14.01.2020, 13:20
Қараулар: 102
Ауыл  көркін қараусыз  ғимараттар бұзып  тұр

Ауыл  көркін қараусыз  ғимараттар бұзып  тұр

Аудан орталығы Жәнібек ауылының көркін кетіріп тұрған иесіз, ескі ғимараттар көп. Ауыл ажары былай тұрсын, пайдасыз, бос қалған нысандардың үрей тудырып тұрғаны қынжылтады. Бәлкім, иесі табылса, бұл ғимараттар кәдеге жарап, жұмыссыз жүрген жастарға не болмаса өз кәсібін ашамын деушілерге үлкен қолдау болар ма еді.

Тұрғындардың айтуынша, аумалы-төкпелі заманда жекеменшікке өтіп кеткен ғимараттардың қаңырап бос тұрғанына біраз болған. Бастапқыда күзет қойылғанымен, кейінгі жылдары мүлде қараусыз қалып, талан-таражға түсіпті. Бар мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен ғимараттар ауыл ажарын бұзып, келбетіне нұқсан келтіріп тұр. Есік-терезесі үңірейген нысандардың қаңқасы ауыл жасөспірімдерінің бас қосатын орнына айналған. Бос уақытта әр нәрсені ермек қылған олардың не тындырып жүргені тағы белгісіз. Ересектеу балалар да әлдебір қызық қуып, қараусыз ғимаратқа жиі бас сұғады. Тағы бір айта кетерлігі, белгілі тұрағы жоқ адамдар жаздыгүні осы бос тұрған мекеме мен тұрғын үйді паналайтын көрінеді. Қаңғыған ит пен мысық та сол маңда.

Жұмыссыз жүрген жастардың жұмыс көзін даладан емес, өз ауылынан табуына бағытталған көптеген жобалар іске асырылуда. Мәселен, Zhas Project немесе «Бастау Бизнес» секілді жобалар ауылымызда кең қанат жаюда. Осыған орай ауылдың әрін қашырып, бос тұрған ғимараттар қайта жөнделсе немесе жалға берілсе, өз кәсібімді ашамын деп жүрген жандардың арманы орындалар ма еді.

Әрине, ауылда бос тұрған ғимараттар жекенің қолында. Мәселен, бұрын «ДЭУ» деп аталған мекеме жақтағы екі қабатты ғимараттың тек қаңқасы ғана тұр. Ал оңтүстік беткейдегі «тоғыз үй» аталып кеткен шағын ауыл жанында жеке кәсіпкердің қаңырап тұрған жылыжайы мен кішкене ғана үйшігі бар. Сондай-ақ сол маңда кезінде дүркіреп тұрған ет комбинатының тек сұлбасы ғана қалған. Осындағы тағы бір нысан – ол екі қабатты ғимарат. Бұрын тұрғын үй болған нысанның көрінісі қорқыныш тудырады.

Апатты жағдайдағы үй қоршалмаған, ашық-тесік күйде. Әр пәтердің өз иесі бар екен. Бірі сол жерден үй тұрғызып алса, енді бірі қоныс аударған. Сонымен қатар А. Иманов көшесінде орналасқан, ертеректе «Сельхозтехника» өндірістік бірлестігі болған үлкен мекеменің де сиқы қашқан. Бүгінде оның қоймасы бір кәсіпкерде болса, ет шабатын жері басқа біреуде. Ал «Сельхозтехникаға» қарама-қарсы шойынжолдың батыс бетінде жем сақтайтын үлкен екі қойма тұр. Бұрындары ол жер пойыз тоқтайтын тұйықтардың бірі болған. Екінші бір тұйықтың тұсында Х. Чурин көшесінде мұнай базасы орналасқан. Кезінде шаруасы шалқыған мекеменің қазіргі көрінісі көңіл қынжылтады. А. Иманов пен М. Мәметова көшелерінің қиылысында ауыл келбетін бұзып тұрған нысан көзге түседі. Үлкендердің айтуынша, онда кезінде жем де тартылған, астық та өндірілген. Бұлардан бөлек бос, ашық-шашық тұрған жеке тұрғын үйлер де бар. Мысалы, аудандық спорт мектебінің қарсы беті мен М. Мәметова көшесіндегі «Кулинарияның» қасындағы үйлер бірнеше жылдан бері бос тұр.

Уақытында «Сельхозтехника» өндірістік бірлестігінде қойма меңгерушісі болған, қазіргі таңда зейнеткер Бәтима Азаматова өз естелігімен бөлісті. Оның айтуынша, кезінде Жәнібек қала үлгісіндегі ауыл болған.

– Сол жылдарда ет комбинаты, диірмен, бәрі-бәрі жұмыс жасап, дүрілдеп тұрды. Әуежай да болды. Бірлестік меншігінде қосалқы бөлшектер қоймасы, қонақүй, тіпті балабақшаға дейін жұмыс істеді. Вагон-вагон тауар, құрылыс материалдары керек пе, жем керек пе, бәрі келетін еді. Заман өзгерді ме, әлде адамдар өзгерді ме, барлығы тарам-тарам болып жан-жаққа шашырады. Қойма бір бөлек, қонақүй бір бөлек бөлініп кетті. Менің ойымша, осы ауылда қаңырап тұрған ғимараттар жаңғыртылып, қайтадан іске қосылса, қаншама жұмыс орындары пайда болар еді. Жастарды да далаға қаңғытпас едік.

Нысандар жекенің қолында болғанымен, оларды қайтарып алудың жолы бар шығар.

Бұндай иесіз ғимараттар аудан орталығында ғана емес, ауылдық округтер мен елді мекендерде де көп. Жекенің аты жеке ғой. Дегенмен қайғылы оқиға орын алмас бұрын бұларды бір жағына шығару керек сияқты. Қайғылы оқиға демекші, аудан орталығына жақын елді мекенде бос тұрған ғимарат құлап, бір адамның өмірін үзген болатын. Терезенің қорғанын аламын дегенде, үстіне үйдің жары құлады. Қапыда екі періште жетім қалды. Осыған ұқсас мысалдар баршылық.

Көтеріліп отырған мәселеге орай аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловпен тілдестік. Оның айтуынша, бұл – көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселелердің бірі.

– Қаңырап тұрған ғимараттардың иелеріне ескертулер беріліп отыр. Хат жазудан кенде емеспіз. «Иә, иә» деп құтыла салады. 2017 жылдың 26 маусымындағы №11-5 облыстық мәслихат шешімінің 2-қосымшасында «Батыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру» қағидасының 45тармағында «Қарамағында ғимараттар мен құрылыстары бар жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелері көрсетілген объектілердің қасбеттерін және олардың жекелеген элементтерін қалпына келтіру, жөндеу және бояу бойынша жұмыстарды уақтылы жүргізуді қамтамасыз етеді» делінген. Осыған сәйкес қолданылмай, бос тұрған ғимараттардың иелері ережеге сай жұмыстанулары керек. Ескі, апатты жағдайда тұрған нысандар есептен шығарылуы тиіс. Бос тұрған ғимараттарды сату немесе одан әрі қарай пайдалану үшін сенімгерлікпен басқаруға берілуі керек. Олардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеу қажет. Босап қалған жылжымайтын мүлікті саудаға шығарып, сатып алушы келмеді деп қарап отыруға болмайды.

Ақпараттық науқан ұйымдастырған жөн. Бос ғимараттарды тиімді пайдалану жаңа жұмыс орындарын ашуға себеп болуы мүмкін, ол қосымша салықтық төлемдер түсіреді, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Жәнібек ауылы жылдан-жылға көркейе түсуде. Тек келбетіне нұқсан келтіретін, тозығы жеткен, иесіз қалған әлгіндей ғимараттар мен тұрғын үйлер болмаса… Міне, солар көшелердің ғана емес, жалпы ауылдың көркін бұзатыны алдағы уақытта назарға алынып, бір шешімі табылса, нұр үстіне нұр.

Гүлзара ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ,

Жәнібек ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар