14.01.2020, 13:10
Қараулар: 291
МӘМС  жайлы  жиі қойылатын сұрақтар

МӘМС  жайлы  жиі қойылатын сұрақтар

2020 жылдың  1  қаңтарынан  бастап міндетті  әлеуметтік медициналық  сақтандыру  жүйесі  толығымен  іске қосылды. Егер  2017  жылдан  осы  уақытқа  дейін  сақтандыру  қорына  жарнаны  жұмыс  берушілер,  жеке  кәсіпкер-лер  мен  азаматтық-құқықтық  келісімшарт  негізінде  еңбек  ететін тұлғалар аударып келсе, биылдан  бастап  жарнаны  азаматтардың  өздері  төлейді. Ол  жұмысшы жалақысының 1 пайызын  құрайды. Ал  жеке  кәсіпкерлер ай  сайын  1,4   ең  төменгі  жалақының  5%  ставкасы  бойынша МӘМС  жарналарын  аударатын  болады.  Міндетті әлеуметтік  медициналық  сақтандыру  қорына  жиналған ақша  сырқат  адамның  сапалы  медициналық  ем-дом алуына  жұмсалатын  болады. Ал  балалар  мен  мүгедектер, зейнеткерлер немесе  жұмыссыздар  сияқты  халықтың әлеуметтік  қолдауды  қажетсінетін  бөлігіне  15  санат  бойынша  жеңілдіктер  қарастырылған.

Әлемдік  тәжірибеде  кең  қолданылып  жүрген  міндетті  әлеуметтік  медициналық  сақтандыру  жүйесін  елімізде  енгізу  жұмыстары  кезең-кезеңімен  жүзеге  асырылғанына  және  жан-жақты  ақпараттық-түсіндіру  жұмыстары  жүргізілгеніне  қарамастан,  бұл  мәселеде  жұртшылықты  толғандыратын  сұрақтар  әлі  де  көп. Оқырмандар  тарапынан  ең  жиі қойылатын  сауалдардың  жауабын  «Әлеуметтік  медициналық  сақтандыру  қоры»  КеАҚ  БҚО  бойынша  филиалының  директоры  Нұржамал  Жұмағұловадан  (суретте)  сұраған едік.

 

Мөлдір  ЕШНИЯЗОВА, Орал  қаласының  тұрғыны

– Жаңа жылдан бастап МӘМС қорына әр азаматтың жарна аударуы тиіс екенін білемін. Сонда бұдан былай еліміздегі медициналық ұйымдардың қызметі ақылы бола ма?

Нұржамал ЖҰМАҒҰЛОВА:

– Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі бағыт бойынша көрсетіле бастамақ. Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек бағыты. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) азаматтардың бәріне бюджет есебінен  тегін  көрсетіледі.

Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бағыты. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы секілді т.б. қызметтер кіретін МӘМС бағытын сақтандырылғандар пайдалана алады. МӘМС бағытына табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ кепілдендірілген тегін көмек бағытына енбеген ауру-сырқауларға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС бағыты бойынша көрсетіледі.

Ақтілек  РАМАЗАН, Орал қаласы

– МӘМС-тің тиімділігі қандай? Оған қатысу үшін не істеу керек?

Нұржамал  ЖҰМАҒҰЛОВА:

– Біздің азаматтар емделуге жұмсалатын жалпы шығынның 40 пайызын өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Бұл шығындардың отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Дегенмен МӘМС енгізудің ең басты пайдасы – бәсекелестік есебінен медициналық қызмет сапасын арттыру мүмкіндігі. Қарапайым логика, науқастар көп келетін білікті дәрігерлерді тарту арқылы емделушілерге ең жақсы қызмет көрсететін клиникаларға қаражат та көп бөлінеді, яғни олар көп табыс табады. Ал азаматтар кейбір медициналық ұйымдардың аспандаған бағаларына қисынсыз қаражат жұмсамайды. Барлық шығындарды емдеу мекемелерімен жасалған шарт бойынша Әлеуметтік медициналық сақ-тандыру қоры көтереді. Жарна төлеушілерден қорға түскен қаражаттың мақсатты да тиімді, орнымен жұмсалуы ерекше маңызды. Сондықтан толық және сапалы медициналық қызмет көрсету бірінші кезектегі міндет болмақ. Егер атыңызға жарна аударылған болса, сіз автоматты түрде МӘМС жүйесінің қатысушысы болып саналасыз. Өз мәртебеңіз туралы ақпаратты ЖСН арқылы медицина мекемелерінен білуіңізге болады. Ал сіз азаматтардың жеңілдік берілген санатына жататын болсаңыз, сіз үшін жарнаны мемлекет төлейді.

Төлеген  ЕРМЕКОВ, Ақсай  қаласы

– МӘМС-ке аударылатын жарнаның  мөлшері  қандай?

Нұржамал ЖҰМАҒҰЛОВА:

– Заң бойынша барлық жұмыс істейтін тұрғындардың табыстарынан міндетті әлеуметтік ме-дициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарналар алынуы тиіс.

2019 жылы жарнаны тек жұмыс берушілер ғана төлеп келді және оның көлемі жалдамалы қызметкерлерге берілетін еңбекақының 1,5%-ын құрады. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс беруші жалақы қорынан сіз үшін еңбекақыңыздың 2%-ын (2022 жылы – 3%-дан) медициналық сақтандыру қорына аудара бастайды. Мысалы, 2020-2021 жылдары 100 000 теңге еңбекақы түссе, МӘМС-ке сізден 1000 теңге жарна ұстап қалып, жұмыс беруші қосымша жалақы қорынан 2000 теңге аударады. Ал 2022 жылы жалақыңыздан МӘМС-ке 2000 теңге аударасыз, ал жұмыс беруші 3000 теңге төлейді. Жұмыс берушінің жарна төлеу тәртібі зейнетақы қорына жарна аудару тәртібіне ұқсас. Жұмыс беруші әр есептік айдың 15-іне дейін өз қызметкерлеріне аударылған жарна жөнінде мәлімет беруі тиіс.

Қуаныш ОРАЗ, Теректі ауданы

– Жеке кәсібімді енді ғана қолға алдым. Мен МӘМС қатысушысы бола аламын ба?

Нұржамал  ЖҰМАҒҰЛОВА:

– Әрине, МӘМС қатысушысы бола аласыз, бірақ медициналық сақтандыру қорына жарнаны өзіңіз аударасыз. Заң бойынша жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының иелері және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар (жеке адвокаттар, сот орындаушылары, т.б.) 2020 жылдан бастап ай сайын 1,4  ең төменгі жалақының 5% ставкасы бойынша МӘМС жарналарын аударатын болады.

Тұрақты табысы немесе ресми еңбек шарты жоқ азаматтар да медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы бола алады. Мұндай мүмкіндік жалдамалы еңбек күшін тартпай, өзге жеке тұлғаларға қызмет көрсетіп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға (мысалы, өзінің саяжайының өнімдерін сатумен, немесе бақшаға егін егумен, бала күтуші, репетитор секілді жұмыстармен, үйде компьютер жөндеумен айналысатын азаматтар) беріледі. Еске сала кетейік, медициналық сақтандыру жүйесі заң арқылы енгізілді. Жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, өзін-өзі жұмыспен қамтумен айналысатын адамдардың жүйені орындауын мемлекеттік кірістер департаменті салық міндеттемелерін орындау қағидаты бойынша қадағалайтын болады. Төлем мерзімін кешіктіргендер үшін өсімпұл жүреді, қасақана төлем жасамайтындардың шоты бұғатталады.

Ботагөз ОТАР, Шыңғырлау ауданы

– Мен бала күтімімен отырған жас анамын, жұмыс істемеймін. МӘМС қатысушысы болмасам, медициналық көмекті қалай аламын?

Нұржамал  ЖҰМАҒҰЛОВА:

– Баласы үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар (баланың заңды өкілдерінің бірі) МӘМС-ке жарна төлемей-ақ тиісті медициналық көмекті ала береді. Бұдан өзге балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар, мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар, зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар, тергеу изоляторларындағы адамдар, жұмыс істемейтін оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ  I және II дәрежелі «Ана даңқы»  ордендерімен наградталған көп балалы аналар, мүгедектер, жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар және бала жасынан бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адам орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар үшін мемлекет Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалатын тәртіппен ай сайын жарналарды төлейді.

Дина  ХАМЗИЕВА, Жәнібек  ауданы

– Азаматтардың қандай медициналық қызметті тегін ала алатынын қайдан білуге болады?

Нұржамал  ЖҰМАҒҰЛОВА:

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясындағы көрсетілетін қызмет туралы барлық ақпараттарды жалпы тәжірибедегі емдеуші дәрігеріңізден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтынан, 1406 бірыңғай байланыс орталығынан және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ БҚО бойынша филиалынан біле аласыз.

Мәлік  ЖАНГЕРЕЙҰЛЫ, Орал  қаласы

– Менің тұрақты жұмысым жоқ. Маусымдық жұмыс жасаймын. Жеңілдік санатына жатпаймын, жарнаны міндетті түрде төлеуім керек пе?

Нұржамал  ЖҰМАҒҰЛОВА:

– Маусымдық жұмыстармен айналысатын азаматтар үшін жарнаны жұмыс беруші төлейді. Ал табыс тоқтаған кезең үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына екінші деңгейлі банктер немесе «Қазпоштаның» бөлімшелері арқылы өз бетінше төлеуіне болады. Жарна мөлшері – төменгі айлық жалақының 5%-ы. Ал жұмыссыз жүрген кезіңізде жергілікті халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелуіңіз керек. Жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтарды мемлекет сақтандырады.

Аяжан  ҚУАТОВА, Орал  қаласы

– МӘМС жүйесіне кешігіп кірген жағдайда қандай берешекті өтеу қажет?

Нұржамал ЖҰМАҒҰЛОВА:

– Заңға сәйкес, сақтандырылған азамат мәртебесін алу үшін өткен 12 айдың берешегін өтеу қажет. Үш ай берешегі бар азаматтың МӘМС пакеті аясында медициналық көмек алу құқығы сақталады.

Гүлфарзат  ХИСМЕТОВА, Орал  қаласы

– ҮЕҰ қызметкерлері жарна төлеушілердің қай санатына жатады?

Нұржамал  ЖҰМАҒҰЛОВА:

– Үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері жалдамалы жұмыскерлер қатарына жатады, медициналық сақтандыру аударымдары мен жарналарын ҮЕҰ әкімшілігі аударады.  Егер ҮЕҰ қызметкері мемлекет жарна төлейтін тұлғалар санатына жататын болса, онда ҮЕҰ мұндай жұмыскерлер үшін аударымдар мен жарналар төлеуден босатылады.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар