14.01.2020, 13:28
Қараулар: 91
«Мені  оқитын, мені  ұғатын  халық  бар»

«Мені  оқитын, мені  ұғатын  халық  бар»

Таяуда Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына арналған «Мені оқитын, мені ұғатын халық бар» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына орай ақынның есімін ұлықтап, шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен насихаттауды басты мақсат еткен шараны облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырды.

Әдеби шара басталмас бұрын өңіріміздің зиялы қауым өкілдері ақын ескерткішіне тағзым етіп, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен Қадыр ақынның қарындасы Күләш Мырзалиева гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш алдында жас дарындар ақын өлеңдерін оқып, қазақтың Қадырын еске алды.

Әдеби-сазды кеш орталықтың концерт залында жалғасты. Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев биыл ашылғанына 5 жыл толғалы отырған Қадыр орталығы өңіріміздегі рухани ордалардың бірегейі екендігін атап өтті.

– Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Қадыр ақынның жырларын жатқа айтады. Биыл абыз ақын Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдық мерейтойы. Бұл – қазақ елі үшін үлкен той. Өмірдің мәнін, тіршілік сырын, ұлтымыздың мінез-құлқын, қарапайым еңбеккерлердің өмір тынысын өміршең жырларына арқау ете білген ағамыз өлеңсүйер оқырманның жадында мәңгі сақталады. Оның тынымсыз  еңбегі көптеген ақын-жазушыларға үлгі-өнеге. Саналы ғұмырын әдебиетке арнаған ағамыздың есімі, рухани мұрасы әлемге танымал. Өзі жер басып жүргенде абызға айналып, өмірден өткен соң аңызға айналған Қадыр ақын өз ғұмырында оқырман қауымға рухани азық болатындай мол мұра қалдыра білді. Сондықтан біз ұлттың рухани көшбасшысына айналған ұлы тұлғаны ұлықтауға міндеттіміз, қадірлеуге тиіспіз, – деді Серік Рахметоллаұлы.

Рухани кеште балабақша бүлдіршіндері ақын өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді. Бұл тұрғыда Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерін сәби санасына сіңіріп, ақын шығармашылығын насихаттауға кеңінен үлес қосып жүрген Орал қаласындағы №35 «Шұғыла» бөбекжайы ұжымының еңбегі өзгелерге үлгі боларлықтай-ақ.  Тасқала ауданынан келген 9-сынып оқушысы Қасым-Жомарт әлі Ғазез Қадыр ақынның 310 өлеңін, Орал қалалық №47 мектептің оқушысы Бақытжан Санжар 30-дан аса өлеңін жатқа білетіндігімен көрерменді таңғалдырды. «Бұл кеш ақынды ұлықтаудың басы ғана» дейді орталық мамандары. Демек, Қадыр ақынның мерейтойына арналған тағылымды шаралар керуені жыл бойы жалғаса бермек.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар