17.01.2020, 14:30
Қараулар: 382
Мұғалімдерді жігерлендірген жаңа заң

Мұғалімдерді жігерлендірген жаңа заң

Педагог мәртебесі деген сөздің салмағы ауыр түсіне білген адамға. Қазір білім беру ұйымдарында қызмет жасап жүрген педагогтердің бәрінің бірдей мәртебесі жоғары емес. Оған қарсы айтылар уәж-себептер де баршылық. Соның ішінде көп жағдайда мұғалімнің құқы қорғалмай жатады. Осы бағытта еліміз бойынша жүздеген педогогтің ұсыныс-тілегі ескерілген «Педагог мәртебесі туралы» арнайы  заң жобасы жасалды.  Өткен жылдың соңында ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерге қатысты екі заңға қол қойды. Олар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» заңдар.

«Педагог мәртебесі туралы» заң 21 баптан тұрады. Жалпы, заң төрт бағытты қамтиды. Бірінші, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту. Екінші, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшінші, материалды емес стимул тетіктері.  Төртінші, материалдық ынталандыру.

Заң   жобасындағы  негізгі  ережелер

2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, орта білім мекемелеріндегі педагогтердің нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөнінде норма бекітілді. Осыған орай ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін әр ай сайын мектеп ұстаздарына 10 АЕК (25,5 мың теңге) мөлшерінде үстеме ақы төленіп,  сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін төленетін ақы  екі есеге арттырылмақ.  Осы бағытта біліктілік санаты үшін мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысын 30-дан 100%-ға дейін қосымша ақы төлеп арттыру,  әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру,  халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарын, түрлі олимпиадалар  мен спорттық жарыстардың лауреаттарын даярлаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төлеу қарастырылған. Сондай-ақ  «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы»  атағы үшін ұстаздарға 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленіп, 42 күн демалатын педагогтердің демалыс уақыты 56 күнге ұзартылмақ. Жалпы, «Педагог мәртебесі туралы» заңда біраз мәселе қарастырылған. Байқағанымыз, мұғалімнің материалдық жағдайын жақсартуға, өзін-өзі дамытуға көп жағдай жасалған. Әсіресе, түрлі шараларға «жегіліп» жүретін мұғалімдерді  лауазымына қатысы жоқ жұмысқа тартқандарға ескерту беріліп, айыппұл төленетіні оң болған.

Жыл  басындағы  жағымды  жаңалыққа  мұғалімдер  қауымы  да  ерекше  қуанып  жүр.  Біз  «Педагог  мәртебесі  туралы»  заңның  қабылданғанын  асыға  күтіп  жүрген  ұстаздардың  бірқатарын  әңгімеге  тартып,  жаңа заң  туралы пікірін  білген  едік.

Гүлнара  СӘРСЕНҒАЛИЕВА,

БҚО  білім  саласында  сапаны  қамтамасыз  ету  департаментінің  басшысы:

– «Педагог мәртебесі туралы» заңда педагогтерге қатысты көп мәселе қарастырылған. Ең бірінші кезекте педагогтік әдеп, заңдылық, адалдық, жауапкершілік, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттары қаралған. Сонымен қатар мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға жол берілмейтіндігі де нақтыланған. Бұл аталған шектеулер педагогтің тікелей лауазымдық міндетін атқаруға  кедергі  келтіретін  жайларды  жоюға  көмектесетіндігін  көрсетеді. Сондай-ақ педагогтің міндеттері нақтыланып, кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі 21 тармақтан тұратын құқықтары да айқын жазылған. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 51-бабында педагогтің құқығына қатысты 13 тармаққа жаңа 8 тармақ қосылып, педагог құқығының аясы кеңейтілген. Соның ішінде, яғни лауазымды адамдар және басқа да тұлғалар тарапынан заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғалу, білім алушылар, тәрбиеленушілер және олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан кәсібіне құрметпен қарау және тиісінше мінез-құлық көрсету, кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, қажетті жағдайларды жасау, жұмыс орны бойынша сайланбалы лауазымға сайлану және оны атқару т. б. құқықтары енгізілген. Педагогтердің міндеті айқындалып, құқығы нақтыланып, өзге жұмыстардан қолы босауына байланысты өзін жетілдіруге, өзіндік білімін шыңдауға, шығармашылықпен айналысуға мол мүмкіндік туындауда.

Заңда педагогтің материалдық қамтамасыз етілу құқықтары да қарастырылған. Мемлекеттік ұйымдарда кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогке еңбегіне ақы төлеу жүйесі, лауазымдық айлықақылар, қосымша ақы, үстемеақылар және ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалған. Әсіресе, мұғалімдерді  еңбегі үшін көтермелеп отыру, ұстаздар арасындағы бәсекелестікті арттырары сөзсіз. Адал еңбегі және кәсіптік міндеттерін үлгілі орындағаны, аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін оған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған педагог айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады.

Орта білім беру ұйымында кәсіптік қызметіне алғаш рет кіріскен педагогке бір оқу жылы кезеңіне тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекіту де дұрыс қадам.  Тәлімгерлікті жүзеге асырғаны үшін педагогке қосымша ақы төлеу қарастырылған. Бұл жас маманның теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына, ұжымға кедергісіз енуіне және  ауылдық  жер  болса, тұрақтануына  ықпал  етеді.

«Педагог мәртебесі туралы» заңда педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің қызметі, педагогті кәсіптік даярлау, педагогтің біліктілігін арттыру мәселелері де қарастырылған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңнамасын бұзғаны, соның ішінде педагогтің лауазымына енгізілмеген жұмыстарға тартқаны үшін ескерту және 20 айлық есептік көрсеткіштен 120 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік жауапкершілік те  көзделген.

Жалпы, заңда  шектеулер мен педагогтің кеңейтілген құқығына қоса, әлеуметтік кепілдіктер, көтермелеулер, ынталандыруларға баса мән берілген. Бұған дейінгі жағдаймен салыстырғанда педагогтердің материалдық жағдайы барынша жақсаратын болғандықтан, ұмтылысқа бағыттайтын шаралар қолға алынғандықтан білім сапасы да көтеріледі деген ойдамыз.

Ақерке  БАЙЖИЕНОВА,

дарынды  балаларға  арналған  мамандандырылған С. Сейфуллин  атындағы  №11 облыстық  қазақ  мектеп-интернат  кешенінің  мұғалімі:

– Ұстаз болу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру ұстаздың қолынан ғана келеді. Мұғалімнің мәртебесін, құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін, міндеттері мен жауапкершіліктерін айқындап берген «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – мұғалімнің еңбегінің жоғары екенінің дәлелі. Заң 21 баптан құралып, негізгі  4 бағытты қамтиды. Әр бағытта да мұғалім жағдайын жақсартатын мәселелер толық қамтылған.

Бұл заңда ұстаздардың әлеуметтік жағдайына қатысты өзге заңдардан ерекшелендіретін бірнеше бап бар. Солардың бірі – 2020 жылдан бастап жалақыны 25 пайызға өсіріп, төрт жыл ішінде екі есеге арттыру, өз міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартылудан қорғау, жергілікті атқарушы құрылымдардың мұғалімге пәтер беру сияқты көңіл қуантарлық істердің қолға алынуы мұғалімнің жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар деп білемін.

Заңмен таныса отырып, мұғалімге үкімет тарапынан зор қамқорлық көрсетіліп отырғанын байқадым. Сол қамқорлықтың бірі ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін (айыппұлдың төленуі), заңсыз тексерістер үшін айыппұлдың қарастырылуы да – ұстаз беделінің артуына жасалған жақсы жағдай. Бұл арқылы қоғамда ата-ана жауапкершілігін арттыруға, бала құқығын қорғауға бағытталған жұмыстың жақсаратынына сеніммен қарауға болады.

Фиягүл  ҚАУМБАЕВА,

облыстық  экологиялық-биологиялық  орталығы  жоғары  санатты  қосымша  білім  беру  педагогі:

– Бүгінде қоғамның барлық мүшесіне айқын бағдар беретін мұраты биік мұғалімнің қадір-қасиетін арттыруда өзекті мәселе жетерлік. Еліміздегі игілікті шаралардың бірі ретінде Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Педагог мәртебесі туралы» заңды айтуға болады. Мемлекет педагогтің қоғамдағы мәртебесіне ерекше көңіл бөледі және кәсіби қызметін атқару үшін жағдай жасайды. Мұғалімдер асыға күткен заңның тиімді тұстары көп. Ата-ана үшін ең бір қиын мәселе – баланы мемлекеттік балабақшаға орналастыру. Мұғалімнің балалары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезексіз бара алатын болды. Бұл, әсіресе, жас мұғалімдер үшін өте тиімді. Заң жобасына ұстаздардың барлығына 56 күн жыл сайынғы еңбек демалысын беру  нормасы  енгізілген.  Бұл  заңның  саяси,  әлеуметтік  мәні  зор.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар