20.01.2020, 20:42
Қараулар: 390
Тоқсан  деген  төре жастың  тағында…

Тоқсан  деген  төре жастың  тағында…

Адам баласының бойында төңірегіне шұғыла шашып жүретін талай-талай тамаша адами қасиеттер болады десек, солардың арасында таңғы самалдай майда, терең судай тыныш, жібектей жұмсақ, мамықтай жайлы болып келетін мейірімділік деген қымбат қасиет айрықша бөлектеніп тұратындай. Сирек ұшырасатын  және сонысымен де орны бөлекше, ешқашан және ешқандай жағдайда тот баспайтын асыл тас секілді ескірмейтін, өзгермейтін жағымды әрі жұғымды адами мінез. Еліне бір адамдай еңбек сіңірген, сол үшін де қалың қауым халқы арасында ерекше құрметке бөленіп келе жатқан абыз ақсақал және де, ең бастысы, бұл күндері жарық дүниедегі жасы тоқсанға толып отырған мерейгер Тауасих Мырзағалиев ағамыздың бойына Жаратқан ием осы мейірімділік пен кісілік қасиетті берудей-ақ берген секілді.

Бүкіл саналы ғұмырын білікті басшы, қарымды қайраткер санатында өткерген Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, есімі «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты энциклопедиялық көптомдыққа енген ардагер, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы Тауасих ағамыз, Құдайға шүкір, жасы тоқсанға келсе де, ортамызда бұрынғыдай аман-есен жүріп жатыр. Бұл кісіге қарап тұрып, оны сегіз мүшелден астам ғұмыр кешкен кәрия деуге ау-зың бармайды. Бой-сойы баяғы қалпындай тіп-тік. Жүріс-тұрысы ширақ. Санасы самаладай ашық. Күнделікті тұрмысы мен тіршілігі де барынша белсенді. Жарты ғасырға жуық ел басқарған шағында қарамағында болған қалың қауымға көрсеткен риясыз қамқорлығы, жасаған сансыз жақсылықтары, адал пейілі мен ақ ниеті үшін, жаңағы біз айтқан адами мейірімділігінің қайтарым-қарымы, қалтқысыз қиуазы ретінде Алла тағаланың нәсіп еткен шексіз нығметі болар.

Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіре сала, жиырма бес жасынан бастап жауапты басшылық жұмыстарға араласа бастаған ағамыздың сан сатылы билік баспалдақтарында болған әкімшілік қызметінің барысын бастан-аяқ баяндап жатудың қажеті болмас, өйткені бұл кісінің  басшы ретіндегі іскерлігі мен адами қасиеттеріне жерлестері әбден қанық болуы тиіс.

Елу тоғызыншы жылдың жазында бұл кісі сол кездегі «Орда» кеңшарының (кейінгі «Бисен» кеңшары) директоры қызметіне  тағайындалады. Міне, осы қызметінде-ақ бар болғаны жиырма тоғыз жасар жас басшы келешекте шаруаға мығым, жұртына жұғымды, халқына қамқор, елінің қажетін емеурінінен тани білетін әкімшілік-басқару ісінің нағыз сұңғыла шебері дәрежесіне дейін көтеріле алды. Бір қызықтысы, бұл кісінің бұдан былайғы бүкіл саналы ғұмыры мен еңбек жолы тек қана осы Бөкей ордасының атымен байланысты болып келеді екен. Сондықтан да оны өз елі бейнелі түрде бөкейліктің «Жәң-гірден кейінгі соңғы ханы» деп атап кеткен.

Бөкейлік ел-жұрттың, сондай-ақ жоғары жақта, ат үстінде жүрген ел азаматтарының қасіретті Нарын тағдырына әлсін-әлсін білдірген алаңдаушылығы нәтижесінде, жұрттың көптен бергі арман-тілегі ішінара орындалғандай болып, алпыс төртінші жылы қасиетті Хан ордасының ізінде жаңадан іргелі шаруашылық ұйымдастыру туралы үкімет шешімі қабылданады. Әрине, жергілікті халықтың басты тілегі осыдан жиырма жыл бұрын күшпен таратылған бұрынғы Орда ауданының тұтастай қайта қалпына келтірілуі болатын, дегенмен «түйе сұрап, бие алғандай» осы өзгерістің өзі де шүкіршілік айтуға тұрарлықтай жеңіс еді. Осыған орай бұрынғы «Орда» кеңшарының атауы ендігі жерде «Бисен» кеңшары болып өзгертіледі де, қасиетті «Орда» атауы жаңадан ұйымдастырылатын кеңшарға беріледі.

Естуімізше, осы жаңа кеңшарға директор тағайындау мәселесінің маңыздылығы кәдімгі хан сайлауынан кем болмаған тәрізді, өйткені көптің қалауымен қайта тіріле бастаған қасиетті мекенді басқарудың тізгінін кез келген адамға (ортанқол басшылардың біріне) тапсыра салуға болмайтынды. Бұған ең алдымен Алматыда отырған «бөкейлік сұлтандардың бүгінгі ұрпақтары» келісім бермесі анық, ал олардың келісімінсіз «хан тағына отыруға» ешкімнің құқығы жоқ. Дәстүр солай.

Осындай жағдайда аудан, қала берді, облыс басшыларына әлгі «алматылық сұлтандардың» көңілінен шыға алатындай лайықты кадр таңдау оңай болмағанға ұқсайды. Аудан басшыларының тоқтамы – мәселенің басы ғана. Дұрысында, мәселенің ең түйіндісі әлгі айтқан «алматылықтардың»  келісімін алу еді. Сөйтіп, Алматыға сапар шегіп, ондағы бөкейлік ақсақалдардың (атап айтқанда, белгілі ғалым әрі мемлекет қайраткері Хамит Чурин, ақын Тайыр Жароков, қоғам қайраткері Айташ Жұбаншалиев, соғыс ардагері Шүкір Шағыров және басқалары) сынағынан өтіп, батасын алған соң ғана жаңа қызметіне кіріскенін Тәкең ағамыз аракідік әңгімелеп қоятыны бар.

«Мен білмеген бір жағдай, – деп жазады Тауасих ағамыз өзінің «Дөңгеленген дүние» деп аталатын естелік кітабында, – олар (жаңағы біз әңгімелеген «алматылық сұлтандар». Ғ.К.) республиканың басқару органдарының алдына Орда ауданын қайтадан құру жөнінде патриоттық пиғылмен дүркін-дүркін мәселе қойып жүрген болып шықты. Үкімет аудан емес, әзірше Орда ауылында совхоз ұйымдастыруға келісім беріп отырғанын айтты. Әз ағалар сол жерде менің алдыма тағы бір тосын сырды жайып салды. «Мына отырған Тайыр ағаң елу жылдығына байланысты елге барғанда саған көзі түсіп, болашақта Орданы басқаруға лайықты жігіт деп келген. Сондықтан туған жерімізде ұйымдастырылатын сов-хоздың директорлығына өзіңді қолайлы көріп отырмыз. Бұл мәселені ойлағанымыздай шешу – біздің мойнымызда, ал Орданы бұрынғы тарихи атақ-даңқына сай қайта түлету, елдік бейнесін қалпына келтіру – сенің міндетің», десті.

Тұжырып айтқанда, ағамыз аталған кеңшардың шаруасын өзіне бата берген сол бөкейлік ақсақалдардың «алыстан басқаруымен», әрі олардың сенімдеріне қылау түсірмей, ширек ғасыр бойы табан аудармастан табысты жүргізе алды. Келе-келе оған енді бұрынғы Бөкей ордасының ізіндегі үлкен аумақтық құрылым – Орда ауданының  бірінші басшысы қызметін атқару тапсы-рылған кезде де ағамыз сол «алматылық сұлтандардың» ама-натын есте ұстай жүре, табысты еңбек етті. Бүгінгі бүкіл бөкейлік қауымның шексіз құрметі мен қошеметі Тәкеңе саналы ғұмыры бойында атқарған осы екі қызметі арқылы келді десе болады. «Бедел, құрмет деген адамның өз басының қадір-қасиетіне қарай болады екен, – деп еске алады ардагер аға. – Қандай адамды да кісілікпен қадірлей білгенім жасым ұлғайған шақта алдымнан күн нұрындай шуақ болып шашылғанын көрдім».

Зейнетке шыққан соң ағамыздың жанұясы тұрмыс жағдайына орай Алматыға қоныс аударады. Бұл өзі жалпы исі қазаққа ортақ әрі қай өңірдің тумасын да жатсынбайтын, өзі қандай көрікті болса, аймақтардан қоныс аударып келгенге құшағы да сондай ашық, қадірі бөлек қонақжай да қала ғой. Содан да болар, мұнда бүкіл Орал өңірін былай қойғанда, түп тамыры бөкейлік жанұялар көптеп саналады. Және де бір атап айтарлығы, солардың барлығы дерлік тығыз ынтымақта, жерлестік-ауылдастық жағдайында, аралас-құралас ғұмыр кешеді. Әлсін-әлсін бірімен-бірі хабарласып, ресми не отбасылық мейрамдармен құттықтасып жатады, елжірей әңгіме оздырып, ел жақтан алған жаңалықтарын бөліседі. Ресми және халықтық мерекелерде жанұяларымен бас қосып, арқа-жарқа жамырасып қалысады. Міне, осындай басқосулардың барлығында жерлестер жиынының сәнін келтіріп, төредей болып төрімізде отыратын абызымыз – осы Тауасих ағамыз.

Тәкең бүгінгі күндері Алматыда тұрып жатқан бөкейліктердің бірқатарын (әсіресе, жастар жағын) жүзбе-жүз танымаса да, жөн-жосық сұраса келе:

«Е-е, сен әлгі пәленшенің баласы (қызы, немересі, жиені) екенсің ғой, білемін-білемін ол кісіні», деп бәр-бәрін танып шығып жатады. Сонсоң жаңағы өзі айтқан «пәленшекең» туралы өттікетті әңгімелердің тиегін ағытады-ай дейсің! Осындай отырыс-тардың қайбірінде ол кісі менің Хамидолла ағамды да аракідік есіне алып отыратыны өз басым үшін айрықша сүйінішті.

– «Орда» кеңшарына директор болып барғанымда алғаш рет танысып, жақсы жолдас болып кеткен құрдасым еді, – деп бас-тар еді ағамыз естелік әңгімесін. – Мен болсам, жұмысқа жаңадан келген жас директормын. Ол болса, трактор бригадасының бригадирі-ді. Аралсордың ішкі қойнауында талай жыл орақ тимеген қауданды шабындықтың шөбін шабуға соның бригадасын жұм-сағам. Жас кезіміз, әрі отбасым көшіп келмей, сыбай-салтаң жүрген шағым. Жұмыстан қажып, бір уақ тынығып алғым келгенде салып-ұрып сол Хамидолла құрдасымның бригадасына тартып кетуші ем. Әрі құрдасымның Нәсіпханым деген әдемі келіншегі де қолы ашық, қонақжай кісіді. Несін айтасың, өтті ғой талай-талай думанды күндер!..

Айтқандайын, ана бір жылы Жәнібек кентінде сол Нәсіпханым жеңгемнің мерейжасқа толуын атап өткеніміз бар. Мерейтой үстінде ол кісіге Алматыдан ескі танысы Тауасих аға-ның арнайы сәлемін жеткізгем. Той өтіп, қайтар жолға жинала бастаған күні, байқаймын, жеңге-міздің кенже баласы қой қорада бір дәу ісекті жайратып салып, сойып жатыр. «Той өтті ғой, мы-науыңыз кімнің сыбағасы?», деймін жеңгеме. «Анау Тауасих құрдасыма арналған той сыбағасы. Барған бойда үйлеріңе қонаққа шақырып, «елдің дәмі» деп ұсыныңдар!», деп тапсырып жатыр  жеңгеміз.

Тәкеңнің бүгінгі тұрмысында ол кісіге елдің құрмет-ықыласын білдіретін бұл секілді мысалдар  жиі  болып  тұрады.

Әрине, адамның өмірі – сайрап жатқан даңғыл жол емес, бұралаң-бұлтарысы көп соқтықпалы соқпақ. Және де ол тек жетістіктер мен жеңістерден ғана тұрмайды, қуаныштары мен күрсіністері қатар жүретін аумалы-төкпелі ахуал.

Осы тұрғыдан алғанда, Тауасих ағамыз да жалаулы жеңістермен қатар, етектен тартқан еңістерді де, шарасынан аса төгілген шаттық-қуаныштармен бірге, қабыр-ғаны қайыстырған қайғылы сәттерді де бастан өткерді. Осындай зауалдарды иықпен көтеруге мәжбүр болған өзге пенделерден өзгешелігі, ағамыз ауыр шақтарда тағдыры тап келтірген қиындықтардың барлығына рухы күшті биік тұлға ретінде төтеп бере алды. Әсіресе, жас ортасынан ауған шағында үш қыз-дың ортасындағы жалғыз ұлы Қосмұраты және жан жары – аяулы Сәуле апай айықпас ауыр дертке ұшырап, о дүниелік болып кеткен қайғылы күндерде, басына түскен зілді зауалдан жүрегі қан жылап жүрсе де, әлде бір әлжуаз адамдардай еңсесі езіліп, мүжіліп кетпей, тез есін жиды, еңсесін көтеріп, бойын жинай білді. Ұғынған кісіге, мұның өзі де ағаның айналасындағы қаумалаған қалың топ інілеріне көрсеткен өзіндік бір өмірлік үлгісі еді. Әсіресе, Сәуле апамызды еске алған сағынышты сәттерде ағамыздың: «Жарықтық, ақылы ерен, әулие адам еді ғой, ұлының қайғысына қоса ұзақ ауырып, енді қайтып аяғынан тұрып кете алмасын анық сезінген сәтінде мені мұндай ауырт-палықтарды қайыспай көтере білуге, түбінде тап болатын пен-делік жалғыздыққа дайындап кеткен еді ғой», – деп отыратыны бар.

Ағамыз осындай сезімге беріліп, жан жарын емірене есіне алған сәттерінде аяулы Сәуле апамыздың асыл бейнесі біздің де жадымызда жаңғырып жүре берер еді, өйткені ол кісі біздің ұстазымыз болатын. Өткен ғасырдың сонау елуінші жылдарының орта шенінде Хан ордасындағы орта мектепте осы Сәуле апа-мыздың да дәрісін тыңдағанбыз. Алматыдағы қыздар педагогикалық институтын жаңадан ғана бітіріп келген, жүзінен нұры төгілген жап-жас қыз еді. Мейірімі мөлдіреп тұратын аса сүйкімді кісі еді. Физика дегеніңіз ылғи бір заңдар мен ережелерге ғана бағынатын күрделі пән ғой, Сәуле мұғалім сабақ сұраған қайбір сәттерде жөні түзу жауап бере алмай, мынадай мейірімді ұстаздың көңілін қалдырғанымызға кәдімгідей  ұялушы  едік.

Бұл күнде Тауасих ағамыздың кәрілік пен жалғыздықты сезіну түге, ол жайында ойлауға да уақыты жоқ. Қашан көрсең де, қашан хабарлассаң да қызу қозғалыста. Бірде өзі жарты ғасырға жуық еңбек еткен Бөкей ордасындағы жерлестеріне, енді бірде Оралдағы өзі құралпы замандас кәрияларға хабарласып, не олар бұл кісіге хабарласып, қауқылдаса аман-саулық сұрасып жатқаны. Тағы бірде Орал мен Нұр-Сұлтандағы қыз-күйеулеріне, Семейдегі не Меркідегі құдаларына баруға асығыс жиналып жатқаны, не солардан қуана оралып жатқаны. Қала берді, күн құрғатпай өзін қуаныш-тойларына шақырған жерлестері мен іні-келіндерінің дастарқандарының төрінде, ағынан төгіле ақ батасын беріп, ақтарыла әңгіме айтып отырғаны.

Осыдан дәл он жыл бұрын Тауасих ағамыз сексен жасқа толып, әрісі сонау Хан Ордасынан, берісі Орал мен астанадан, сондай-ақ Қазақстанның әр өңірінен құйындай құйылған құттықтаулардың «астында қалды». Мерейжас салтанатының әуелеген шырқау биігіндей болып Алматыдағы осы заманғы элиталық мейрамханалардың бірінде дүрілдеген той өтті. Ағамыздың өркен жайған ұрпағы, еліміздің әр қиырындағы құда-жекжаттары, дос-жолдастары, туған топырағы – Батыс Қазақстан облысынан келген арнайы делегация, қыс-қасы, той қонақтары толайым жиналған осы мерейтойда қызу-қызу құттықтау сөздер сөйленіп, ықыласты тілектердің тиегі ағытылды. Кезегіміз келгенде біздер, төңірегінде жүрген бір топ інілері де ағамызды інілік ілтипатпен құттықтап, аяғында қызақыза былай деп өлеңдетіп жі-бергеніміз де бар еді:

Сескенетін жас емес сексеніңіз,

Әлі-ақ қайта жанады өшкеніңіз.

Шалдың көңілін сәт сайын жасартады ,

Шулап жүрсе шөбере-шөпшегіңіз.

Тоқсанда да осылай топ алдында,

Таққа мініп отырам деп сеніңіз!

Кім біледі, аузымызға құдай салған болар, ағамыз бұл күндері тоқсан жастың тағында нық отыр. «Тоқсан – төре жас» деген екен бұрынғылар, ендеше, осы төре жастың төрінен еліне еңбегі сіңген айтулы ардагерге, ұрпағына татымды тәлім айта білген абыз ақсақалға алдағы уақытта  да ауру-сырқаудан ада ұзақ ғұмыр тілейміз.

 Ғарифолла КӨШЕНОВ,
Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген қызметкері,
Алматы  қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар