17.01.2020, 14:28
Қараулар: 430
БЕС  ЖОБАҒА  «БАТА  БЕРДІ»

БЕС  ЖОБАҒА  «БАТА  БЕРДІ»

Осы  аптаның  сәрсенбісінде  өңір  басшысы  Ғали  Есқалиевтің  төрағалық  етуімен  инвестиция  тарту,  инвестициялық  ахуалды  жақсарту  және  экспортты дамыту  бойынша  өңірлік  кеңестің  кезекті  отырысы өтті.  Жиын  барысында  бес  жаңа  инвестициялық  жоба талқыланды.

Ең алдымен «AQJAIYQ» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Төлеген Мырзабеков кеңестің бұдан бұрынғы отырысында таныстырылған үш жобаның жүзеге асырылу барысы жайында баяндады. Оның мәлімдеуінше, 2018-2019 жылдар аралығында жалпы саны 15 жоба қаралып, қазіргі кезде олардың барлығы жоспарлы жүзеге асырылуда.

Орал қаласында бұған дейін бекіре тұқымдас балықтарды өсіру бойынша жоба іске қосылғаны белгілі. Енді алдағы уақытта Болат Садыров басшылық ететін «Aquazor» ЖШС жабық су қоймасында теңіз балықтарын өсіруді қолға алмақ. Балық шар-уашылығын дамытуды көздейтін жоба аясында Бәйтерек ауданында баррамунди және клари жайыны секілді балық түрлерін өсіріп, дайын өнім жасаумен айналысатын арнайы база салынады деп жоспарланған. Алматы қаласынан скайп арқылы тікелей байланысқа шыққан компанияның акционері Александр Требухиннің айтуынша, бұл жоба қалдықсыз технология бағыты бойынша жүзеге асырылады. Жобаның өнімділігі жылына 3 000 тоннаны құрамақ, инвестицияның жалпы құны 31 млн. еуро шамасында деп бағаланған. Жоба түгелдей дерлік шетелдік инвестиция есебінен қаржыландырылады. Суқоймада өсірілген балықтардан қалбырдағы өнімдер, ыстық және суық күйде қақталған балық және балық өнімдері, жартылай дайын тағамдар даярланады. Ал өнімді әзірлеу барысында қалған қалдықтар қайта өңделіп, кешендегі балықтарға сапалы әрі пайдалы азық әзірленеді. Дайын өнімнің 70%-ы Қытай мен Ресей Федерациясына экспортталса, қалған 30%-ы өңір нарығын сапалы өніммен қамтымақ. Кешеннің құрылысына 120 маман тартылса, қолданысқа берілгеннен кейін 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өнім қуаттылығы 1500 тоннаны құрайтын бірінші кезеңнің іске қосылуы 2021 жылдың төртінші тоқсанына, ал екінші кезеңін бастау 2023 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Санитарлық талаптарға сәйкес Орал қаласынан 18, Дариян ауылынан үш шақырым қашықтықта орналастыру жоспарланған өндіріс ошағының бой көтеруі үшін шамамен 15 гектар жер телімі қажет.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев өңір нарығындағы сапалы азықтүлік қорын арттыратын жобаға мемлекет тарапынан қолдау ретінде Бәйтерек ауданының аумағынан жер телімі ұсынылатындығын айтып өтті. Ал «Golf&Resort «AQJAIYQ» ЖШС директоры Батырбек Сейітбеков өңірімізде гольф алаңқайын салуға ниет білдіріп отыр. Жобаға 30 млн. АҚШ доллары шамасында шетелдік инвестиция тартылады деп жоспарлануда. Бұл жоба да Бәйтерек ауданы аумағында жүзеге асырылмақ. Жалпы көлемі 80 гектарды құрайтын жерге 9 шұңқырлы гольф алаңқайы, гольф академиясы, клуб үйі, қонақүй мен мейрамхана, басқа да спорттық нысандар салынады деп жобаланған. Нысанның құрылысына 220 адам жұмылдырылса, жоба іске қосылғаннан кейін 60 адамға тұрақты жұмыс табылмақ. Жобаның бірінші кезеңі 2022 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады деп күтілуде. Бұл жобаға да мемлекет тарапынан қолдау ретінде жер телімі бөлінеді. Сонымен қатар аталған серіктестік яхта клубын салуды да жоспарлап отыр.

Облыс әкімі  біздің облыста мұндай айрықша нысандардың ашылуы өңірімізге туристердің қызығушылығын арттырып, аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуына тың серпін береді деген пікір білдірді.

– Транзиттік тұрғыдан ыңғайлы орналасқан облыста туризмді қолдау – инвестиция тартудың тиімді көзі. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жандандырған жөн, – деп атап өтті  Ғали  Есқалиев.

«Х. Қапанов атындағы Орал халықаралық гимназиясы» ЖШС-ның директор-құрылтайшысы Хайдар Қапанов қаламыздағы Мәскеу көшесіне жаңа төрт қа-батты жеке мектеп ғимаратын салуды ойға алған. Жобаның инвестиция көлемі шамамен 500 млн. теңгені құрайды. Сәтті жү-зеге асар болса, бұл өңіріміздегі ең үлкен жеке мектеп болмақ. Алдын ала жоба-жоспар бойынша жаңа оқу орнында 550 оқушы, ал екі ауысымда жұмыс жасаса, 1100 оқушы білім алады. Жобаны жүзеге асырушы мекеменің білім саласында тәжірибесі баршылық, оның меншігінде жалпы аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын балабақша бар. Биыл құрылысы басталатын нысанды жыл соңында іске қосу көзделіп отыр. Құрылыс барысында 50, ал мектеп іске кіріскеннен кейін 85 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

– Жеке білім ошақтарын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында мемлекет тарапынан инвестицияны 8 жыл бойына қайтару, сондай-ақ барлық жұмыс істеу кезеңінде операциялық шығындарды өтеу түрінде қолдау қарастырылған. Қазіргі таңда атқарушы құрылым, инвестор және ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ арасында мемлекеттік қолдау туралы келісімге қол қойылды. Атап өтерлігі, орта білім беру қызметінің белгіленген көлемі халық үшін тегін көрсетіледі, – деп атап өтті өңір басшысы. Сонымен қатар серіктестік басшысының жаңа нысан бой көтеретін аумақтағы көшеаралық жолдарды жөндеу туралы ұсынысы алдағы уақытта қарастырылатын болады. Сондай-ақ болашақта біздің қаламызда сыйымдылығы 600 орынды құрайтын «Бәйтерек» спорттық кешені іске қосылмақ. Бұл жоба жөнінде «BIMS» ЖШС-ның атқарушы директоры Махамбет Сұлтанғалиев баяндады. Оның айтуынша, аталған кешеннің құрамына фитнес залы, бокс және дзюдоға қоса спорттың өзге де, жекпе-жек түрлерімен айналысуға арналған залдар енбек. Ал бөлек үлкен зал баскетбол, футбол, волейбол, гандбол се-кілді бұқаралық спорт түрімен  айналысушылар үшін қызмет етпек. Инвестициялық құны  600 млн. теңгені құрайтын нысан жеке инвестордың есебінен жүзеге асырылмақ. «Бәйтерек» кешенінің құрылыс жұмыстарына 50 адам тартылып, жоба іске қосылған кезде 15 жаңа жұмыс орны ашылады. Биылғы  жылдың екінші тоқсанында құрылыс жұмыстары басталса, дайын кешен 2021 жылдың басында қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірімізде спорттық нысандардың зор сұранысқа ие екендігіне, жобаның жүзеге асуы арқылы жаңадан бой көтеріп келе жатқан 10-шағынаудан тұрғындарының бұқаралық спортқа қатысты қажеттілігі өтелетіндігіне тоқталып өтті. Ол сондай-ақ мемлекет тарапынан қолдау ретінде жер телімі жалға алу құқығымен берілетіндігін, сонымен қатар балалардың жаттығу жұмыстарын өткізу үшін спорттық кешенді ішінара жалға алу ретінде қолдау болатындығын жеткізді. Ал «Ашық жол» ЖШС-ның құрылтайшысы Вениамин Мұқатаев Орал қаласында «№1 сауда үйі» жобасын жүзеге асырмақ. Бұл сауда орны тұтынушыларға ауыл шаруашылығы  өнімдерін, техника мен көлік құралдарын, қосалқы жабдықтарды, құрылыс заттарын, қысқасы, не керектің бәрін ұсынатын болады. Сонымен қатар сауда жасаушыларға аумағы 5,3 гектарды құрайтын ыңғайлы аутотұрақ қызмет көрсетеді. Компания басшысы алдағы уақытта қала бойынша дәл осындай әмбебап сауда үйінің 4 павильоны бой көтеретіндігін айтып өтті. Екеуінің құрылысы 2021 жылы, төртінші нысанның құрылысы 2022 жылы қолға алынбақ. Инвестиция құны 230 млн. теңгені құрайтын алғашқы жоба барысында 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Серіктестік басшысының мәлімдеуінше, биыл наурыз айында құрылысы басталатын су жаңа сауда ошағы тамыз айында қолданысқа берілмек.

Өңір басшысы аталмыш жобаға мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында сыйақының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша қолдау көрсетілетіндігін  айтты.

– Бүгінгі жиын барысында жалпы құны 26 млрд. теңгені құрайтын бес жаңа жоба көпшілік назарына ұсынылды. Оларды жүзеге асырған жағдайда 370 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде негізгі капиталға қатысты инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Мемлекеттік құрылымдарға осы жобаларды жүзеге асыруға күш салуды тапсырамын, – деді облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар