17.01.2020, 14:40
Қараулар: 203
Жеті  жыл  «жаяу»  жүреді

Жеті  жыл  «жаяу»  жүреді

Орал қаласының  22 жастағы тұрғыны көлігін мас күйде жүргізгені үшін жеті жылға аутокөлік жүргізу құқығынан айырылатын болды. Айта кету керек, қаңтардың 11-інен бастап мас күйінде көлік жүргізгендер үшін жауапкершілік күшейтілген болатын. ҚР ӘҚБтК-ге енгізілген өзгерістер бойынша аталмыш әкімшілік құқықбұзушылықты қайталап жасағандарға да қатаң жаза қолданылады.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 13 қаңтар күні «ВАЗ-21150» аутокөлігінің жүргізушісі Орал қаласындағы Құрманғазы көшесімен келе жатып, Фрунзе көшесінің қиылысында рульге ие бола алмай, жол жиегіндегі арыққа түсіп кеткен. Медициналық тексеріс нәтижесінде 1997 жылы туған азаматтың орта дәрежедегі мас күйінде болғаны анықталған. Оралдық азамат ҚР ӘҚБтК-ның 608-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соған сәйкес, оған 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қолданылып, жеті жылға аутокөлік жүргізу құқығынан айырылатын  болады.

Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында көлік құралын алкогольдік ішімдікке масайып, есірткіге елтіген күйде басқарғаны үшін 4 әкімшілік іс қаралған. Құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алумен 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Заңның жаңа талаптары қолданысқа енген күні Қарағанды облысының азаматы жазаға тартылды. Ол  екінші рет мас күйінде көлік жүргізгені үшін бес жылға дейін сотталып, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылуы мүмкін. Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 37 жастағы жүргізуші 2018 жылы соттың шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылған. Ол аздай, тағы да мас күйінде рульге отырған екен.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар