17.01.2020, 14:26
Қараулар: 423
АӘК – кедейліктен  құтқарар  қаржылай  көмек

АӘК – кедейліктен  құтқарар  қаржылай  көмек

Облыс  әкімінің  орынбасары  Бибігүл  Қонысбаева  мен облыстық  жұмыспен  қамтуды  үйлестіру  және  әлеуметтік бағдарламалар  басқармасы  басшысының  орынбасары Ділдәш  Ысқақова  Бөкей  ордасы  ауданына  жұмыс  сапарымен  келіп,  ауылдық  округ  әкімдерімен,  мекеме  басшылары  және  мамандармен  кездесті.

Бибігүл Тишанқызы жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмектің өзгешелігін түсіндіріп, табысы кедейшілік шегінен төмен отбасыларға көмектесе отырып, өз тарапынан бағытын табуларына жәрдемдесуіміз керек деді. Сонымен қатар АӘК-тің жаңа үлгісі учаскелік комиссияға зор міндет жүктейтінін жеткізіп, олар мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуі шарт екенін  баса  айтты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Салауатқызы жаңа үлгі бойынша АӘК-ті тағайындауда бейімдеу шараларына, әлеуметтік шартқа мән беруді тапсырды. Әрі ол заң талабы негізінде бала күтімінде сәби 3 жасқа толғанша бола алатынын, заңды некеде болмаса  да, бір шатырдың астында тұратын серігінің де табысы ортақ болып  есептелетінін  айтты.

Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, толымды жауаптар алды.

Кейін облыс орталығынан келген меймандар бөкейлік көп балалы аналармен кездесіп, атаулы әлеуметтік көмекке қатысты уәждерін  тыңдады.

Жуырда ғана жаңа үйге қоныстанған көп балалы Армангүл Шохаева АӘК-ке құжатты тапсыруына жаңа мекенжайының жүйелік базада анықталмағандығы кедергі болып отыр десе, Жұлдыз Әбдірешева тігіншілік кәсібіне мемлекеттен берілген гранттың бүгінде табыс әкелмей отырғанын айтып, көмекке мұқтаждығын алға тартты. Баршагүл Есенғалиева «Берілген көмекқаржыға міндетті түрде мал алуымыз қажет пе?» десе, Айгүл Ғұбашева «Өз тұрғын үйінде тіркеуде тұрғанымен, отбасымен жалдамалы пәтерді мекендеп  жүрген ұлына бұл көмек тиесілі ме?» деп сұрады.

– Атаулы әлеуметтік көмекті үзбей төленетін қаржы деп қарастыру қате ұғым. Ол еңбекақы емес, ол – мемлекеттің отбасыға кедейліктен құтылуға берілген қаржылай көмегі. Үкіметімізден берілген гранттар мен шағын несиелер де солай. Бұл қаржы-қаражат – азаматтарымыздың қолын жая беруге емес, еңсесін тіктеуіне берілген жәрдем. Соны алған әр азамат кәдеге асырып, пайда көзін табуы тиіс, – деді сөзін  түйіндеген  Бибігүл  Қонысбаева.

Раушан  БАҚЫТОВА,

Бөкей  ордасы  ауданы

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.