14.01.2020, 13:01
Қараулар: 41
Мерейтойлық шараларға дайындық пысықталды

Мерейтойлық шараларға дайындық пысықталды

Биыл  елімізде  аталып  өтілетін Ұлы Жеңістің  75 жылдығына, ұлы ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл, қазіргі заманғы қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілдері Жұбан Молдағалиевтің туғанына  100 жыл және Қадыр Мырза Әлидің туғанына 85 жыл толуына орай облыс  әкімі  Ғали  Есқалиевтің  төрағалығымен өңірде  жоспарланған іс-шараларға дайындық барысын пысықтаған жиын өтті.

– Биыл қазақтың бас ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтеміз. Сонымен қатар жерлес ақындарымыз Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлидің мерейтойларына арналған шаралар легі бар. Осы атаулы мерейтойларды атап өту үшін облыста арнайы жұмыс топтары құрылып, дайындық шаралары басталып кетті. Бұл шараларды лайықты атап өтуіміз керек. Сондықтан зор жауапкершілік танытып, дайындық жұмыстарына тыңғылықты және мұқият қарауымыз қажет, – деді облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумовтың мәлімдеуінше, әр мерейтойға орай іс-шаралар кестесі жасалған. Олар бекітілгеннен кейін шаралар тізбесі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарын қолға алған жұмыс тобына мемлекеттік құрылым өкілдерімен қоса қоғамдық ұйымдар өкілдері де енген. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин, концлагерь тұтқыны болған Иван Дунько, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов пен Құспан Мұқатаев және т.б. бар. Республика бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 300 мың теңге, концлагерьлерде тұтқында болғандарға 100 мың теңге, Ленинград қоршауында болғандарға 60 мың теңге,тыл ардагерлеріне 30 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда облыс бойынша 65 соғыс ардагері мен мүгедегі бар.

Олардың 49-ы Орал қаласында тұрады. Сондай-ақ 5831 тыл ардагері –  біздің облыстың тұрғындары. Медицина қыз-меткерлері ардагерлерге аптасына үш мәрте барып, денсаулығын қадағалап отырады. Шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда хабарласу үшін барлық соғыс және тыл ардагерлерінің үйінде «Өмір жолы» сигналдық түймелері орнатылған.

Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін зұлмат соғыста қаза тапқан жауынгерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етуге арналған барлық ескерткіштерді жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында соғыс қимылдарына қатысқан және фашизмді жеңуге үлес қосқан батырларға арналған «Қаһармандық ерлік» монументтері орнатылады. Сонымен қатар Жәнібек ауданында Кеңес Одағының Батырлары Ерденбек Ниетқалиевке, Николай Чуриковке және Хиуаз Доспановаға, Сырым ауданында майдангер жазушы Жәрдем Тілековке арналған мүсіндер орнатылады, Бәйтерек ауданында «Батырлар аллеясы» ашылады, Тасқала ауданында майдангерлердің Жеңіске қосқан үлесі  туралы  деректі  фильм  түсіріледі.

Орал қаласында ономастикалық комиссияның шешімімен Алмазов көшесіне қазақтың тұңғыш әскери ұшқыш қызы, батыр жерлесіміз, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі беріледі. Сондай-ақ Оралда құрылған «152-ші атқыштар бригадасының даңқты жауынгерлік жолы туралы» экспедиция ұйымдастырылады. Экспедиция нәтижесі бойынша деректі фильм түсіріледі. Ұлы Отан соғысына қатысқан батысқазақстандықтар туралы энциклопедия дайындалуда.

Өлкетанушы, доғарыстағы әскери полковник Құспан Мұқатаев ашық аспан аясындағы «Әскери даңқ» музейін ұйымдастырып, оған соғыс жылдарындағы әскери техникаларды топтастыруды жоспарлап отыр. Құспан Мұқатаев жиында соғыста қаза тапқан батырлардың ерлігіне тағзым жасау мақсатында Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіштерге күн сайын жаңа гүлдер қоюды ұсынды. Облыс әкімі Ғали Есқалиев бұл ұсынысты қолдап, бұл шараның өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі  маңызын  атап  өтті.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков ардагерлердің әлеуметтік төлқұжаттары дайындалып жатқанын айтты.

– Ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету аясындағы шараларға оқушылар, студенттер, еріктілер мен кәсіпкерлер жұмылдырылады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Оралға көшірілген зауыттардың жұмысшыларының Ұлы Жеңіске қосқан қомақты үлесін жан-жақты насихаттау көзделіп отыр. Сондай-ақ тыл еңбеккерлерінің жанкешті еңбегіне лайықты құрмет көрсету мақсатында мемориалдық тақта ашуды ұсынамын, – деді қала әкімі.

Абай тойы – халық тойы. Мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін ұлы Абайдың мерейтойына орай облыста 861 іс-шара ұйымдастырылып, олардың екеуі халықаралық сипат алмақ. Ауқымы жөнінен ең үлкені және маңыздысы «Абай мен Пушкин» атты халықаралық форум болмақ. Дана Абайдың 175 жылдық мерейтойын өңірде лайықты атап өтуге арналған ісшаралардың дайындық барысын пысықтайтын жұмыс тобының құрамына танымал ақын Ғайсағали Сейтақ, «Жайық үні» газетінің бас редакторы Мира Шүйіншалиева, ақын Айтқали Нәріков және т.б. енген.

Облыс әкімі қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбаевқа арналған шараларды орыстың ұлы ақыны Пушкиннің шығармашылығымен байланысты-руды ұсынды. Абай мен Пушкин – екі ұлы данышпан, олардың мұрасы қазақ халқына да, орыс халқына да ортақ. Абай –  орыс жазушыларының еңбегін қазақ тіліне тәржімалап, қазақ жастарының орыс классиктерінің туындыларына ықыласын оятқан кемеңгер. Орал қаласы – Пушкин болған, шығармашылықпен айналысқан Қазақстандағы жалғыз қала. Сондықтан ұлы ақынның мерейтойы аясында осы жайтқа баса  назар аудару қажеттігін айтты.

Кездесуде Жұбан Молдағалиевтің ғасырлық тойын атап өтуге дайындық мәселелері де талқыланды. Жұмыс тобының құрамында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева сияқты танымал тұлғалар бар. Орал қаласында ақиық ақынға ескерткіш қойылып, ішінде кітапханасы мен музейі бар Жұбан орталығы ашылмақ. Үзілдік Елеубаева Жұбан ақынның туған жері Ақжайық ауданының Сайқұдық ауылындағы Жұбан Молдағалиевтің ескерткішін және кезінде ақынның өзі ашқан кітапхананы жөндеу туралы бастама көтерді. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Қазақстанның халық жазушысы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан ақынның мерейтойы аясында облыста барлығы 817 іс-шара жоспарланған, олардың 437-сі аудандарда өтеді. Дәстүрлі Жұбан оқулары жалғасын таппақ.

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, ақын Бауыржан Халиолла өзінің баяндамасын Қазақстанның халық жазушысы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдық мерейтойына дайындық шараларына арнады және мерейтой республикалық деңгейде аталып өтілетіндіктен, жергілікті мемлекеттік құрылымдар мен облыс меценаттарының көмегі қажет екенін атап өтті.

Қорытындылай келе, облыс басшысы өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу, туған өлкенің тарихын терең және жан-жақты танып білу үшін аталмыш іс-шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар