20.01.2020, 20:51
Қараулар: 333
«Терминал жолаушыларға  тиімді  әрі  ыңғайлы  болуы  керек»

«Терминал жолаушыларға  тиімді  әрі  ыңғайлы  болуы  керек»

Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиев «Орал» халықаралық әуежайы терминалының қайта қалпына келтіру жұмысының жаңа сызба-жобасымен  танысты.

Бұл жұмыстар өткен жылы тамыз айында басталған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов айтып өткендей, былтыр күзде мердігер компания жасырын ақауларды анықтаған. Осыған байланысты зерттеу жүргізуге Қазақ мемлекеттік ғылыми зерттеу және жобалау институтын тарту жөнінде шешім қабылданды. Зерттеу нәтижесінде әуежай терминалы ғимаратының қабырғасы және көтергіш құралдары тозғаны анықталды. Осыны негізге ала отырып, жобаны қайта қарау жоспарланған. Осыған  байланысты жобаны жасаған «EDLI & CO» компаниясы өздерінің өкілеттілігін жергілікті «Кульман» ЖШС-ға тапсырған.

Қазір аталған жобаға түзету жүргізілуде. Әуежайдың жаңа сызба-жобасымен жобаның бас сәулетшісі Нариман Ескендіров  таныстырды.  Оның сөзінше, ғимарат заманауи үлгіге ие болып, архитектурасы, дизайны мен қасбеті өзгереді.

– Қайта қалпына келтіргенге дейін ескі ғимараттың аумағы 3850 шаршы метр болды. Жөндеуден соң 7 мың шаршы метр шамасына кеңейеді. Терминал жаңарғаннан кейін оның өткізу мүмкіндігі са-ғатына 200 адам болады. Ұшу алаңының көлемі бұрынғы жобадағыдай сақталады. Әйнек пен металл жабдықтар пайдаланылады, – деді бас сәулетші.

Бұл жобада  бұрын болмаған «жабық трапты» орнату технологиясы қарастырылады. Сөйтіп, болашақта жолаушылар ұшақтан бірден әуежайға түсе алады.

– Әуежай терминалы заманауи үлгіде салынып, көз тартып тұруы қажет. Сырты әйнекпен қапталып, ашық-жарық болғаны жөн.

Функционалды, әр шаршы метрі жолаушылар үшін тиімді әрі ыңғайлы болуы керек. Орал «жасыл» қала саналады. Сондықтан да терминалдың айналасын көгалдандыруға жіті көңіл бөлген дұрыс. Келген жолаушылар шаһардың заманауи үлгідегі, таза қала екенін сезінгені жөн. Меніңше, асфальт пен өрнектасты аз пайдаланып, көгалдандыруға көп көңіл бөлу керек. Құрылыс жұмысының  құны   жоба аяқталған соң белгілі болмақ. Бірақ бұрынғы 2,4 млрд. теңгеден көп қымбаттамайды. Жалпы құрылысты келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр, – деді облыс басшысы. Сонымен қатар әкім әуежайдың ұшу алаңына жақын маңда заңсыз салынған не құрылысы енді басталған нысандардың бар-жоғын пысықтап, әуежай маңындағы талаптардың қатаң сақталуы қажет екенін айтты.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар