14.01.2020, 13:07
Қараулар: 288
Жәнібекте  дәрігерлер   тұрақтамауда

Жәнібекте  дәрігерлер   тұрақтамауда

Өткен  аптада  жұмыс сапарымен Жәнібек  ауданында  болған ҚР  Парламенті  Мәжілісінің  депутаты   Шавхат  Өтемісов  «Nur Otan»  партиясы  аудандық  филиалының  ғимаратында аудан  ардагерлерімен  кездесіп, олардың  ұсыныс-пікірлерін  тыңдады.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев шекаралық аудандарға көп көңіл бөлу қажеттігін, жол жөндеу жұмысының ұзаққа созылып кеткенін, соғыс зардабын тартқан Жәнібек ауданына Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Қаһарман аудан» ерекше мәртебесін беру, ардагерлерге арнайы заң шығару туралы  ұсынысын  айтты.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев сыбайлас жемқорлықты заң да тоқтата алмай тұрғанын, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың атауын өзгертуге көп әуестенудің кемшілік жағын баяндаса, ардагер-ұстаз Қабаш Жүнісов мектепке қажетті педагог кадрларды мектеп өзі жоспарлап, даярлап, шешу, аудан орталығындағы №1 мектеп-лицейге ауданнан оқу озаттарын жинақтап оқыту жайында мәселе қозғады. Ал ардагер-ұстаз Меңсұлу Жұмақұлова Кеңес үкіметі кезінде механизатор, малшы-шопан болып еңбек еткен кейбір адамның зейнетақысының  аздығына  тоқталды.

Кәсіпкер Самиға Қайырова аудан орталығында үй кезегінде тұрғандарды қатаң бақылап, қос-қостан үй алуға жол бермеу, кәсіп ашуға мемлекеттен берілетін несие қаржыны қадағалауды күшейту, мал жайылымдарын бөлу, сонымен қатар мал өнімдерін өңдеу, ұқсату жағынан да сол тараптан қолдаудың  керектігін  айтты.

Ғайнөш Дегетаев аудандық ауруханада хирург маманының жоқтығы, жас дәрігерлердің біліксіздігі, жаңадан келген дәрігерлерге бар жағдай жасалса да, тұрақтамауы белең алып отырғанын жеткізді. Ал зейнеткер Мертен Кенжеғалиев жолаушылар пойызының Жәнібекке тоқтамайтындығы жиырма жылдан астам уақыт мәселе болып келе жатса да, бұдан белгілі бір нәтиже шықпағандығын тілге тиек етіп, сондай-ақ балаларды кітап оқуға баулуға қатысты ұсынысын  айтты.

Депутат ардагерлердің сұрақтарына тұшымды жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін қойын дәптеріне жазып алды.

Ауданда жұмыс сапарымен болған халық қалаулысы «Алтын ұя» бөбекжайының, аудандық ардагерлер үйінің тыныс-тіршілігімен жақын танысты. Сондай-ақ құрылысы жаңадан басталған спорт кешеніне барып, жобамен салынып жатқан нысандағы істің барысын көрді.

Әсемгүл  ҚУАНҒАЛИЕВА,

Жәнібек  ауданы