20.01.2020, 20:08
Қараулар: 570
Алдияр  ХАЛЕЛОВ, Тасқала  ауданының  әкімі: «Ауданның  логистикалық  әлеуетінің  тиімділік  коэффициентін  арттыру жіті  назарда»

Алдияр  ХАЛЕЛОВ, Тасқала  ауданының  әкімі: «Ауданның  логистикалық  әлеуетінің  тиімділік  коэффициентін  арттыру жіті  назарда»

– Алдияр Сансызбайұлы, Тасқала – кезінде егін де салған, мал да өсірген аудан. Ал ауданның қазіргі экономикалық өзегі қай сала? Облыстың бидай және ет экспортына қаншалықты үлес қосудасыздар?

– Біздің ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға баса назар аударылады. Аграрлық аудан болғандықтан барлық мүмкіндікті пайдаланып, аталмыш салаға инвестиция тарту, инновациялық технологияны кеңінен қолдану, сондай-ақ индустрияландырудың игіліктерінен қалыс қалмау да жіті назарымызда. Бірден айта кетейін, мал және егін шаруашылығын бір-бірінен бөліп қарай алмаймыз. Ауыл шаруашылығының қос қанатын қатар жетілдіру – маңызды міндет. Мал басы жыл санап көбейіп келеді. Егіс көлемін де ұлғайту жүзеге аса бастады. Аудан аумағындағы егін көлемін 60 мың гектарға жеткізу  жоспарда.

Мал шаруашылығының көсегесін көгерту үшін ең бірінші кезекте мал азығы мәселесін түбегейлі шешіп алу шарт. Жем-шөпті ешқайдан тасымайтын, ешкімнен қымбатқа сатып алмайтын, өзіміз өндіретін және ол өнім ауданды толық қамтамасыз еткен күнде ауыл шаруашылығының дамуы күрт қарқын алатыны даусыз.

Суармалы жер көлемін арттыру – біз көздеп отырған негізгі бағыттардың бірі. Ол үшін әр елді мекеннің маңындағы су бөгеттерін қайта қалпына келтіру керек. Бұл жұмысты біртіндеп бастап кеттік. Мысалы, былтыр Тасқала және Ақтау ауылының төңірегіндегі су бөгеттерін қайта қалпына келтіру үшін 260 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжат  дайындалды.

Тасқала ауданының Мереке, Қазақстан және Шежін ауылдық округтерінің аумағымен 1975 жылы салынған ұзындығы 448,3 шақырым Жайықбай суландыру арнасы өтеді. Жалпы, канал атаулы өз бойында орналасқан шаруа қожалықтары мен елді мекендерге мал шаруашылығымен айналысуға тікелей көмегін тигізеді. Жаңағы Жайықбай суландыру жүйесінің бойында 19 тоған қазылып, 17 шлюз орнатылып, 5 көпір жасалған. Канал бойында 22 ауыл шаруашылығы құрылымына жер телімдері берілген. Кезінде 90 мың бастан астам малды сумен қамтыған Жайықбай каналын қайта іске қосу ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі серпін береді. Сол себепті біз бұл нысанның жобалық-сметалық құжатын жасақтап  қойдық.

Ауыл-аймақ, ел-жұрт үшін тағы бір өзекті мәселе – өндірілген өнімнің тұтынушыға жол тартуы. Өндірілген ет өнімдерін ішкі нарыққа қоса, экспортқа шығару жолдары да қарастырылуы керек. Қазіргі уақытта біздің малды жақын шет елден келіп, тірі күйінде арзан бағаға сатып алып кететін жағдайлар ұшырасады. Бұл өзіміздегі бардан айырылу.

Қолдағы малды бордақылап, ет күйінде сату өндірушіге де, тұтынушыға  да  тиімді  болмақ.

Алдағы уақытта ет өндірісін дамытуға тасқалалықтардың мүмкіндігі арта түспек. 2019 жылдың басынан бері Бірлік ауылында «Taskala-Et BKO» ЖШС 5120 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салып жатыр (жоба құны – 1,3 млрд. теңге). Осы нысан алдағы мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бордақылау алаңы іске қосылған соң аудандағы саттыққа шығарылған малдың барлығы осы орталықта бордақыланып, ішкі нарыққа немесе экспортқа жөнелтілетін болады.

Ауданда мал басын көбейту және мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Осыдан 5-6 жыл бұрын ауданымызда асыл тұқымды сиыр малын өсіруге маманданған екі-ақ шаруа қожалығы болған болса, бүгіндері асыл тұқымды ірі қараға ден қойған 12 шаруа қожалығы және асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналысатын 1 коммерциялық емес акционерлік қоғам бар. Аудан бойынша 2472 асыл тұқымды сиыр малы, 2272 асыл тұқымды қой және  107 көшім  жылқысы  бар.

Ауыл шаруашылығын ілгерілетуде заманауи техниканың атқарар рөлі ерекше. Биыл «Жантемір» шаруа қожалығы 153 млн. теңгеге егін егу кешенін сатып алмақ. Сонымен қатар «Арғымақ» шаруа қожалығы «Джон Дир» комбайнын (бағасы – 43 млн. теңге), «Джон Дир» тракторын (бағасы – 22 млн. теңге) және дәнсепкіш (6 млн. теңге) алмақшы.

Тасқала ауданы үшін дәстүрлі егін және мал шаруашылығына қоса, біз құс шаруашылығын естен шығармауымыз керек. Жеке құс шаруашылығы –  қысқа уақытта отбасылық табысты еселей түсуге таптырмайтын төте  жол. Өткен жылы ауданда құс шаруашылығын дамытуды жоспарлап, көктемде арнайы шараларды қолға алдық. Жергілікті тұрғындарды құс шаруашылығымен айналысуға шақырып, одан түсетін пайданың отбасылық табысқа қосымша болатынын барынша түсіндірдік. Содан кейін  әр түрлі құс балапанын қолжетімді бағамен ауданға жеткізіп беретін операторларды анықтап, кәсіпкерлермен келістік. Соның нәтижесінде тасқалалықтар 20 мыңға жуық қаз-үйрек және тауық балапандарын сатып алып өсірді. Құс шаруашылығының табысты кәсіп екенін түсінген тұрғындар алдағы көктемде тағы да құс бағуға ниеттеніп отыр.

Ізбасар Кенжеғалиев деген кәсіпкер азамат аудан орталығынан құс фабрикасын салғалы жатыр. Жоба құны – 200 млн. теңге. Шаруашылық нысаны салынатын орын анықталды.

Біз ең кемі аудандық тұтыну нарығындағы азық-түлік сұранысын жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуге ұмтылудамыз. Иә, рас, ауылдық жерде барлық мүмкіндік бола тұра, біз әлі күнге дейін жұмыртқа, ет, ұн сияқты және бау-бақша дақылдарына деген сұранысты жергілікті өнімдермен толық қамти алмай отырмыз. Бұл қолдағы мүмкіндікті әлі де болса жете пайдалана алмаудың кесірі деп есептеймін. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлермен, шаруашылықтармен және тұрғындармен барынша тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге көштік.

Өткен жылы мамыр-қазан айлары аралығында әр аптаның сенбі күндері Тасқала ауданының орталығында жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда тұрғындарға колжетімді бағамен  ауыл шаруашылығы өнімдері, соның ішінде ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, бау-бақша дақылдары сатылды.

 

– 2019 – Жастар жылын қалай қорытындыладыңыздар? Аудан басшылығы тасқалалық жастардың тыныс-тіршілігіне тың серпін беретін қандай іргелі істерге ұйытқы бола білді?

 

– Жастар жылы аудан жастарына үлкен мүмкіндіктер берді. Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынған жобасы жастар өмірін жаңа сатыға көтерді және де жастарды елдік мүдде жолында қызмет етуге жұмылдырып, патриоттық тәрбие бағытына да оң ықпал етті. Ең бірінші кезекте біз жастардың еңбек етуіне, шығармашылықпен еркін айналысуына, өмір сүру сапасын жақсартуға қолайлы орта қалыптастыруға ұмтылдық.

Жастарды ерте жастан кәсіпкерлікке үйрету, кәсіп көзін меңгерту жолында арнайы шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде мемлекеттің қолдауымен жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін ауданымыздың 56 жас  тұрғыны грант иегерлері атанды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2019 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан 127 жас өтті. Жастар бастамаларын қаржылай қолдау көрсету арқылы шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында «Zhas project» жобасын 2 адам иеленді. Мақсат Рақымжанов пен Әйкерім Ниязғалиева кондитерлік бағытта мемлекеттік қайтарымсыз әрқайсысы 1 млн. теңгенің грантына қол жеткізді.

Өткен жылы 285 қыз-жігіт жұмысқа орналасты. «Жасыл ел» еңбек жасақтары бойынша 45  студент маусымдық  жұмыстарға тартылды.

Мемлекет тарапынан жастарды қолдау және ауылдық елді мекендерде  тұрақтандыру үшін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 18 жас көтермеақы алса, 24 жас маман тұрғын үй несиесіне қол жеткізді. «Жастар тәжірибесіне» жіберілген 46 жас маманның 26-сы тәжірибесін аяқтап, 23-і тұрақты түрде жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік алды.

Жастар арасында өткізілетін шаралардың идеологиялық бағытына да ерекше назар аударып отырамыз. Жыл ішінде 117 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде өткізілген, ұлттық бағыттағы айшықты жобалардың басым екенін ерекше атап өткім келеді. Көп назар аударылмайтын, бірақ әрбір жас білуге тиіс жастарға мал сою, оны жіліктеп бөлу, қонаққа сыбаға тарту, қолға су құюдан бастап, бата алуға дейінгі ұлттық бағытты да қамтуға тырыстық. Жастар, әсіресе, ат үстіндегі ұлттық ойындарға және қой қырқу сияқты қазір өте сирек кездесетін шараларға үлкен қызығушылық танытты.

Мүмкіндігі шектеулі жастар да жергілікті атқарушы билік құрылымдарының назарынан тыс қалған емес. Олардың өмір сүру сапасын арттыру және қолайлы орта қалыптастырып, қоғамға бейімдеу жолдары үнемі басымдық берілетін жұмыстардың қатарында. Осы санаттағы жастарға қолдау көрсетіп, денсаулықтарын оңалту мақсатында «Жас мүгедектерге арналған массаж процедурасын ұйымдастыру» атты әлеуметтік жоба негізінде азаматтық бастамаларды қолдау қорының демеушілігімен 570 000 теңгелік грант ұтып алған жерлестеріміз бар. Аталмыш жоба аясында 20 адам арнайы  құрал-жабдықтарды пайдалана отыра, кәсіби массаждан өтті.

Елбасы атап көрсетіп, белгілеп бергендей, Ресей Федерациясы – біздің еліміздің стратегиялық әріптесі. Сол себепті Тасқала шекаралас аудан болғандықтан, жастарымыз көрші елдегі өз замандастарымен жиі байланыста. Осы бағытта былтыр 24-26 қыркүйек күндері ауданда «Dostar Camp» атты жастар лагері ұйымдастырылды. Осы мәдени-спорттық сипаттағы ауқымды шараға өзіміздің облыстың аудандарына қоса,  Ресей Федерациясының бізбен көрші Саратов облысына қарасты Дарғаш, Озинки аудандарының жастары қатысты.

 

– «Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, Батыс Қазақстан облысының өзге аудандарымен салыстырғанда, Тасқала ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде біраз жобаның сәтті жүзеге асқандығын ел-жұрттан естуліміз. Аудандық деңгейдегі мемлекеттік билік пен жергілікті кәсіпкерліктің ортақ мүдде жолындағы осы жарасымының жай-жапсарын бірді-екілі айшықты мысалмен өзіңізден  естісек  деп  едік?

 

– Шежін ауылында кәсіпкер Нұртай Жұмашевтың жеке қаражатына 35 балаға арналған интернат салынды. Енді осы ғимаратты мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында мемлекет меншігіне алу жұмыстары жүріп жатыр. Себебі Шежін – кезінде аудан орталығы болған үлкен ауыл. Ал аталмыш округтің аумағында мектебі жоқ елді мекен баршылық. Сол ауылдарда шаруашылықтарын жүргізіп отырған отбасылардың балаларын енді интернатпен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз.

Шалғай ауылда тұратын отбасылардың балаларын оқыту қазір түйткілді мәселеге айналды. Сондықтан ұл-қыздары мектептегі сабағынан қалмауы үшін біраз  кісі шаруашылықта отбасымен тұрып, жұмыс істей алмай отыр.

Бұл мәселені шешу үшін болашағы бар ауылдарды саралап алып, мектепті интернатпен қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе.

Тағы бір мысал, аудан орталығы Тасқала ауылындағы 140 балдырғанға арналған балабақшаның жобалық-сметалық құжаты жасалды. Бұл нысан да мемлекеттік және жеке әріптестік жолымен салынады деп жоспарлануда.

– Елбасы осыдан біразырақ жыл бұрын бір сөзінде «Құрылыс ел экономикасының локомотивіне айналуы тиіс» деген болатын…

– Иә, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтқандай, құрылыс – қай заманда да елдің сәні мен сәулетін айшықтайтын, экономикасын нығайта түсетін әлеуетті сала. Мысалы, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша Тасқала ауданында 2018 жылы басталған Тасқала ауылындағы үш қабатты көп пәтерлі екі тұрғын үй 2019 жылдың  10 қазан күні пайдалануға берілді. Пайдалануға берілген пәтерлердің жалпы ауданы – 3786 шаршы метр. Жоба құны – 831,567 млн. теңге.

2019 жылғы тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспары 3495 шаршы метрді құрайды, бұған қоса өткен жылы аудан тұрғындары жалпы аумағы 3548  шаршы метр тұрғын үй салып, бүгіндері жаңа баспаналарының игілігін көруде.

Тасқала ауданының Тасқала ауылында бір қабатты әкімшілік ғимаратының құрылысы былтырғы 27 желтоқсанда аяқталып, пайдалануға берілді. Нысанның бас мердігері – «БатысКотлоМонтаж» ЖШС, құрылыстың жалпы құны – 152,6 млн. теңге. Ғимараттың жалпы ауданы – 770,7 шаршы метр.

Енді алдағы уақытта салынатын нысандар бойынша бірер мәлімет ұсына кетейін. «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде Тасқала ауданында 2018 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй салу үшін Тасқала ауылының солтүстік-шығыс бөлігінде 106 және оңтүстік-батыс бөлігінде 66 жер телімдерін газбен, электрмен және сумен қамту үшін 4 жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамалық тұрғыдан мақұлданды. Бұдан басқа Тасқала ауданының бірқатар елді мекендерінде бір қабатты бір пәтерлі үш бөлмелі арендалық-коммуналдық 15 тұрғын үй құрылысы бойынша және аудан орталығындағы Пушкин көшесінде үш қабатты көп пәтерлі 1 тұрғын үй құрылысы мен С. Жақсығұлов шағынауданында үш қабатты көп пәтерлі 2 тұрғын үй құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар дайын.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан аумағындағы елді мекендерді сумен жабдықтауды және су бұруды дамыту бойынша шаралар жалғасады. Халықты сапалы ауыз сумен толық  қамту үшін, сондай-ақ сарқынды суларды тазартудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтаудың және су бұрудың жаңа нысандарын салу әрі қолданыстағы әлгіндей нысандарды жаңалап-жаңғырту жалғасатын болады.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2019 жылы 8633 адамды қамтитын 3 ауылдық елді мекенді сумен қамту жүйесін жаңадан қалыптастыру үшін 2 нысанның (22,995 шақырым) құрылысына 100,0 млн. теңге бөлінді. Атап айтқанда, Тасқала ауылының су құбырын қайта жасақтау нысанының  келісімшарттар бойынша құны 499,7 млн. теңгені құрайды және бас мердігер «Мөлдір» ЖШС болып табылады. Ал Мереке ауылдық округінің Мереке және Қалмақ ауылдарының су құбырларын қайта құру нысанының келісімшарттар  бойынша құны – 265,737 млн. теңге, бас мердігер мекеме «Лайгэ» ЖШС болып анықталды.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен С. Жақсығұлов атындағы жалпы білім беретін орта мектепке (92,0 млн. теңге), Қ. Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектепке (157,0 млн. теңге) қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ы. Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектеп, Ақтау және Атамекен ауылдық округіндегі орта мектептер ауданның бес жылдық 2020-2024 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына енгізіліп, жөндеу жұмыстары ағымдағы жылға жоспарланды. Осы үш білім ошағына қатысты ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өтті.

 

– Алдияр Сансызбайұлы, Тасқала – Ресей Федерациясына шығатын күре жолдың бойында орналасқан логистикалық әлеуеті айтулы аудан. Осы фактордың өзі-ақ кәсіпкерлікті күрт дамытуға керемет жағдай екендігі шүбәсіз. Жол бойындағы сервистік қызметті дамытуға қатысты нендей  жоба-жоспарларыңыз  бар?

 

– Орал–Саратов жолымен өтетін көлік саны уақыт өткен сайын артып келеді. Бұған аталмыш бағыттағы жолдың күрделі жөндеуден өткендігі оң ықпал еткендігі айдан анық. Ынтымағы жарасқан, барыс-келісі мен алыс-берісі жыл өткен сайын жиілей түскен көрші қос елді жалғайтын үлкен жолдың бойындағы ауданның да мүмкіндігі зор екені белгілі. Міне, осы игілікті елдің ортақ пайдасына, жұрттың қажетіне жұмыс істете білуіміз керек. Жол бойындағы барлық жер телімдері түгенделіп, ауданның инвестициялық картасына салынды. Ауданның логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану коэффициентін арттыра түсуді жергілікті кәсіпкерлермен және инвесторлармен үнемі талқылап келеміз. Жұмысымыз нәтижесіз емес. Жалпы мөлшері 2 млрд. 424 млн. теңге құрайтын 11 жобаны қолға аламыз деп отырмыз. Оның үшеуінің құрылысы басталып кетті. Әлі де ниет білдіріп отырған кәсіпкерлер баршылық.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Тиімді шағын және орта бизнес қалалар мен ауылдарды дамытудың берік негізі болуы керек» деп атап көрсеткені мәлім. Сондықтан біз кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым мүдделіміз. Ең бастысы, жол бойынан ашылған нысандар өміршең болуы керек. Бүгін ашылып, жыл соңында жабылатын жобалар қабылданбайды. Ұзақ мерзімге жоспарланған және нарықта толық зерделеніп барып ұсынылған жобаларды барынша қолдаймыз. Сонымен бірге салынатын кәсіпкерлік нысандар жергілікті тұрғындардың өмір сүруіне кедергісін келтірмейтін, керісінше пайдасын тигізетін болуы міндетті түрде ескеріледі. Сондай-ақ экологиялық мәселе мен айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізу де басты шарттардың бірі. Міне, осындай талап-тілектерге сай келетін «Тасқала Сервис» ЖШС жол бойындағы сервис (кемпинг) құрылысын салуда. Қазіргі уақытта ішкі жұмыстарды жүргізуде. Жоба құны – 100 млн. теңге. Бұл нысан биыл іске қосылмақ.

Жол бойында салынатын нысандардың қатарында 420 млн. теңгеге жоспарланған аутокөліктерге жанармай құю бекеті мен аутокешеннің, сонымен қатар жол бойындағы аутокөлік кешені (120 млн. теңге) және де 104 млн. теңге деп бағаланған кемпинг-мейрамханалар бар.

Тасқала ауданында бизнес пен өндіріс тек жол бойында ғана дамып жатқан жоқ. Мысалы, Бірлік ауылында «Феррум контракт» компаниясы су құю цехын салуды бастады. Осы цехтың өндірістік қуаты сағатына 2 мың бөтелке су шығаруға жетеді. Қазіргі таңда модульдік қондырғылар  салынып, ішкі жұмыстар жүргізілуде. Тілге тиек болып отырған өндіріс ошағы алдағы көктемде жұмысын бастамақ.

Жергілікті кәсіпкер Қуан Тасқалиев бірден 2 өндіріс орнын іске қоспақ. Оның бірі жеміс-жидек пен бақша дақылдарын өңдеу, бөтелкедегі шырын (сок) шығару және тамақ өндірісі болса, екіншісі – жеміс-жидектер мен қылқан жапырақты ағаш өсіруге арналған тұқымбақ (питомник) салуды қолға алмақ. Мұндай жаңа нысандар жергілікті жұртты жұмыспен қамтуды да жақсарта түсетіндігіне ешкімнің күмәні болмаса  керек.

Сұхбаттасқан Бауыржан  ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»