17.01.2020, 14:33
Қараулар: 438
«Даңғаза»  ауылындағы  марапат    (әзіл)

«Даңғаза»  ауылындағы  марапат    (әзіл)

Қиырдағы «Даңғаза» деген ауылда үлкен жиын өтіп жатыр. Ауылнай Қоқи мінбеге көтеріліп, жыл ішінде атқарылған жұмысынан есеп беруге кірісті.

— Ағайындар, шошқа жылын да аяқтадық. Өтіп бара жатқан жылға өкпе жоқ. Шошқа сияқты семіріп кетпесек те, арықтап кеткен ешкім жоқ. Құдайға шүкір, ел қатарлы тышқан жылына аяқ бастық. Енді жыл бойында оза шапқандарды марапаттауға рұқсат етіңіздер.

Шал-кемпірі бар, жасамысы, қартамысы бар клубта отырғандар дүрліге қол соқты. Сахнаға екі жігіт іші медаль, төсбелгіге толған ауыр жәшікті алып шықты.

Ең алғашқы болып «Үздік ұры» төсбелгісімен ел арасында «Непойманный Жыми» атанып кеткен Жыми марапатталады деген жүргізушінің дауысы клуб ішін жаңғырықтырып жіберді. Қол шапалақтау қошеметімен «Непойманный Жыми» сахна төріне көтерілді. Қоқидың қолынан төсбелгіні кеудесіне таққан ол залдағыларға қарап сөзін бастады.

— Қадірменді ауылдастар, осындай мәртебеге ие болғаныма қуаныштан жылап жіберуге шақ отырмын. Сонау 91 жылдан бері үкімет тарап кеткесін осы кәсіпті бастап кеттім. Тауық ұрлаудан басталған кәсіптің аясы кеңіп, қазір жылқы болсын, сиыр болсын айдап келетін дәрежеге жеттім. Әрине, малды қуып айдап келе жатқасын қуғыншы, іздеуші болады ғой. Осындайда мені құтқарып жүрген ушаскелік полицей Погонбай досымның біраз еңбегі бар. Погонбай досыма да бір медаль беру керек қой деймін (осы арада Қоқи оның сөзін бөліп, Погонбайға да медаль берілетінін айтты). Алдағы уақытта да кәсібімді дамыта түсемін. Менің еңбегімді елегендерің үшін Қоқи және Погонбай досым тышқан жылындағы соғымдарың менен болады. Бір-бір ту бие! — дегенде Қоқи мен Погонбай шапалақтарын қуанғаннан қатты соғып жіберді.

Сахнаға «Үздік ішкіш» төсбелгісін алу үшін азан шақырып қойған Топи есімі ұмытылып, бүгінде «Спирт-Рояль» атанып кеткен Топи шықты.

«Спирт-Рояль» да төсбелгіні кеудесіне жарқыратып тағып алғаннан кейін тілегін арнады. — Мына марапаттан кейін қуанғанымнан аузыма сөз түспей отыр. Ауылда жұмыс жоқ болғасын босқа үйде жата бермей, осы кәсіпті қолға алдым. Бәрің білесіңдер сонау 90-жылдары дүние қат кезде «Рояль» сатылды. Бартерге ауыстырды. Үйдегі бес қойды бағып отырамын ба? Бір қойды бір баклажка спиртке айырбастадым. Енді қазір Құдайға шүкір, дүкендерде арақтың неше түрлісі толып тұр.

Үйдегі бес балаға берілетін жәрдемақы осы кәсібімнің тоқтап қалмауына көмектесуде. Дүкеншілер қарызға да береді. Алдап кетпейтінімді біледі. Бүгінгі құрметтен кейін маған бір ой түсіп отыр. Күні-түнгі запойдан кейін анда-санда газетке көз салатыным бар. Сонда байшыкештер ауылдарына көмек ретінде бірдемелер салып беріп жатқанын оқып едім. Мен де ойлана келе, ауладағы тау болып жиналып қалған шөлмектерден ауылға жаңа клуб үйін салып беруді жөн санап отырмын. Мына клуб ескірді. Жорналшылар «шөлмектен үй салды, қора салды» деп біреулерді мақтайды да жатады ғой. Мені мақтамай-ақ қойсын, тек ауылдастар, сендер, сол клубтың қабырғасына «Клуб салудың негізін қалаған — «Спирт-Рояль» деген тақтайша іліп қойсаңдар болды. Менің еңбегімнің қандай болғанын жастар біле жүрсін, – дегенде залдағылар, — Жасасын, «Спирт-Рояль»! — деп айқайлап, ұзақ қол шапалақтап тұрып алды.

Серік  ЖҰМАҒАЛИЕВ

 

P.S.   Жиналыс ұзаққа созылды. Жәшіктегі медаль, төсбелгілер үлестіріліп жатыр, үлестіріліп жатыр… «Үздік жатыпішер», «Үздік ұрда-жық», «Үздік өтірікші», «Үздік атаққұмар», «Үздік арызқой», «Үздік жағымпаз» тағы басқалары кеуделеріне таққан темірді шылдырлатып үйлеріне тарап бара жатты…

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар