24.01.2020, 11:23
Қараулар: 304
«Биыл  қыс  бола  ма,  өзі?..»

«Биыл  қыс  бола  ма,  өзі?..»

Редакциямызға хабарласқан бір оқырман «Елудің жетеуіне келгенше биылғыдай «жылауық» қысты көрмеппін. Қыстың ең суық айы – қаңтарда қайта-қайта қар аралас жаңбыр жауады деген не масқара?! Биыл қыс бола ма, өзі?» деп өкпе-ренішін білдіріп, өзін мазалаған мәселені көлденең тартты…

Осы орайда біз де іле-шала «Қазгидромет» РММ БҚО филиалына «Кәрі құда» қашан қаһарына мінеді?» деген мазмұнда сауалымызды жолдаған болатынбыз. Ал енді ауа райын болжайтын аталмыш мекеме жолдаған мәліметке сүйенсек, қаңтар айының соңына дейін өңірімізде жиі бұрқасын соғып, қар аралас жаңбыр жауады және желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді деп күтілуде. Антлантикалық циклонның облысымызға жиі енуіне байланысты бүгін және ертең, яғни 24-25 қаңтарда -15 — 20ºС аяз болады. Сонымен қатар қаңтар айының соңғы күндері қар аралас жаңбыр жауып, салдарынан көктайғақ болуы бек мүмкін. Ауа температурасы күндіз 0 -7ºС, ал түнде -5 -15ºС аязды көрсетеді.

Ал ақпан айының орташа айлық температурасы 0-ден -11ºС аралығын құрамақ. Алғашқы онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы төмендеп, аяз болады деп күтілуде. Екінші онкүндікте ауа температурасы түнде -13 — 18ºС, кей жерлерде -23ºС аяз болады. Үшінші онкүндікте түнде -5 -10ºС аяз, күндіз 0 -5ºС аяздан кей жерлерде 0 — +5ºС дейін ауытқиды. Ақпан айында да жаңбыр мен қар аралас жауып, үшінші онкүндіктің ортасы мен соңында кей жерлерде тұман, көктайғақ болуы ықтимал.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар