17.01.2020, 14:32
Қараулар: 439
Баяғысынша, тері  иттің  аузында,  жүн  қоқыста…

Баяғысынша, тері  иттің  аузында,  жүн  қоқыста…

Бір  көнекөз  қарияның  «Күнімнің  өткеніне  емес, қадірімнің  кеткеніне  жылаймын»  дегеніндей, бүгінде  аяқасты  тапталып, көшедегі  иттердің аузында    жүрген  мал  терілерін көргенде  жүрегіңнің  қан  жылайтындығы  рас.

Өйтпегенде ше?! Сонау кеңестік заманда тонналап буылған қой жүні, текшелеп тиелген мал терілері шикізат қалпында көліктермен зауыттарға жөнелтіліп жатушы еді. Тіпті жергілікті жердегі шикізат өнімдерін дайындаушыларды айтпағанның өзінде, Ресей, Түркия, Германиядан да кәсіпкерлер келіп, мал терісін, жүнді  тиімді  бағамен  сатып  алатын.

Қазір ше?! Жағдай мүлде өзгерген. Қырқылған қойдың жүнін, сойылған малдың терісін қабылдайтын орын жоқ.

Бұл жағдай тек біздің облысқа ғана тән емес, елімізді алаңдатып отырған өткір мәселе, дейді мамандар. Статистикалық мәліметке көз жүгіртер болсақ, жыл сайын елімізден 5-6 млн. тоннаға жуық мал терісі өте арзан бағамен шетелге жөнелтіледі екен. Өйткені Қазақстанда шикізатты өңдейтін зауыт көңіл көншітпейді. Соның салдарынан еліміздегі малдың басым бөлігі жекелердің иелігінде болғандықтан, қырқылған қой жүндері өтпегендіктен, сарайдың бұрышында жинаулы тұрса, қорадағы терілер тулақ болып қатып жатыр. Басты себеп – сатып алатын делдал жоқ. Қалаға апарып, іздеп жүріп тапқан адамыңа өткізейін десең,  бағасы  өте  арзан.  Еңбегіңді  ақтамайды.

Осы тұрғыда аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметовтің айтуынша, малдың шикізат өнімдерін қабылдау жайы Қазақстан бойынша өте күрделі, қиын мәселеге айналған. Мысалы, Ерболат Әжмұхамбетұлының сөз саптауынан ұққанымыз – өткен жылы ірі қараның терісінің әр келісі 250 теңгеден қабылданса, бүгінде оның әр келісі 40-50 теңгеден қабылдануда. Тері әзірге қаладағы «Ел ырысы» базарында, «Пош Руно» ЖШС-да арнайы дайындаушы арқылы қабылдануда.

Е. Ахметовтің айтуынша, мал терісін қабылдауда өзіндік ережесі, түйткілді мәселелері де бар  екендігіне куә болдық. Мысалы, қазіргі алданыш тұтып отырған қаладағы «Ел ырысы» базарындағы тері қабылдаушыға барғанда сойылған малдың терісінің сапалы болуына баса мән беріледі. Ең алдымен, сойылар мал арнайы мал соятын комбинатта сойылуы тиіс. Жеке үйдің ауласынан сойылған мал терісі қабылданбайды. Тағы бір қатаң ескерілетін жағдай, теріні тапсырар алдында ертерек тұздап әкелген дұрыс. Уақытында тұздалмаған тері бұзылып, сапасы кетіп, өңдеуге де келмей қалады екен. Малды сойғанда ұқыпты союға мән берген дұрыс. Әйтпесе, кесілген, тесілген терілер  қабылданбайды.

Бастысы – тері мал сойылғаннан соң бір сағаттан кейін тұздалуы керек. Өйткені температура сегіз градустан төмен болғанда тері бұзыла бастайды. Міне, осындай қарапайым талаптарды ауылдағылар көбіне ескере бермейді. Шынын айтуымыз керек, сапасы өте төмен болғандықтан, ірі қара, ұсақ малдың терісіне сұраныс жағы жоқтың қасы. Терілер Ресей, Қытайға ғана әр келісі 250 теңгеден делдалдар арқылы жөнелтілуде. Әрине, жүн, тері қабылдаудың осындай түйткілді жағдайлары жөнінде жиындарда мәселе көтеріліп, мінберлерде айтылып та жүр. Бірақ одан  еш нәтиже  жоқ  әзірге. Сөйтіп, тері мен жүн далаға лақтырылуда.

Сонымен, енді не істеуіміз керек?

Алғабас ауылдық округіндегі «Жамбыл» шаруа қожалығының жетекшісі Бекболат Құзайыров облыс орталығынан арнайы тері қабылдайтын орын ашпаса, іс оңға баспайды дейді. Ал аудан орталығынан келешекте тері, жүн қабылдайтын орын ашылғанның өзінде ол өз-өзін ақтамайтын көрінеді. Сондықтан басты үміт облыс орталығында.

Жүн мен терідей есіл дүние қашанғы рәсуа  болады?

Мүсірбек  АЙТАШЕВ,

Сырым  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар