20.01.2020, 20:00
Қараулар: 63
«СЫРҚАТ» САЛАЛАР  АНЫҚТАЛДЫ

«СЫРҚАТ» САЛАЛАР  АНЫҚТАЛДЫ

ҚР  Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігі БҚО  бойынша  департаментінің  басшысы  Рүстем  Ақмырзаев,  «Ақжайық  –  адалдық  алаңы»  жобасының  жетекшісі  Әлия  Салиева,  облыстық  мәслихаттың  хатшысы  Мәлік  Құлшар  құрылымдардың  басшылары, ҮЕҰ  төрағалары  мен  қоғам  белсенділері  және  еңбек  ардагерлерімен  Орал  қаласындағы  Достық   үйінде  кездесті.  Дөңгелек  үстелде  сыбайлас  жемқорлықпен  «сырқаттанған»  салалар  анықталды.

Мемлекет басшысының 2019 жылғы  13 маусымдағы Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып қайта құрылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жұмысты күшейту үшін облыстық департаментке қарасты превенция және парасаттылық басқармасы құрылды. Департамент қоғамдық ұйымдармен және белсенді азаматтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Қоғамдағы азаматтар талпынысы мен мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығы жемқорлықтың жолын кесуге зор септігін тигізеді, – деді аталған департамент жұмысы бойынша жыл қорытындысын баяндаған Рүстем Ақмырзаев.

Департамент басшысының хабарлауынша, былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 138 қылмыс дерегін тіркеуге алған.

Оның 111-і – сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Сыбайлас жемқорлық қылмысының 44,1 пайызын парақорлық, 31,5 пайызын жымқыру мен алаяқтық, 16,2 пайызын қызмет жолын пайдаланып, ресми құжаттардағы деректі бұрмалау, жалған әрекет жасау құраған. Өндірістегі 126 қылмыстық істің 100-і сотқа жолданған. 2019 жылы сыбайлас жемқорлық қылмысымен 32 адам сотталған. Олардың бесеуі бас бостандығынан айырылған, үшеуінің бостандығы шектелген, 24-іне 35 миллион теңге айыппұл төлеу міндеттелген.

Рүстем Ақмырзаевтың айтуынша, аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы 628,3 миллион теңге көлемінде шығын  есептелген. Осы айыппұл көлемінің 95,4 пайызы өндірілген. Жергілікті атқарушы органдардың 19 қызметкерінің 46 қылмыстық ісі, ішкі істер департаментінің 7 қызметкерінің 37 қылмыстық ісі, «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК облыстық филиалының басшы-қосшысымен алғанда, төрт қызметкерінің 8 қылмыстық ісі, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының екі басшысының 6 қылмыстық ісі әшкереленген.

Облыс бойынша мекемелердің бірінші басшысы және орынбасары қызметін атқарған 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жергілікті атқарушы құрылымдар бойынша жең ұшынан жалғасудан ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және білім салалары «көш бастап тұр».

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Рүстем Ақмырзаев «көлеңкелі экономикамен» күрес күшейтілетінін айтты. Басшының баяндауынша, былтырғы қараша айында облыста әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым бюджетін пайдалану тиімділігін бағалау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы  «Парламентаризмді дамыту қорының» бастамасымен және Нидерланды елшілігінің қаржылай қолдауымен «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» жобасы (publicbudget.kz) іске қосылды. Картада қала нысандарының құрылысы, оларды жөндеу және күтіп ұстау үшін бөлінген бюджет қаражаты туралы егжей-тегжейлі мәлімет көрсетілген. Карта арқылы жергілікті атқарушы орган бюджетінің орындалуына қатысты бұзушылықты анықтаған әр тұрғын шұғыл мәлімет бере алады. Қазіргі уақытта «Бастамашы бюджет» модулін құру пысықталуда. Осы модуль аясында бюджет қаражатын жасақтауға халық тарапынан өкілдерді көбірек тарту, азаматтық қоғам пікірін ескеру  көзделген.

2018 жылы сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің бастамасымен бизнес өкілдері мен инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, сондай-ақ олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында «Protecting Business and Investments» жобалық кеңсесі құрылды. Департамент отандық және шет елдік инвесторлармен жалпы құны 847 785 777 522 теңгені құрайтын жобалардың іске асуына байланысты 16 келісімге қол қойды. Келісімдер негізінде қаражаттың орнықты пайдаланылуы бақылауда болады және бизнеске қатысты заңсыз жасалған әкімшілік қысымның алдын алуға мүмкіндік тумақ. Бизнес жұмысында анықталған барлық жүйелік проблема «Атамекен» ҰКП-мен тығыз қарым-қатынаста шешілмек.

Дөңгелек үстелде қоғам белсенділері құрылыс, білім және жобалық-сметалық құжаттама жасайтын ұйымдардың қызметін, олардың қаржы игеруі барысын бақылауды күшейтуді ұсынды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар