20.01.2020, 21:04
Қараулар: 349
Тектілік

Тектілік

Ойшыл,  ақын  Ғұмар  Қараш  қазақ халқының ағартушылық  жолында  талмай  еңбек  етті.  Қазақ баспасөзінің  іргесінің  нығаюына  үлес  қосты.  Ақынның  Қадыр,  Басыр,  Бұрхан,  Әлихан есімді  ұлдары,Таназия,  Хамида  есімді қыздары болған. 1930  жылы  Бұрханның Надежда  атты  қызы  дүниеге келеді.

Кеңестік кезеңде Ғұмар еңбектерін оқуға, таратуға, тіпті есімін атауға тыйым салынды. Соған байланысты оның шығармашылығына қатысты зерттеулер кең көлемде жүргізілмеді. Қазақ тарихындағы тұлғалар туралы қандай да бір дерек табылса, қалың алаш қасқалдақтың қанындай қадірлеп, бір жасап қалады. Айтқымыз келгені, Мәскеуде Ғұмардың асыл ұрпағы, білімді де білікті немересі Надежда Қарашеваның өмір сүріп жатқаны қазаққа беймәлім болып келді.

«Жайық Пресс» ЖШС-ын басқарған кезде өлкетану тарихына байланысты біраз жобаны жүзеге асырған, қазіргі уақытта облыстық тарих және археология орталығына жетекшілік ететін Жантас Сафуллин Мәскеуге барып, ақын ұрпағымен тілдесіп, Ғұмар Қараштың өмір жолына қатысты біраз қызғылықты деректі ғылыми айналымға енгізді.

Надежда Бұрханқызы Орал қаласында дүниеге келген. 1948 жылы Алматыда орыс мектебін алтын медальмен тәмамдаған. 1953 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі филология факультетінің шығыс бөлімін қызыл дипломмен тәмамдаған. 1953-1962 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл, әдебиет және өнер институтында қызмет еткен. «ХХ ғасырдың басындағы қазақ көркемсөзіндегі грамматикалық тіл ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1963 жылы жұбайының жұмыс орнын ауыстыруына байланысты Мәскеу қаласына барып, отбасымен тұрақтайды. Екі қыз тәрбиелеп өсіреді. Өмірінің соңғы кезеңінде Ресей Білім академиясының филологиялық орталығында ғылыми хатшы болып еңбек еткен. 2019 жылы 30 желтоқсан күні Ғұмардың текті ұрпағы Надежда Қарашева өмірден  озды.

Тектілік емей немене, ататегін құжат негізінде көзінің қарашығындай сақтап өтсе. Алмағайып заманда ұлтқа қызмет еткен арда азаматтардың ұрпағы да қудалауға ұшырағаны мәлім. Мәселен, Ғұмардың тұңғыш ұлы Қадыр Астрахандағы реальный училищеде оқып, Казталовка ауданына қайтып келген. 1922 жылы кісі қолынан қаза тапқан. Оның өліміне себеп болған жайт беймәлім күйінде қалған. Надежданың әкесі Бұрхан отызыншы жылдары Мәскеудің Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясында білім алған. Алматыға келіп, Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет істеген. Бірақ қырқыншы жылдары қудалау тағы басталып, заман райын аңғарған соң, Талдықорған облысына көшіп келеді.

Осында ауыл шаруашылығы техникумының директоры қызметін атқарады. Надежда Қарашеваға ағасы Басыр Ғұмар атасы туралы әңгімелейтін. Ал Бұрхан, керісінше, «ақын есімі ақталатын күні» болатынын айтып, қызмет бабына әрі ұрпақ қамын ойлауына байланысты шы-ғар, осы тақырыпта біліп-түйгенін жұмбақ  күйінде  қалдырып  отырған.

Десе де, Надежда Бұрханқызы ғұмыр бойына Ғұмар атасының алаш үшін қызмет еткенін ұмытпаған, тіпті ұлықтаған. Жастық шағынан бастап ақын шығармашылығына бірден назар аудармағанына, дендей зерттей алмағанына өкінетінін қазақ басылымдарына берген сұхбаттарында атап өткен. Баба алдындағы парызын жете түсінгеннен туындаған өкініш еді бұл. Бірақ ұрпағы қол қусырып отырмаған.

Надежда Қарашева Алматы қаласындағы Қазақ КСР ғылым академиясында ғылыми хатшы болып он жыл еңбек етті. Аспиранттың кандидаттық диссертациясын қорғауына белгілі қаламгер, әдебиет сыншыларынан Есмағамбет Ысмайлов, Мұхтар Әуезов, Мұхамеджан Қаратаев қатысқан. Диссертацияға қазақтың алғашқы журналы «Айқаптың» жазу стилі, тіл ерекшелігі арқау болды. Тың тақырып болған соң шығар, академия президенті Дінмұхаммед Қонаевтың өзі қызығушылық танытып, диссертацияны қорғауда куәгер болған.

Жас ғалым қазақтың қабырғалы қаламгерлері Есмағамбет Ысмайлов, Мұхтар Әуезовпен бірге еңбек еткен. Бірақ екеуі де Ғұмар туралы әңгіме айтпаған. Тіпті сол кезеңде тыйым салынған алаш қайраткерлері қатарында ақын есімі бар екенін, диссертация қорғайтын кезде атап өтпеуі тиіс екенін ескерткен. Қазақ баспасөзінің қалыптасуына үлес қосқан, халықты ояту мақсатында еңбек еткен Ғұмар Қараштың еңбектері «Айқапта» жарияланғанына ұрпағы көз жеткізген-тұғын. Бірақ кейін ғалым Есмағамбет Ысмайлов «Ғұмар – Абайдан кейінгі дәуірде ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде іргелі орын алатын ірі классикалық ақын, қазақтың жазба, көркем әдебиетін дамытуда, әдебиет тілін қалыптастыруда Ғұмардың тарихи еңбегі зор» деп өз бағасын берді. Тіл, әдебиет және өнер институтында еңбек еткен кезінде Ғұмар Қараштың немересі Надежда Бұрханқызы, белгілі тіл маманы Рәбиға Сыздықова, Әуезов шығармашылығын зерттеуші Евгения Лизунова бір-бірін дос тұтқан. Үшеуімен де сыйлас, аралас-құралас болған Мұхтар Омарханұлы 1961 жылы Мәскеудегі ауруханада жатқанда, хал-жағдайын баяндап, елге аман оралатынына сендіріп, қазақтың  аяулы қыздарына хат жолдайды. Бұл – отадан кейін қайтыс болған жазушының соңғы хаты еді.

Надежда Бұрханқызы Мәскеудегі Ресей Білім академиясының филология орталығында еңбек етті. Тіл мәселелері және тілді оқыту әдістемесі жөнінде 120 еңбек жариялады. Жұбайының жұмыс сапарына байланысты Пәкістан, Малайзия, Бирма, Йемен елдерінде болған кезінде кітапханаларын аралайтын. Кітапханалардан Ғұмардың шығыс тілдерінде басылған бірекі кітабын тапқан. Кейін өзі де «Ғұмар Қарашев» атты шағын кітапты орыс тілінде бастырып, Ресейдегі ғылыми ортаға шығармаларын танытуға тырысқан. Ғұмар Қараштың немересі Надежда Бұрханқызы 90 жылдай өмір сүріп,  қайтыс  болды.

– Қаралы хабарды қызы Лола электронды поштама 3 қаңтар күні жолдаған екен. Надежда Қарашевамен Мәскеуде алғаш кездескенімде Ғұмар атамызға қатысты жинаған барлық шығарманы қолыма аманаттап тапсырған. Осы материал негізінде жарыққа шыққан үш томдықты 2018 жылы өз қолына табыстап едім.  Алғысын айтып, батасын беріп, елге сәлем айтқан. Сол кезде денсаулығы сыр бергені байқалған… Терең білімді, кең мінезді, текті адаммен таныс болып, сұхбаттасқаныма өзімді бақытты санаймын. Ғұмар Қараш туралы көп мұра қалдырған туған немересі, Ресейде мойындалған Надежда апамыз – ақынның өмірбаяны мен шығармаларын орыс тіліне аударып, жинақ шығарған алғашқы ғалым. Ес білгеннен саналы өмірін ақырына дейін халыққа адал қызмет еткен текті әулеттің бір өкілі мәңгілікке аттанды, – деп жазды әлеуметтік желіде Ғұмар Қараш еңбегін кеңінен зерттеген  Жантас  Сафуллин.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар