14.01.2020, 13:06
Қараулар: 339
Чемпион  тәрбиелеген  ұстаздардың  еңбегі  еленеді

Чемпион  тәрбиелеген  ұстаздардың  еңбегі  еленеді

Батыс  Қазақстан  облысына  жұмыс  сапарымен  келген  ҚР  Парламенті  Мәжілісінің  депутаттары  Шавхат  Өтемісов, Снежанна  Имашева, Аманжан  Жамалов  Орал  қаласының Деркөл  кентіндегі  спорт  интернатында  болды.

Жыл қарсаңында пайдалануға берілген спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектепинтернатына арнайы ат басын бұрған халық қалаулылары осындағы ұжыммен кездесті.

– Туған елімізден алыста жүрсек те, осындай мектеп-интернатының сәтті салынып, пайдалануға берілгенін естіп, қуанып қалдық. Себебі мен де кезінде осы өңірдің спорт саласына 4-5 жыл еңбегімді арнаған болатынмын. Ақжолтай хабарды естіп, тек қуандым десем, ол аздық етеді. Себебі мен бұл өңірдегі мектеп-интернаттың бұған дейінгі тірлігімен етене таныс болатынмын. Талай спорт саңлақтарын тәрбиелеген қара шаңырақтың сол кездегі мүшкіл халіне шынайы жаным ашитын. Міне, бүгін мынадай зәулім ғимаратты көріп, көңілім толды. Бұған дейінгі өңірге жұмыс сапарларымыздың барысында бұл нысанның іргетасының құйылғанын, құрылысы жүріп жатқандығын көріп, іштей тілеулес болып жүруші ем. Бұл игі істің барлығы біздің болашағымыз, өсіріп отырған ұл-қыздарымыздың ертеңі үшін жасалғаны анық. Себебі талантты жастардың қабілеттерін ашуға мүмкіндік беру, оны әрі қарай дамытуға жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Шыны керек, бүгінде республика бойынша дәл осындай орталықтар саусақпен санарлық. Соңғы жылдары елімізде спорт саласын дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жақсы назар аударылып келетіні көңіл қуантады. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз өз кезегінде барлық өңірден 100 спорт кешенін салу қажеттігін айтқан болатын. Өткен жылдан бастап облыстың әр ауданынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу қолға алынғанын да жақсы білемін. Бұл игі бастама бір-екі жылда толықтай жүзеге асырылатын болады. Данияр Елеусінов, Екатерина Ларионова секілді спортшыларымыз осы қара шаңырақта тәрбиеленіп, еліміздің көк байрағын бәсі биік додаларда желбіреткенін баршамыз жақсы білеміз. Сондықтан жас спортшылар сол аға-апаларына қарап бой түзеп, биік белестерді бағындыра бергей. Жаңа кешеннің ашылуымен құттықтап, баршаңыздың еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Шавхат Өтемісов.

Депутаттар соңғы кездері қабылданған және өзгеріс енгізілген заңдар туралы да айтып өтті.

– Күні кеше қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңдағы белгілі нормаға сәйкес егер оқытушының тәрбиелеген немесе баптаған шәкірті халықаралық, республикалық дәрежедегі додалардан жүлделі орын алса, ұстазына немесе бапкеріне үш айлық еңбекақы көлемінде сыйақы төленетін болады. Ендігі жерде әр ұстаз дарынды шәкірт тәрбиелеп шығарса, оның еңбегі бағаланатын болады. Сондықтан аянбай еңбек етіп, биік белестерді бағындыруға мүдделі болуы керек,  –  деді  Снежанна  Имашева.

Мұнан соң халық қалаулылары мектеп-интернатының су жаңа ғимараттарын аралап көрді. Айта кетейік, спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаты аумағындағы стадионда футбол, волейбол, баскетбол, теннис алаңдары орналас-қан. Сондай-ақ жеңіл атлетикаға – жүгіру, биіктікке және ұзындыққа секіруге  баулитын секциялар үшін толық жағдай  жасалған.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар