20.01.2020, 19:59
Қараулар: 571
3545 келеңсіздік әшкереленді

3545 келеңсіздік әшкереленді

Өткен  аптада  БҚО  білім  саласында  сапаны  қамтамасыз ету  департаментінің  ұйымдастыруымен  «Облыс  бойынша 2019  жылы  білім  беру  ұйымдарында  жүргізілген  мемлекеттік  бақылау  қорытындылары.  Білім  саласындағы  өзекті  мәселелер»  тақырыбында  семинар-кеңес  өтті.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев білім саласына қатысты барлық мәселе облыс әкімдігінің басты назарында екендігін атап өтті.  БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнара Сәрсенғалиева  білім саласындағы қордаланған мәселелерді шешу үшін осы бағыттағы жиындардың маңызды екендігіне тоқталды.

 – «Ауруын жасырған өледі» демекші, біз өз саламыздағы мәселелерді айқындап, оның шешу жолдарын бірге қарастырғанда ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз. Түйткілді жәйттердің бәрін бүгін-ертең шешу мүмкін емес. Дегенмен өз саламыздағы проблемалық сұрақтардың шешу жолдарын бәріміз бірге қарастыруымыз керек, – деді Гүлнара Ақмырзақызы.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Таубековтің айтуынша, өткен жылы облыс аумағындағы 589 білім беру нысанының өртке қарсы дайындығына тексеріс жүргізілген. Тексеріс барысында өрт қауіпсіздігі ережелерінің  бұзылғандығы жөнінде 3545 жайт анықталған. Қауіпсіздік ережелері сақталмаған білім беру ұйымдарының басшыларына құқықбұзушылықтарды жою мерзімі көрсетілген ұйғарымдар берілген. Тексеріс кезінде білім беру ұйымдарының басым бөлігінде өрт жағдайы орын алғанда пайдаланатын қосымша есіктің жоқтығы немесе жарамсыз екендігі анықталып, қауіпсіз аймаққа көшіру жоспары  болмаған.

– Көп жағдайда білім беру ұйымдарының басшылары өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылу себебін қаражаттың болмауымен байланыстырады. Алайда кейбірінде қаражат талап етпейтін қарапайым талаптардың орындалмауы білім беру ұйымдары басшылығының немқұрайлылығын көрсетеді,  – дейді  Нұрлан  Сейдаханұлы.

Жиынға қатысқан қала-аудан әкімдерінің орынбасарлары мен білім бөлімінің басшылары өрт қауіпсіздігінің алдын алу шараларын ұйымдастыруға тиісті қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып отырғанын алға тартса, облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова қордаланған мәселе білім саласына қомақты қаражат бөлінгенде ғана шешімін табатындығын айтты.

– Біз оқу жылының басында қаладағы мектептерге талдау жасап, қарадық. Қаламыздағы 51 мектептің өрт қауіпсіздігінің алдын алу үшін әрқайсысына 200 мың теңгеден бөлінген. Түйінді мәселені білім бөлімінің басшылары мен мектеп директоры  шеше алмайды. Сондықтан қаржы көп бөлінсе, бұл мәселе көтерілмес еді,  – деді Айымгүл Мақсотқызы.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев апатты мектептер, асханасы күрделі жөндеуді қажет ететін білім беру ұйымдары, ауылда су бола тұрып, мектепке немесе мектеп асханасына су жүргізбеген аудан-ауылдарды атап көрсетті.

Қазіргі күнде еліміз бойынша бір балаға берілетін ыстық тамақтың құны шамамен 350-400 теңгені құрайды. Біздің өңірде аудан-ауылдарда 180-300 теңге болса, қалада 150-200 теңгені құрап отыр. Кеңеске қатысқан сала мамандары «ыстық тамаққа бөлінетін қаражат та көбейтілсе» деген ұсыныстарын ортаға салды.

БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің бас маманы Ақмарал Құсайынова жүргізілген мемлекеттік бақылау шараларының нәтижесі туралы  айтып  өтті.

– Өткен жылы профилактикалық бақылаумен қамтылған 55 білім беру ұйымында 118 өрескел, 190 елеулі, 104 болмашы бұзушылық анықталды. Аталмыш білім ошақтарында ҚР «Білім туралы» заңының талаптары басшылыққа алынбаған, білім берудің жалпыға міндетті стандарттары тиісті деңгейде жүзеге асырылмаған. Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары, үлгілік қағидалары, білім алушылардың ағымдық, аралық,  қорытынды аттестаттау талаптары сақталмаған. Аталған кемшіліктердің 85%-ы білім беру ұйымының құзыретіне қатысты болса, 15%-ы жергілікті атқару құрылымдарының  құзыретінде. Бұл білім беру ұйымы басшыларының нормативтік-құқықтық актілерді тиісті деңгейде қолданбауынан, мектепішілік бақылаудың сапасыз жүргізілуінен, нәтижеге бағытталған мектеп басқарудың тиімді тетігінің болмауынан, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі себебінен орын алып отыр, – деді Ақмарал Құсайынова.

Кеңес қорытындысында білім беру бөлімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары ҚР заңдарында белгіленген тәртіппен  өз құзыретіне жататын міндеттерді тиісті деңгейде орындау қажеттігі айтылды. Ұсынбалар жобасы мақұлданып, алдағы жұмыс  жоспары  бекітілді.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.