17.01.2020, 14:25
Қараулар: 107
Білім:  Ақсайда  кадр  мәселесі  шешілмей  тұр

Білім:  Ақсайда  кадр  мәселесі  шешілмей  тұр

Өткен жылдың соңында білім саласы бойынша ең маңызды екі құжат  «Педагог мәртебесі туралы» заң және Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғандығы белгілі. Осыған орай Бөрлі ауданында облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевтың төрағалығымен «Білім саласы мәселелері» бойынша кеңес отырысы өтті. Оған Орал қаласы мен барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары, білім бөлімдерінің басшылары қатысты. Ауданға келген меймандар алдымен Қанай мектеп-балабақша кешені, Бөрлі №1, Григорьевка, Ақсай қалалық №6 ЖББОМ мен Кеңтүбек ауылындағы “Жұлдыз”, Ақсай қалалық №3 “Гүлдер”, №5 “Ертегі” бөбекжайларымен және Бөрлі спорт кешенінің жұмысымен, бөрлілік балаларға жасалып жатқан жағдаймен танысты.

Алдымен Қанай ауылына ат басын бұрған меймандар 108 балаға беріліп жатқан білім мен тәрбиенің барысына қанықты, 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен кешендегі барлық сынып интерактивті тақтамен жабдықталған. Қонақтар Бөрлі ауылындағы №1 жалпы білім беретін орта мектеп ғимаратымен танысты.

256 бала білім алып жатқан мектеп заман талабына сай жабдықталған. Қонақтарды “Алтын ұрпақ” жобасы бойынша қолға алынған “Асық ату” мен робототехника үйірмелері қызықтырды.

Бөрлі ауылындағы дене шынықтыру кешені де назардан тыс қалмады. Мұнда ауылдың жастары, әсіресе, мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған үйірмелер тұрақты жұмыс  істейді. Кешенге тек Бөрлі ауылының тұрғындары емес, көршілес Қанай, Бумакөл ауылының жастары да келіп, спортпен шұғылданады. Ауданға келген басшылар Кеңтүбек ауылына да ат басын бұрды.

Өткен жылдары Назарбаев зияткерлік мектебі республикалық әлеуметтік акция аясында ауыл мектептерін қолдау, материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қолдау көрсеткен болатын. Мектеп, аудан орталығынан он бес шақырым қашықта орналасқан. Білім ошағы білікті, тәжірибелі ұстаздар мен білімді, жан-жақты оқушыларымен ерекше. Мұнда ұлттық спортты жанына серік еткен шәкірттер көп. Білім ордасы қол күресі, тоғызқұмалақ пен қазақша күрестен республика, Азия чемпионаттарында топ жарған шәкірттерімен мақтанады.   Алдымен мектеп тынысымен танысқан меймандар білім ордасының мұражайын тамашалады. Дарынды балалардың қолөнер бұйымдарын көрді. Мектепте кітап оқуға құштар оқушылар көп. Олар білім ошағына келген қонақтарға қазақ, әлем әдебиеті шығармаларын оқудың маңыздылығын әңгімелеп берді.

Бүгінгі бала – ертеңгі болашақ. Бүлдіршіндерімізге заман талабына сай білім мен тәрбие беру – әр ата-ананың басты мақсаты. Бұған мемлекет те мүдделі. Жас ұрпағымыздың келешегі кемел болуы үшін жағдай жасалып та жатыр. Екі жыл бұрын Кеңтүбек ауылында бой көтерген елу орындық «Жұлдыз» бөбекжайы аудан меймандарына көрсетілді. Нысан заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда балдырғандардың мектепке дейінгі білім мен тәрбие алуына барлық жағдай жасалып отыр. Балабақша құрылысына аудан бюджетінен 106 837 976 теңге қаражат бөлінген еді. Сегіз ай ішінде бой көтерген нысанның іші жиһаздармен, бүлдіршіндердің жан-жақты дамуы бағытындағы ойыншықтармен жабдықталды. Дегенмен Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Орынбасар Төлемісовтің айтуынша, кеңтүбектіктерге 50 орындық балабақша тарлық етіп отыр. Яғни ата-аналар балабақшаны үлкейтуді, болмаса, жаңа балабақша салуды сұрап отырғандығын айтады.

Биылғы оқу жылында мектеп-лицей атанған №6 мектепке де қонақтар ат басын бұрды.  Математика және жаратылыстану бағытында ашылған лицейде барлығы 26 сынып бар. Оның 18-і қазақ тілді сыныптар болса, қалғаны орыс тілді. Лицейге қабылдау әңгімелесу арқылы, логикалық бағыттағы сұрақтар мен емтихан арқылы жүргізіледі. Жаңа статусқа ие болған білім ошағы 2010 жылы ашылған. Содан бері білім додаларында жақсы көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Былтырғы оқу жылында ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 47 түлектің 30-ы білім гранттарының иегері атанған болатын.

Жалпы, жыл санап еліміздің білім беру саласына оңтайлы өзгерістер енгізілуде. Қазір мектеп пен мұғалімнің ең қасиетті міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған, дарынды, бойына ұлттық құндылықтарды сіңірген жеке  тұлғаны қалыптастыру. Әрі оқушылардың қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы маңызды.

Алдымен білім беру саласындағы жетістіктерге тоқталайық. Білім және ғылым министрлігі тарапынан өңірлердің білім жүйесінің қорытынды индексі шығарылып отырылатындығы белгілі. Бұл жинаққа сәйкес 2018 жылдың қорытындысы бойынша біздің облыс Павлодар облысы мен  Алматы қаласынан кейінгі алдыңғы қатардағы үштікке кірген. Әрине, бұл жақсы нәтиже болғанымен, білім саласында шешуді талап ететін сұрақтар бар екен. Алдымен мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту және тәрбиемен қамтудағы көрсеткіштердің артуына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарға қажеттілік сақталып отыр. Демографиялық және көші-қон процестеріне байланысты мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту қажеттілігі, әсіресе, Орал және Ақсай қалаларында байқалады екен.

Облыс бойынша 12 апатты, 8 үш ауысымды мектеп бар. Үш ауысымды мектептің төртеуі Орал қаласындағы Зашаған ауданында орналасқан. Келелі отырыста бұл мәселе көтеріліп, аталған шағынауданға мектеп салу қажеттілігі туындап отырғандығы айтылды.

Жалпы, облыс бойынша апатты және үш ауысымды мектептер санының өсуінің негізгі себептері – апатты жағдайдағы мектептердің алды 1935 жылы пайдалануға берілген және қажетті күрделі жөндеу жұмыстары уақытында жүргізілмеген. 2019 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарына Жаңақала, Бәйтерек  аудандары бойынша мүлдем қаржы бөлінбеген.

Бүгінде апатты және үш ауысымды мектептерді жою мақсатында республикалық бюджеттен 4 мектептің, жергілікті бюджеттен 1 мектептің құрылысы жүруде.

Жиында көтерілген өзекті мәселе – оқушылардың қауіпсіздігі.

Атап айтсақ, мектеп әжетханаларының мектеп ішінде болуы, бейнебақылау мен турникеттердің орнатылуы.

Облыстағы 379 күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің 249-ы типтік ғимаратта орналасқан. 179 мектепке ішкі әжетханалар орналастыру қажеттілігі болса, оның тек 92-сінде әдейі қарастырылған орындар бар, 114 мектепте кәріз жүйесі мүлдем қарастырылмаған.

Өңірдегі тек 116 балабақшада бейнебақылау камералары орналастырылған.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова мектептерді ішкі дәретханалармен қамтамасыз ету бағытындағы шараларды алу, бейнебақылаулармен қамтамасыз етілген білім беру ұйымдарындағы серверлердің бақылауда болуын қадап айтты.

Жиында  кең жолақты интернет желісі мен облыс мектептерінің  компьютерлік техникамен жабдықталуы туралы да айтылды. Өңір мектептерінде 15 977 компьютер болса, 7864-і ескірген және ауыстыруды қажет етеді. Өйткені жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту процесінде сандық білім беру ресурстарын және қажетті заманауи бағдарламаларды пайдалану үшін ескірген компьютерлердің техникалық сипаттамасы сәйкес келмейді.

Компьютерлік техниканың басым бөлігі 2009 жылға дейін сатып алынды. Істен шыққан техника жөндеуге жатпайды және қосалқы бөлшектерін ауыстыруға болмайды, өйткені сол жылдардағы жиынтықтар өндірістен алынып тасталған, ал қазіргі заманғылар үлгілер бойынша сәйкес келмейді. Сол себепті де 8890 бірлік мөлшерінде мектептер мен колледждердің компьютерлік паркін жаңарту қажет.

Келелі басқосуда пәндік олимпиададағы көрсеткіштер туралы баяндалды.

– Жалпы білім беретін және мамандандырылған мектеп оқушыларынан бір немесе бірнеше пәндік білім бағыттарында жоғары сапалы білім көрсету талап етіледі. Күні кеше олимпиаданың облыстық кезеңі аяқталды. Олимпиада қорытындысына жасалған талдау, негізінен, олимпиада жеңімпаздары болып облыстық мектептердің оқушылары танылып келсе, соңғы екі жылда Жәнібек ауданынан бірде-бір оқушы жеңімпаз атанбаған. Биыл Казталов ауданы бойынша ешқандай жеңімпаз болмады. Сондықтан білім беру бөлімдері олимпиада қорытындыларына терең талдаулар жасап, олимпиадаға қатысушылардың тиісті нәтиже көрсетуі бағытында жұмыстануы қажет, – деді өз сөзінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Айымгүл Мақсотқызы.

Жиында еліміздегі білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «Педагог мәртебесі туралы» қабылданған жаңа заң турасында кеңірек түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кеңеске келгендер сала басшыларына түрлі сұрақтар қойып,  маңызды мәселелер көтерді. Алдымен мектеп ішіне әжетхана орнатуды аудан бюджеті көтермейтіндігі айтылса, облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардың өкілдері кең жолақты интернет желісіндегі ағаттықтар туралы баяндады.

Ал Ақсай қаласында білім саласындағы кадрлар мәселесі шешілмей тұр. Бұған себеп – шаһар моноқала мәртебесіне (статусына) ие болғаннан кейін «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы мен ауылдық жерде жүретін 25 пайыз жеңілдіктің жоқтығы әсер етуде, дейді мамандар. Жаңа заңда педагогтерге үй салу үшін берілетін жердің жайы да тайға таңба басқандай анық айтылмаған.

Басқосуды түйіндеген облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев осы жиында көтерілген барлық мәселені жинақтап, ұсыныстармен толықтырып, облыс әкімдігіне жіберуді ұсынды.

Айым НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі ауданы