20.01.2020, 20:51
Қараулар: 372
Мал  экспортына  тыйым  салды

Мал  экспортына  тыйым  салды

Елімізде төрт түліктің, әсіресе, сиыр малы мен қойдың тірілей салмақта жаппай экспортталуы ет өнімдеріне бағаның өсуіне негіз болып отыр. Сондай-ақ ет өңдеу кәсіпорындары мен бордақылау алаңдарының жүктемесі айтарлықтай төмендеп кетті. Мәселен, былтыр ет өңдеу кәсіпорындары өндірістік әлеуетінің жартысын да пайдалана алмаған. Оған малдың тірілей жаппай экспортталуы салдарынан болған шикізат тапшылығы әсер еткен. Орын алған жағдайға орай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті шаралар алуда.

Аталмыш министрлікке сілтеме жасап, Тengrinews.kz сайтының хабарлауынша, АӨК-ны дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ҚР АШМ-ның алдында қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр. Осы  міндеттемеге және бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарының өтініштеріне сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы және ҚР Қаржы министрліктерінің 2019 жылғы 21 қазандағы «Ауыл шаруашылығы малдарын шығарудың кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Аталмыш бұйрық тек аналық мал басының экспортын уақытша шектейтін. Енді барлық ірі қара мен ұсақ малдардың жыныстық, жастық топтары бойынша тірілей салмақта өзге елдерге шығаруға (экспорттауға) толық тыйым салынады.

Бұл құжаттың жобасы салалық сараптама ұйымдарымен және облыс әкімдіктерімен келісіліп, «Атамекен» ҰКП оң қорытындысын алды. Сонымен қатар Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясымен мақұлданды. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік құрылымдармен келісім шаралары  жүргізілуде.

«Енгізілген өзгерістер таяу жылдары еліміздегі мал басын сақтап, көбейтуге, отандық ет комбинаттарын қолайлы баға арқылы сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге және өнім өңдеу өндірісі мен экспортын арттыруға мүмкіндік бермекші» деп баяндалған ҚР Ауыл шаруашылығы  министрлігінің  хабарламасында.

Айта кету керек, өткен жылы Қазақстаннан шетелге 156 мың бас ірі қара мал шығарылған. Оның 78 пайызы Өзбекстанға, 14 пайызы Армения еліне экспортталған.  Шетел асқан 264 мың бас қойдың жартысынан астамы аналық бас екен. Ұсақ малдың басым бөлігі (76 пайыз) Өзбекстанға, қалғаны Ресей (8,1 пайыз), Әзірбайжан (6,7 пайыз), Иран (4,5 пайыз) елдеріне  тасымалданыпты.

Мәди  ЫҚЫЛАС

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар