14.01.2020, 13:16
Қараулар: 543
Жаза басқандарға жаза күшейді

Жаза басқандарға жаза күшейді

2019  жылдың  27  желтоқсанында  ҚР Президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаев  қол  қойған  «Қазақстан  Республикасының кейбір заңнамалық  актілеріне  қылмыстық,  қылмыстық-процестік  заңнаманы  жетілдіру  және  жеке  адамның  құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері  бойынша  өзгерістер  мен толықтырулар  енгізу  туралы»  заңы  2020  жылдың  11 қаңтарынан бастап күшіне енді.  Осыған  сәйкес  ҚР  Қылмыстық кодексінің  10  тарауындағы  69  бапқа  және  Қылмыстық-процестік  кодекстің  72  бабына түзетулер  енгізілді.

Облыстық  полиция  департаментінде  өткен  брифингте департамент  бастығының  орынбасары,  полиция  полковнигі  Асхат  Теміржанов мәлімдегендей,  елімізде  бұдан  былай  көлікті  мас  күйінде жүргізу,  әйелдерге  және  балаларға  зорлық-зомбылық  көрсету, адам  саудасы,  есірткі  жарнамасы,  мал  ұрлығы,  браконьерлік  үшін  қылмыстық  жаза  күшейтілді.

АДАМ ӨЛТІРУ, ОНЫҢ  ІШІНДЕ  БАЛАЛАРДЫ  ӨЛТІРУ

Қылмыстық кодекстегі 99-баптың 2-бөлігінен жеке 3-бөлім болып бала өлтіру қылмысы шығарылды. Ол үшін 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына түрмеге жабу жазасы белгіленді. Бұған дейін балаларды өлтіруге қатысты жаза ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағында көрсетілген болатын. Енді мұндай қылмыс жасағандарға 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы қамау көзделген. Бұл ретте ҚР ҚК 100-бабына – жаңа туған баланы анасының өлтіруі ешқандай  өзгеріске  ұшырамағанын  айта  кеткен  жөн. Бұл қылмыс үшін барлығы 4 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру қаупі бар. Мұндай жеңіл жазаны заң шығарушылар жаңа босанған әйелдерде жиі болатын психикалық ауытқулардың  жай-күйімен  байланыстырады.

ЗОРЛАУ  АУЫР  ҚЫЛМЫСТАР  САНАТЫНА  АУЫСТЫ

Биылдан бастап жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар ауыр қылмыс санатына өтті. Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыстар аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Зорлау және жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері үшін ең төменгі мерзім белгіленді – 5 жыл. Бұрын 3 жыл болатын.

Педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны, жасырғаны, жасырып қана қоймай, біле тұрып, хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген. Бұл әрекеттер ауыр қылмыстар санатына кіреді. Мысалы, баланың зорланғаны туралы хабар бермегендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұрын балаларды зорлау қылмысы бойынша жаза мерзімі 15-20 жыл аралығында немесе одан да ұзақ мерзімді қамтитын. Енді әлгіндей қылмыс жасағандар 20 жылға немесе  өмір  бойына  бас  бостандығынан  айыру  жазасына  кесіледі.

– Тағы бір айта кету керек нәрсе, жаңа заң бойынша жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі жоқ. Егер бұрын зорлаушы зардап шеккен тарапты татуласуға, ақша төлеуге немесе жауапкершіліктен жалтаруға көндіре алса, ал жаңа заңнама бойынша ымыраға келуге болмайды. Тек қамауға алынады. Сондай-ақ жыныстық қылмыс құрбандары бұдан былай жыныстық зорлаушының туыстары тарапынан қандай да бір қорқытуға ұшырамайды, себебі мұнда ешқандай мағына жоқ. Зорлаушылардың барлық қылмыстық ісі тек сотқа жіберіледі, – деді БҚО ПД тергеу  басқармасының  бастығы, полиция подполковнигі  Шерәлі  Әбдіраманов.

120 және 121-баптардың неғұрлым ауыр 2 бөлігі адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмысты білдіреді. Мәселен, қызметтік міндетін атқару кезінде жасаған зорлау 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады, ал бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болатын. Сондай-ақ зорлық әрекеті жас балаға жасалған жағдайда, қылмыскерді белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру көзделген және де 17 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан  айыруға  немесе  өмір  бойына  бас  бостандығынан  айыру  жазасы  тағайындалған.

МАЛ  ҰРЛЫҒЫ  БОЙЫНША  ЖЕКЕ  БАП  ЕНГІЗІЛДІ

ҚР Қылмыстық кодексінде мал ұрлығы бойынша арнайы бап (188-1) енгізілді. Бапта қылмыстың 4 құрамы көрсетілген. Өзгенің малын ұрлау қылмысы үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру  және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген. Ал арнайы топпен ұйымдасып, аса ірі көлемде (500 АЕК) жасалған қылмыс үшін 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған  және  тараптардың  ымыраласуына  тыйым  салынады.

Бірнеше рет мал ұрлағаны үшін немесе тұрғын жай, кәсіпорын, ұйым, мекеме, қора-қопсыға заңсыз кіргені үшін енді қылмыскердің мүлкін тәркілеу және 5-10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Қылмыстық топ арқылы немесе аса ірі көлемде (2 000 АЕК) мал ұрлағандарды 7-12 жыл мерзімге абақтыға қамау және мүлкін тәркілеу жазасы күтіп тұр.

– Мал ұрлығы және тонау, қарақшылық қылмыстары бойынша «тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік мекемеге, қоймаға немесе көлікке заңсыз кіру» жағдайы қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды және тараптардың ымыраға келуіне тыйым салынды. Енді өзгенің қора-қопсысына заңсыз кіріп, ұрлық жасағандар 2-7 жылға қамалып, мүлкі тәркіленеді. Мал ұрлығы мен тонау үшін 5-10 жыл және мүлкін тәркілеу және қарақшылық үшін 7-12 жыл және мүлкін тәркілеу жазалары беріледі, – деді   БҚО ПД  бастығының  орынбасары, полиция  полковнигі  Асхат  Теміржанов.

ЕСІРТКІ  ЖАРНАМАСЫ  ҮШІН  ТҮРМЕГЕ  ҚАМАЙДЫ

Соңғы кездері ғаламторды айтпағанның өзінде, ғимараттардың қабырғасында да есірткі заттарының жарнамасы көбейіп кеткені белгілі. Қылмыстық кодекске есірткі жарнамасына қатысты жаңа бап енгізіліп отыр.

– Бұдан былай интернет арқылы қоғамдық жерлерде, түнгі клубтарда, дәмханада, саябақта есірткіні таратқаны үшін жаңа жаза белгіленіп отыр. Яғни әлгіндей заңсыз әрекеттерге барғандар 15 жылға дейін абақтыға жабылады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған балаға есірткі таратса, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады, – дейді Асхат Төлешұлы.

БРАКОНЬЕРЛЕРГЕ  ЖАЗА КҮШЕЙТІЛДІ

Мемлекет басшысы қол қойған аталмыш заң негізінде заңсыз аң аулау (ҚК 335-бабы) және заңсыз балық аулау (ҚК 337-бабы) орташа қылмыстар санатына ауыстырылды. Аталған фактілер үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 10 млн. теңгеге дейін айыппұл салу қарастырылған. Қорықтағы балықтардың сирек кездесетін түрлеріне және «Қызыл кітапқа» енген жануарларды заңсыз аулау үшін 6 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруға, ал қылмыстық топтың құрамында немесе аса ірі мөлшерде қылмыс жасалса, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Сондай-ақ киіктерді атқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, браконьерлік қылмыстың барлық санаты бойынша заңсыз аң аулау құралдары – қару-жарақтар, көлік пен мүлікті  тәркілеу  жазалары  қарастырылған.

Заң бойынша орман шаруашылығы инспекторының өміріне қауіп төндіру құқық қорғау құрылымдары қызметтеріне шабуыл жасаумен пара-пар қылмыс ретінде қарастырылады.

МАС  КҮЙДЕ  КӨЛІК  ЖҮРГІЗГЕНДЕР  ҚАТАҢ  ЖАЗАЛАНАДЫ

2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық  туралы кодексінің 20-бабы бойынша да өзгерістер енгізілді. Соның бірі – мас күйінде көлік тізгіндегендерге қатысты.  Бұған дейін жол ережесін бұзған сау жүргізушіге де, мас жүргізушіге де тағайындалатын жаза бірдей болатын. Биылдан бастап мас күйінде көлік жүргізгендер 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады және 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Ішімдік ішкен күйі қайтадан көлік жүргізгендер 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынады және тағы 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал масаң күйінде абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірсе, 1000 АЕК мөлшеріне дейінгі айыппұлмен немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Оған қоса 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады.

– Мас жүргізуші біреуді мерт қылса, 7 жылдан 9 жылға дейін, ал бірнеше адамның өліміне себепкер болса, 8 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалады. Өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылады.  Бұған қоса көлік жүргізу құқығынан айырылған адам рөлде мас күйінде ұсталса, енді ол көлік жүргізу құқынан біржола айырылмақ, – деді брифингте облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция  басқармасының  бастығы,  полиция  полковнигі  Жанболат  Жаншин.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.