17.01.2020, 14:24
Қараулар: 119
Белсенділер  марапатталды

Белсенділер  марапатталды

Сейсенбі  күні  «Ақжайық  –  адалдық  алаңы»  жобалық   кеңсесінің  2019   жылы  атқарылған  жұмыстары  қорытындыланып,  кеңсенің  белсенді  мамандары  алғысхаттармен  марапатталды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет, сондай-ақ «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Сәлиева мен өңірдегі арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Айгүл  Түркина  қатысты.

– Жобалық кеңседе 120-дан астам белсенді маман бар. Олар қоғамдағы өзекті мәселені шешуде өз үлестерін қосып жүр.

Былтыр  облыстағы 1200-ден астам тұрғынның  әр түрлі мәселелер төңірегіндегі арыз-шағымдары тіркелді. Оның 170-і жергілікті атқарушы құрылымдардың деңгейінде шешілсе, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында 53 ұсыныс келіп түсті. «Ақжайық – адалдық алаңының» басты жобаларының бірі – мемлекеттік сатып алу үрдісіне қоғамдық топ мүшелерінің қатысуымен мониторингтік сараптама жүргізу болатын. Мемлекеттік мекемелердің жұмысына қоғамдық бақылау орнатылды. Жобалық кеңсе электронды кезек жүйесін енгізуді дамытып, мемлекеттік қызметті «бір терезе» қағидаты негізінде алуға жағдай жасап, «Ашық әкімдік» шараларын ұйымдастырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарды  әлеуметтік желіде де жүргізіп келеді. Айта кетсек, whatsapp желісінде мемлекеттік қызметкерлердің чаты ашылды. Онда облыс, қала, аудан-ауыл әкімдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары бар. Аталмыш чат арқылы тұрғындар көтерген әлеуметтік мәселелер жедел шешімін табуда, – деді «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Сәлиева.

Сондай-ақ ол өткен жылы  атқарылған жұмыстарды саралап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың жалғасатынын жеткізді.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев жобалық кеңсенің қызметіне оң бағасын  беріп, ашықтық, адалдық турасында ұсынған жобалардың тұрғындар тарапынан қолдауға ие екенін атап өтті. Ал өңірдегі арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Айгүл Түркина аталмыш топтың жұмысын баяндады.

Басқосу соңында «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бірқатар қызметкері марапатталды. Олардың қатарында облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасындағы  әкімшілік бөлімінің басшысы Орынбек Насимуллин, Орал арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Мира Отарбаева, Құрманғазы атындағы саз колледжі директорының орынбасары Медет Төлепов, Орал қалалық №1 емхананың эпидемиолог-дәрігері Қайрат  Төлеуғалиев  бар.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар