14.01.2020, 13:25
Қараулар: 667
Ұлағатты  ұстаз, тәжірибелі  тәлімгер

Ұлағатты  ұстаз, тәжірибелі  тәлімгер

Өңірімізге танымал ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры Әмірхан Қарасаев өмірі өнегеге толы құрметті абыз ақсақал еді…

1927 жылдың 9 мамырында дүниеге келген оны әкесі Әтен жасы беске толар-толмас шағында өзі сабақ беретін Қамыс-Самар мектебіне оқуға берген. Демі үзілер алдында Әтен ұстаз жалғыз ұлын шақырып алып: «Алды-артыңда ешкімің жоқ, жалғыз қалып барасың. Құдайға жалбарынып, ата-бабаңның аруақтарына сыйынып жүр. Оқудан қол үзбеуге тырыс. Қиындықпен күресе біл. Құрбы-құрдастарыңнан кем қалма. Үкіметке, қоғамға адал еңбек ете біл. Сонда жақсы боласың», – деп соңғы өсиетін айтады.

Араға екі жыл салып, аяулы анасы да өмірден өтті. Әкесінің туған інісі Шәпенді «Халық жауы» деп танып, жер аударғаннан ке-йін өзін және ағасының отбасын асырау үшін қабырғасы қатпай еңбекке араласты. Балық аулауға шықты. Сөйтіп, 8-класты бітірген соң оқуын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндігі болмады. Соғыс жылдарында тылда ересектермен тең дәрежеде еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлесін қосты. Осындай қиын-қыстау жылдар, жоқшылық, ауыр еңбек Әмірхан Әтенұлының мінезіндегі төзімділік пен қайсарлықты, ерік-жігер мен өжеттілікті қалыптастырды. Тағдыр тәлкегімен қоныс аударып, әр қиырдан жер аударылып келген он төрт ұлт өкілімен бірге Солтүстік Қазақстанда күннің суығы мен аптап ыстығында аш-жалаңаш жүріп, шаруашылықтың малын бағады. Өмірдің түрлі сынағымен бетпе-бет келіп, тай-салмастан күресіп жүрген жігітті білімге деген құштарлық алға жетелей түсті.

Жаратқан сәтін салып, 1943 жылы ол мал мамандарын даярлайтын техникумның алты айлық курсында оқып шықты. 1948 жылы ауыл шаруашылығы курсын біті-ріп, кіші зоотехник мамандығын алды. 1949 жылы Фурманов атындағы 28-жылқы зауытында аға зоотехник болып еңбек етеді. 1952-1957 жылдары Саратов зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқып, диплом алғаннан соң Орал облысының «Краснов» астық совхозына бас зоотехник болып тағайындалады. Ал 1958 жылы Тайпақ ауданының «Есенсай» шаруашылығында еңбек етеді. 1964 жылы Алматыдағы Қазақ мал шаруашылығы технологиясының ғылымизерттеу институтының аспирантурасын үздік бітіріп, жолдамамен Батыс Қазақстан ауыл шар-уашылығы институтына жұмысқа орналасады.

Біз 1971 жылы аталмыш институттың зоотехникалық факультетіне оқуға түскен едік. Сол кездегі жас оқытушы Әмірхан Әтенұлымен таныстық. Ұстазымыздың бізге қояр талабы қатаң болды. Сабаққа кешігіп келген студентті «Сенің пойызың баяғыда кетіп қалған» деп, дәрісханаға кіргізбей шығарып жіберетін. Оқытушының  әр сөзін қалт жібермей ұғып алуға тырысатынбыз. Әмірхан Әтенұлы біздің курстың алғашқы тәлімгері болды. Ұстаз ретінде алдындағы әр шәкіртінің қабілетін айнымай танитын. Институт бітірген соң да түлектердің тағдырына алаңдады. Ұстазымыз әңгімелерін қызғылықты қылып, ретретімен, ешнәрсені ұмыт қалдырмай, деректер мен дәйектерге сүйеніп, майын тамызып айтатын. Ұстазға қарап бой түзедік, ой жүйеледік. Оқуға құштар, кітапқа жақын болдық, ғылым жолына түстік. Өзіміз де ұстаздық жолды таңдап алдық.

Әмірхан Әтенұлы кейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті атауын иеленген бірегей білім ордасында қырық жылдай тапжылмай оқытушылық қызметпен айналысты. Мал шаруашылығының білімді де білікті мамандарын даярлады.

Ә. Қарасаев 200-ден астам ғылыми мақала мен 15 монография жазды. Оның «Сүт бағытындағы ірі қара шаруашылығын интенсивтендіру» атты оқу құралын білім алушылар әлі күнге дейін қолданып келеді.

Әмірхан Әтенұлының ғылыми жетекшілігімен тек бір ғана зоотехникалық факультетінен 50-ден астам ғылым кандидаты, 15 ғылым докторы диссертацияларын қорғады. Ол кісіден тәлім алып, ғылым жолына түскен шәкірттерінің арасында көп жыл уни-верситетіміздің ректоры болған профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану академиясының  академигі Қазыбай Бозымов, Балуаш Трайсов, Ғұсман Молдашев, Аманжол Зинуллин, Едіге Насамбаев, Қайырлы Есенғалиев,  Нүркен Ғұбашевтар бар.

Білім ордасының қалыптасуы мен дамуы, кемелденуі жолында бар күш-жігерін сарп еткен ұлағатты ұстаздың есімі университеттің Құрмет кітабында алтын әріптермен жазулы тұр. Ұлағатты ұстаз, танымал ғалым, тәжірибелі тәлімгердің ерен еңбегі еленбей қалған жоқ. Ол «КСРО жоғары оқу орындарының үздігі» төсбелгісімен, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің грамоталарымен, ҚР Тұңғыш Президенті  Н. Назарбаевтың Алғысхатымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Республикалық санаттағы дәріскер», «Батыс Қазақстан облысының таңдаулы дәріскері» атақтарына ие болды. Бертін келе республикалық батагөйлер сайысына қатысып, облысымыздың намысын абыроймен қорғап, Қожа Ахмет Яссауи атындағы дипломмен марапатталғаны да белгілі.

Он екі жыл университеттің ардагерлер кеңесіне төрағалық еткен Әмірхан Әтенұлы зейнеткерлікке шыққасын Орал қалалық ардагерлер кеңесін басқарды. Қолынан қаламын тастамай, жастарға рухани азық болар құнды дүниелер жазып, шығармашылықпен де айналысты.

Адамгершілік, төзімділік, сабырлылық, адалдық, жауапкершілікті өзінің өмірлік қағидаттары етіп алған ұстазымыздың өнегеге толы өмір жолы – көпшілікке үлгіөнеге, ал жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін шамшырақ. Дүниеден өткеніне қырық күн толғалы тұрған ұлағатты ұстазымыздың иманы жолдас, жаны жәннатта, топырағы торқа болғай дейміз.

Болатқали ТӨЛЕБАЕВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.