14.01.2020, 13:22
Қараулар: 88
Денсаулық – діндарға да аманат!

Денсаулық – діндарға да аманат!

Қазақта «Мұсылман болу әсте-әсте…» деген сөз бар. Яғни дінді біртіндеп  игеру керек. Бірден бәрін білу мүмкін емес. Адам бір рет намаз оқығаннан тақуа болып кетпейді. Ал ұзақ жыл  бойғы ғибадат, шынайы тақуалық ол адамды рухани кемелдікке алып келуі мүмкін.  Дінге келуге иман керек, оны сауатты ұстануға білім керек.

Тәуелсіздік пен тыныштық елімізге тек әлеуметтік-экономикалық серпіліс алып келген жоқ.

Тәуелсіздіктің таңында қазақ Құдайымен қайта қауышты, тыныштықтың бесігі азанның үнімен тербелді. Алласын таныған ұлттың ұрпағы да өмірлік жолын көшеден емес, діннен іздеді. Бозбалалар бесіктен белі шыға сала, көшенің қараңғысындағы бұзақылардың емес, мешіттегі жамағаттың қатарын толтырды. Мешіттегі сапты жастар да, үлкен буын да толтырып жатыр. Осы жерде заңды сұрақ туады. Олардың бәрі дінді біліммен ұстанып жүр ме?

Өкінішке орай, олай емес секілді. Мың сан себеп іздемей-ақ, мысалға мына бір жайды алса болады. Дәреттің болуы діннің талабы, тіпті «намаздың есігі» екендігі рас. Бірақ қыстың суық күні сырттағы дәретханаға барып, суық сумен дәрет алу дұрыс па? Діннің талабын орындау үшін денсаулығына зиян келтіруге дініміз қалай қарайды? Біз осы сұрақтарды Сырым аудандық орталық мешітінің бас имамының міндетін уақытша атқарушы Әділхан Наурызбай мырзаға қойдық.

Имам біздің сауалымызды әріректен тарқатты.

– Барлық мақтау бүкіл әлемнің раббысы Аллаға ғана лайық! Алланың ардақты елшісі, адамзаттың асыл тәжі Мұхамедке (с.а.у), оның отбасы мен сахабаларына салауат – сәлемдер болсын!

Алла Тағала адам баласын басқа жаратылыстардан ерекшелендіріп, ақыл мен сана беріп, бойын тіктеп, көркем түрде жаратты.

Адам (а.с.) жер бетіне біліммен түскен еді. Қазіргі таңда дін саласында болсын, дүнияуи бағытта болсын, ғалымдардың көптеп шығуы – осының хақ дәлелі. Пайғамбарымызға (с.а.у) ең бірінші түскен аятта да «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» – деп басталған еді. Сондықтан да  Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде айтылғандай, «Ілім алу – әрбір мұсылман ері мен әйел кісіге парыз!».

Қазақтың мақтанышы, көрнекті ағартушысы Ы. Алтынсарин «Кел балалар, оқылық! Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық!» деп ұлтын қараңғылықтан жарыққа шығаруға тырысқан еді.

Ал дін саласындағы білім алудың маңыздылығы жайында ислам әлемінде төртінші халиф болған Әли Ибн Әбу Талиб (р.а.) «Ілімсіз ғибадатты түсінбей оқыған ілімде және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен береке жоқ!» деген. Осы орайда қаншама ғалымдарымыз келешек ұрпаққа жеңіл болуы үшін том-том кітаптар жазып кеткен болатын.

Хазіреті Лұқман хәкім баласына былай деді: “Ғалымдармен отыр! Хикмет иелерінің сөздерін тыңда! Алла Тағала көктем жаң-бырымен топыраққа өмір бергендей, өлі жүректерді хикмет нұрларымен тірілтеді”.

Демек, алдыңғы буын өзінің міндетін мінсіз атқара білді. Ендігі мәселе кімде? Бізде.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Білгендер мен білмегендер тең бе?» деген аятты бекер айтпаған еді. Қазіргі таңдағы көптеген намазхан бауырларымыз барында бағалай алмай, айырылып қалса, таба алмайтын баға жетпес байлығы болған тәннің саулығын білімсіздікпен құртып алып жатыр.

Пайғамбарымыз (с. а. у.) хадисінде: «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар. Ол – денсаулық және бос уақыт» – деген.

Құран Кәрімнің “Юнус” сүресінде: «Алла адамдарға еш зұлымдық қылмайды, бірақ адамдар өздеріне өздері зұлымдық қылады» — деген. Денсаулық – Алланың адам баласына берген аманаты. «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біл. Соның бірі – ауру келмей тұрып, денсаулықтың қадірін біл!» – деп Пайғамбарымыз (с.а.у.) қатаң түрде ескерткен еді.

Дінді білімсіз ұстанудың зардабы туралы имам түсінікті қылып айтты. Білімсіздік, біріншіден, адамның амалын берекесіз етіп, екіншіден, саулыққа да зиян келтіреді екен. Бұл жерде жанның саулығы мен тәннің саулығы қатар тұр. Дәрет алу мәселесінде қандай қателіктер жіберіп жүрміз. Енді осы сұрақты қаузайық.

– Жалпы, дәрет алу мәселесінде көптеген талас-тартыс кездесіп жатады. Тереңірек зер салсақ, мәселе дәреттің алуында емес, білімсіздікте екенін анық аңғарамыз. Дәреттің парызын орындаймын деп, суық күндері іш дәретін суық сумен алып жүргендер кездеспейді емес, кездеседі. Дұрыс, нәжістен тазалану – парыз. Бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты ғалымдарымыз түрлі жеңілдіктерді қолдануға рұқсат еткен.

Құран Кәрімде “Ниса” сүресінің 29-аятында «…және өздеріңді өлтірмеңдер!» десе, Пайғамбарымыздың хадисінде «Дінді ауырлатпаңдар!» деген сөз де кездеседі.

Пайғамбарымыздың (с.у.а.) өмірбаянына қарайтын болсақ, ол (с.у.а.) іш дәретін тек сумен тазалай берді деген мағлұмат мүлде кездеспейді. Керісінше, таспен тазаланды деген хадис жоқ емес, бар.

Суық күндері іш дәретін сумен алу орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Жыныс мүшелерін суық сумен жиі жуу, оны кептірмей, дымқыл іш киіммен жүре беру – қуық асты безінің қабынуына, яғни простатит дертіне әкеліп соғады. Бұл – ер адамдар үшін өте қауіпті дерт.

Ислам саулықты қатерге байлауға тыйым салған. Өйткені құлшылықты кемеліне келтіріп орындау үшін де денсаулық керек-ті.

– Жасырын емес, медреседе оқып жүргенде көптеген шәкіртіміз осы простатит және гайморит ауруларына шалдықты. Ұстаздарымыз сақтану туралы көп ескертетін.

Бірақ күмәнсіз дәрет аламын деп, талай шәкірттеріміз сорлады. Осы аурулардың кесірінен оқуларын жалғастыра алмай қалған бауырларымыз да болды. Сондықтан да кішкентай нәрседен басталып, соңы үлкен қатерге апармауы үшін діндегі берілген жеңілдіктерді де қолдана білген жөн, – деп толықтырды сөзін ол.

“Жеңілдік деп дінге немқұрайлы қарауға да болмайды ғой. Дінді бұзбаудың, бірақ саулықты сақтаудың ең абзал жолы қандай?” – деген сауал қойдық біз.

– Ислам – жеңілдетілген дін. Алла разы болған дінде адамның шамасы жетпейтін, орындалуы мүмкін емес нәрсе жоқ. Себебі Алла – Ұлы, Құдіретті, Күшті және мұндай ұлылықты жаратылысынан талап етпейді. Құран Кәрімнің “Хаж” сүресінде: «…Ол сендерді таңдады әрі ол сендерге дінде ешбір қиындық жасамады» – десе, “Бақара” сүресінде: «Алла сендерге жеңілдік қалайды» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде «Ислам – бұл жеңілдік. Және дінге қатты қарыспаңдар, әйтпесе шаршайсыңдар немесе көңілдерің салқындайды» деген.

Бірақ мұнымен кез келген тақырыпқа жеңілдікпен қарай беруге болмайды деп тағы айта алмаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасына сәйкес, суық күндері, яғни адам баласы денсаулығына зиян тиетін ауа райы уақытында, кіші іш дәретін қағазбен жақсылап тазалануға рұқсат етіледі. Бұл дінге немқұрайлы қарау емес. Дінді бұзбаудың, бірақ денсаулықты сақтаудың абзал жолы – өзіне керекті тақырыпта кібіртіктемейтіндей дәрәжеде білім алу, – деп жауап берді Әділхан Наурызбай.

Суық сумен іш дәрет алуға, расымен де,  жай мәселе деп қарауға болмайды. Бұл мәселе жайлы ауданның денсаулық сақтау саласының мамандары да дабыл қағып отыр.

– Қуық асты безі – өте нәзік мүше. Медицинада оны «ер адамның екінші жүрегі» деп те атайды. Суық сумен жиі жуыну, сүртінбеу, киімнің дымқыл болуы бездің қабынуына әкеледі. Ер адамның кіші дәреті де, шауқаты да осы бездің бойынан өтеді. Қуық асты безі арқылы өткен шауқат «белсенді», түсінікті тілмен айтқанда, әлді болады. Қабынған без ұрықты белсенді ете алмайды. Әлсіз шауқаттан «үміт аз». Белсіздік деген бәле осылай пайда болады.

Суық қуықты қабындырса, қабынудың соңы қуық асты безінің қатерсіз ісігіне ұласады.

Простата кіші дәрет шығаруда қинап, жыныстық белсенділігін төмендетіп, көп жағдайда егде тартқан адамдарды мазалайды.

Бұл – табиғи құбылыс. Бірақ бізді осы мәселенің жастардың арасында кездесуі алаңдатып отыр.

Күнделікті қабылдауға келмесе де, айына 1-2 рет 1835 жас аралығындағы жігіттер дәл қуық асты безінің қабынуы диагнозымен келеді. Жылына 1-2 адам белсіздік дертінің кесірінен кабинетіміздің есігін қағады.

Адамның кіші жамбас мүшелеріне үнемі қан жүріп тұруы керек. Мәселен, қан айналымы жақсы адам бұл дерттерге көп шалдықпайды. Бұл ретте дене еңбегімен айналысатындарды, спортшыларды үлгі етемін. Сөйтсе де, суық судан сақ болмаса болмайды, – дейді аудандық аурухананың дәрігер  хирургі  Қасым Бисенғалиев.

Қорыта айтқанда, артық қыламын деп, тыртық қылып алмайық, бауырлар! Дінге сауатты адамның дені де сау болады.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар