14.01.2020, 13:03
Қараулар: 304
АӘК  алатындарға шағын  несие  бірден  берілмек

АӘК  алатындарға шағын  несие  бірден  берілмек

БҚО  өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  брифингі  алаңында  БҚО әкімінің  орынбасары  Бибігүл  Қонысбаева,  облыстық жұмыспен  қамтуды  үйлестіру  және  әлеуметтік  бағдарламалар  басқармасының  басшысы  Алтай  Құлқаев  мемлекеттік  атаулы  әлеуметтік  көмекті  тағайындау және  төлеу  қағидаларына  енгізілген  өзгерістер туралы баяндады.

–  Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері ашықтықты, әділеттілікті және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Облысымыздағы кәмелет жасына толмаған төрт және одан да көп баласы бар 7398 отбасыға, табысына қарамастан, сараланған мөлшерде бала санына байланысты 42 500 теңгеден 74 400 теңгеге дейін жәрдемақыны тағайындау қарастырылған. Қазірдің өзінде бұл жәрдемақыны төлеу басталды. Ал АӘК алу үшін тоқсан сайын өтініш жазу керек болады. Облыс  бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі – 27 298 теңге, кедейшілік шегі – 19 109 теңге. Былтыр 12 556 отбасына 6,7 миллиард теңге АӘК қаржысы төленді. Олардың ішінде 3429 көп балалы отбасы, 15 430 бала қамтылды. Сонымен қатар АӘК алушылардың ішінен 1407 адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. 430 адамға, оның ішінде көп балалы 147 анаға грант қаржысы берілді. 127 адам шағын несие алды, оның ішінде 58-і – көп балалы аналар және мүмкіндігі шектеулі жандар, – деді облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева. Оның айтуынша, заңнамалық өзгерістерге сәйкес биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша АӘК алатын отбасыларға кәсіпкерлік оқу курсына қатыспай тұрып, жеңілдетілген шағын несие немесе грант қаржысы бірден беріледі.

–  2019 жылы нақты табысын жасырып, АӘК заңсыз тағайындалған 3046 отбасы анықталды. Соған қатысты қажетті шаралар қабылдап, бұрын тағайындалған АӘК мөлшерін қайта есептеуге немесе тоқтатуға мәжбүр болдық. Заңсыз берілген әлеуметтік көмек төлемі бойынша 1250 отбасы бюджетке 139 млн. теңге қайтаруы  тиіс. Бүгінгі күні 413 отбасы бюджетке 34,5 миллион теңге қайтарды. Соттың шешімімен 40 отбасы 6 миллион теңге қайтарды. Жаңа тәсілдер бойынша отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыспен қамту шарасынан бас тартқан жағдайда АӘК тоқтатылады, сонымен қатар балаларға тағайындалған АӘК тоқтайтын болады, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев. Оның айтуынша, бүгінгі күні жұмыспен қамту орталықтары және ауылдық округ әкімдіктері 1688 азаматқа кеңес беріп, АӘК алу жөнінде 134 отбасының өтінішін қабылдаған.

Сонымен қатар аз қамтылған отбасылардың балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет туралы да айтылды. Әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету бойынша «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тауарлар мен қызметтерді сатып алатын тұлғалар анықталған. Брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Асқар Қожымов зейнетақы төлемдеріне енгізілген өзгерістер  туралы  хабарлады.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар