отыруы шарт, – деді  кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар