14.01.2020, 13:14
Қараулар: 175
Жасампаз  партия жаңғыру  жолында

Жасампаз  партия жаңғыру  жолында

Өткен  жылы  Елбасы, «Nur Otan»  партиясының  Төрағасы Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаевтың  төрағалығымен өткен партияның  Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында  Елбасы  партия  жұмысын  жүйелі жаңғыртуды тапсырған  болатын. Бұл  бағыттағы  жұмысты  жандандыруға  жол  ашатын «Сенім.  Диалог.  Болашаққа  нық  қадам – «Nur Otan» партиясының  7  серпіні» атты  бағдарламаны ұсынды. Аталған  жаңғыру  бағдарламасында партия  жанына  белсенді  азаматтарды  топтастыру,  яғни  партияның  ядролық  электоратын қалыптастыру  қажеттігі баса айтылған  еді. Осы  орайда «Nur Otan»  партиясының  Тасқала  аудандық  филиалында  да  қызу  жұмыс  басталды.

Мәселен, өткен жылдың соңында партияның аудандық филиалы және «Білім» бастауыш партия ұйымының бастамасымен аудандық бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелеріне белгілі коуч-тренер Маргарита Булдакова өткізген «Біздің идеямыз – Қазақстанды өркендету» тақырыбындағы семинар-тренинг – соның айқын мысалы.

– Аталмыш шара партияның қайта жаңғыру бағдарламасының бірінші бағытын жүзеге асыру аясында бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру мақсатында ұйымдастырылды. Оған дербес бөлім басшылары, БПҰ-ның мүшелері мен белсенді жастар санатынан жалпы саны 70 адам қатысты. Еркін сипатта өткен тренинг барысында тұлғалық сапаны арттыру, адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната білу, тың идеяларды жарыққа шығаруға мүмкіндік беретін түрлі психологиялық әдіс-тәсілдер таныстырылды. Сонымен қатар сан қилы тапсырмалар негізінде қатысушылардың адам және белгілі бір саладағы маман ретіндегі қарым-қабілет деңгейлері көрсетілді, – дейді «Nur Otan» партиясы Тасқала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Люция Жұбанышқалиева. Аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалғанына аз ғана уақыт болса да, Люция Әсетқызының алға қойған жоба-жоспары мол. Ол қазіргі кезде, ең алдымен, Елбасы тапсырмасына сәйкес партияның халыққа жақын болып, өзара тығыз қарым-қатынас орнатуға басты мән беріліп отырғандығын атап өтті. Айтуынша, ел-жұрт пен партия қызметкерлері арасындағы алтын көпір саналатын қоғамдық қабылдау ісі қызу қолданыста. Мұң-мұқтажы, айтары бар ағайынды аудан орталығында қабылдаудан бөлек, өткен жылдың қараша-желтоқсан айларынан бастап партия фракциясы, депутаттар корпусы, БПҰ-ның мүшелері әр ауыл, әр елді мекен тұрғындарына аяқтай барып, көшпелі қоғамдық қабылдау жүргізуде. Нәтижесінде 2018 жылдың басынан бері қоғамдық қабылдауға келіп түскен өтініштердің 106-сы оң шешімін тапқан, 55  мәселе  бойынша  заңгерлік  кеңес  берілген.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау, олардың өмір сүруіне тиімді әрі жайлы орта қалыптастыруды мақсат еткен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында да аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп атқарылған жұмыс ауқымды. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында аудан бойынша 74 әлеуметтік нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Мүгедектерге қызмет көрсетуге бейімделген мекеме орналасқан жерлерге төрт жол белгісі қойылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар санатына жататын, бірақ жұмысқа қабілетті азаматтар санатындағы 34 адам тұрақты және маусымдық жұмыстарға орналастырылған. Жеке оңалту бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі үш азамат мал шаруашылығын дамыту мақсатында несие алса, тағы 9 азамат мемлекеттік грант арқасында құс шаруашылығы, қолөнер бұйымдарын жасау, кондитерлік іс бағытында өз кәсіптерін дамытуда. Мүмкіндігі шектеулі жандарға осындай шектеусіз мүмкіндіктер ұсыну, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – партия филиалы  қызметкерлерінің  басты  назарында.

Ал «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында «Nur Otan» партиясы Тасқала аудандық филиалы жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясы былтыр 12 рейд ұйымдастырды. Сондай-ақ өткен жылдың соңында отбасы институтын нығайту, отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 13 бастауыш партия ұйымы арасында «Толағай»  отбасылық  спорттық  сайысы  өтті.

– Қазіргі таңда аудан тұрғындарының партияға деген сенімі арта түсті деуге болады. Мұны қоғамдық қабылдауға келетіндер санының артуынан, партия ұйымдастыратын іс-шараларға халықтың құлшына қатысуынан, ел-жұрттың оң пікірі мен шынайы алғысынан байқауға болады. Атқарған жұмыс жемісті болуы, ең бастысы, халық көңілінен шығуы үшін ескі көзқарас пен ескірген әдіс-тәсілдерден арылып, басқарудың жаңаша, заманауи бағытына бет алғанымыз жөн, – дейді Люция Әсетқызы. Айтқандай, аталған жетістіктерге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін партияның 18 жыл ішінде халықпен бірге болып, нақты жұмыстарды атқаруының, елдің мұңын мұңдап, халықтың мүддесін шынайы  қорғай  білуінің  нәтижесінде  қол  жеткізді.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»,

Тасқала ауданы