10.01.2020, 14:19
Қараулар: 245
«Жүздеген психологтың өзіне психолог керек»

«Жүздеген психологтың өзіне психолог керек»

Өткен жылдың соңында белгілі психолог, психоаналитик Анна Құдиярова өңірімізге келіп, мектеп психологтарымен, Жайық жұртымен кездесіп, семинар-тренингтер өткізіп кетті.  Біз танымал психоаналитикпен жүздесіп, көкейдегі сұрақтарымызды қойған едік.

– Сіз Ақ Жайық сапарындағы бірінші күніңізді мектеп психологтары мен әлеуметтік қызметкерлерге арнап, бәрін жинап, үлкен тренинг өткіздіңіз. Жалпы, жұмыс барысында мектеп психологтарымен байланысқа шығуға тура келеді. Сондай кезде олар теорияға көп мән беріп кетіп жатады. Сіздің ойыңызша, мектеп психологына, әлеуметтік қызметкерге кәсіби тұрғыда не жетіспейді?

–  Осыдан жиырма жыл бұрын әр мектепке бір психолог керек деп мәселе көтеріп, психолог  мамандарға  қол жеткіздік.

Бірақ 500 балаға бір психолог аздық етеді. Өкінішке орай, мектеп психологтарының саны бар да, сапасы жоқ екені рас. Олардың есеп беріп, қағаз толтыруы дұрыс емес. Бірақ менің «бейшара» әріптестерім мектеп директорына тәуелді. Сондықтан да олар мектеп тәртібіне бағынады. Негізінен, олар тәуелсіз болу керек. Оларға жалақыны дербес мекеме төлесе, психолог мектеп директорына бағынышты болмас еді. Мектеп психологы сабақ емес, тренинг пен терапиялық шаралар өткізу керек. Психологтарға дәрістен гөрі тәжірибемен жұмыс жасаған тиімді. Кешегі семинарда психологтар «қиын балалардың» үйіне баратыны туралы білдім. Ал психолог баланың үйіне баруға міндетті емес. Ол үшін мектеп инспекторы, әлеуметтік қызметкер, сынып жетекшісі бар. Жаным ашып, психологтарға балалардың үйіне бармаңдар деп айтып кеттім.

Мектеп психологына не жетіспейді? Олардың көбі психотерапиядан өткен жоқ. Өзі жаны жаралы адам біреудің жанын емдей алмайды.  «Стоматологпын» деген дәрігердің өзінің тістері нашар болса, сіз оған бармайсыз ғой. Сол сияқты біздің психологтар әуелі өз жанын емдеп алмай, шәкіртке көмек бере алмайды.

– Бір сұхбатыңызда «Жан мен тән – ер мен әйел секілді егіз ұғым»  деген Шәкәрімнің сөзін мысалға алыпсыз. Қазір түрлі аурулар көбейіп кетті. Осыған орай тәннен бұрын жанды емдеп алу керек деген пікірлер айтылып жүр. Жанды емдеу үшін міндетті түрде психолог маманға бару керек пе?

– Психология, психоанализ бізге соңғы жиырма жылда келді десек те, біздің ата-бабаларымыз мықты психолог болған. Олар осыдан бірнеше  ғасыр бұрын «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деп айтып кеткен. Бұл психосоматика. Біз «В здоровом теле – здоровый дух» деп дұрыс айтып жүрген жоқпыз. Қазақ халқы «Жаны саудың – тәні сау» деп бекер айтпаған. Бұрын  кеңестік кезеңде адамдар атеист, материалист болғандықтан, тәнімізді емдей бердік қой. Әлі де адамдардың көпшілігі солай ойлап, дәрігерге жүгіреді. Бірақ он бес жыл дәрігерге қаралып, көмек болмаса, адамдар саналы түрде психологиялық орталықты іздеу керек. Қазір онкопсихология деген ұғым бар. Маған онкологиямен ауырған адамдар көп келеді. Саналы түрде келген адам жазылып та кетеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, біздің бір ауыз жақсы сөзіміз өлейін деп тұрған клеткаларды тірілтіп жіберуі ғажап емес. Сондықтан психологқа ең кемі бір-екі рет болса да бару керек.

– Жалпы, психолог, психоаналитик ретінде қоғамның назарын аударғыңыз келетін  қандай  мәселе?

– Мен әрбір неке сарайында «Үй боламын, отбасын құрамын» деген адамдар үшін психотерапиялық бағыттағы арнайы бұрыш ашу керек  деп ойлаймын. Одан кейін, яғни өмірге сәби келер сәтте «Баланың психологиясын тумай тұрып біліп ал» деген тақырыпта бес сағат  терапия өткізер едім. Бала  өмірге келген соң «жақсы әке, жақсы ана болам десең, тағы да психотерапиядан өтіп ал» деп кеңес берер едім. Сонда ғана үшінші ұрпақ бізде психологиялық тұрғыдан сауатты болып өмірге келер еді. Осындай курстарға мемлекеттен  арнайы ақша бөлінсе, нұр үстіне нұр.

– Қазір ажырасу көбейіп кетті. Бұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының берген мәліметі бойынша адам 20 жасқа дейін – жасөспірім, 44 жасқа дейін жас болады, ал 75 жастан кейін кәрілік басталады екен. Қазір уақыт жылдам өтіп жатыр.

Сонда 20 жаста үйленіп жатқандардың өзі жасөспірім. Олардың біразы жыныстық қатынас үшін үйленеді. Енді арасында «Маған ұрпақ керек» деп саналы түрде үйленіп жатқандары да бар. Олар ажыраспайтын шығар. Одан бөлек қазір жастар тұлғалық бағытта дамуда. Мәселен, бұрынғы кеңестік кезеңде қоғамда тұлғаның жеке ой-пікірі болған жоқ. Ол кезде тек қоғамдық пікір болды. «Сенікі емес, әке-шешенің, үлкендердің айтқаны болу керек» деген түсінікпен өмір сүрді. Қазір де өзінің мені жоқ адамдар жиі кездеседі. Олар «Менің көзқарасым, менің ойым» деп сөйлемейді, «Біз» деп сөйлеп, өзіне жауапкершілік алмайды. Ажырасудың тағы бір себебі – қазір әйелдер тәуелсіз болып кетті. Өз үйі, жұмысы бар, баланы өзі бағады. Шведтік экономист, жазушы, бизнес-спикер Кьелл Нордстремнің «Әлемдегі әйелдердің 75 пайызы сауатты, енді 20-30 жылда басшылық орындарға әйелдер келіп, матриархат келеді» деген сөзі бар. Бүгінде айналамызға қарасақ, жаңашылдыққа, білімге құштарлық танытып жүрген, негізінен, әйелдер. Кез келген білім ордасындағы аудиторияның есігін ашып қалсаңыз, өңкей қыздар отырады. Осының өзі түсіне білген адамға көп нәрсені аңғартады.

– Қазіргі кезде түрлі психологиялық бағыттағы тренингтер өткізу трендке айналып кетті. Оны ақын да, әртіс те, әнші де өткізетін болып жүр. Осындай тренингтерге баруға құштар нәзікжандылардың көптігін көріп, өз-өзіне сенбейтін әйелдер көп пе деген ой келеді. Кәсіби маман ретінде сіз не дейсіз?

– Психологиялық бағыттағы тренингтердің көп болғанына мен қуанамын. Осы салада жиырма жыл бұрын қазақ тілді, орыс тілді бағдарламаларға жалғыз өзім шығып жүрдім. Елімізге осы психологияны жеткізе алғаным үшін қуанамын. Мыңдаған психолог болу керек, соның ішінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпары іріктеліп шығады. Шындығын айтқанда, жүздеген психологтың өзіне психолог керек. Түрлі кітап оқитын, ізденетін, әдемі сөйлейтін психолог көп шығар.

Бірақ жылап келген келіншекті жұбата алатын, 5-сыныпта адасып жылап жүрген қызды жұбатып, «10-қабаттан секірейін бе,секірмейін бе» деп жүрген жасөспірімді райынан қайтарып, тоқтата алатын психологтарды біз енді дайындауымыз керек. Қазір психолог болу сәнге айналды. Саны көп, сапасы жоқ. Бірақ сол  мамандарға сұраныс болып тұр. Қуанатыным –  бұл тұлғалық даму. Қазір миллиондаған адам «Мен тұлға ретінде дамуым керек, маған осы жолда психолог керек» деп ойлайтын болды. Бұл – психологиялық сауаттылыққа, психологиялық мәдениетке бет бұру. Бұған біз қуануымыз керек.

– Адамдар сізге қандай мәселемен жиі келеді?

– Көбіне отбасы мәселесімен келеді. Біздің қоғамда келін мен ене, ерлі-зайыптылар,  ата-ана мен бала бір-бірімен тіл табыса алмай  жатады. Екінші жағы «тұрақты жұмыс,  көп ақшам болу үшін не істеуім керек?» деп келетіндер де бар. Адамдардың көбі бейсаналы ішкі кедергілерін жеңе алмайды.  Мәселен, мен келіншектерге «Ең қымбат тонды киіп, ең қымбат машинаға отырып, ең қымбат мейрамханаға барып көріңдер» деп тапсырма беремін. Өкініштісі, көбі өзін сол деңгейге лайық санамайды. Жаңағы тапсырмаларымды бірі орындайды, бірі барып тұрып, кері кетіп қалып жатады. Ол кедергілерді жеңіп, өзіңіз жақсы өзгерісті қабылдауға дайын  болмасаңыз, миллиондар қалай келеді?! Сондықтан  әр адам өз-өзін ынталандырып, өзін жақсы көрсе, жоғары жетістіктерге  қол  жеткізе  алады.

– Сізді бәрі психолог, психоаналитик ретінде өте жақсы біледі.  Дегенмен сіздің қандай ана, қандай әже екеніңізді Жайық жұрты біле бермейді. Өзіңіз, отбасыңыз туралы айтыңызшы?

– Мен өзім көп жыл оң жақта отырып қалған кәрі қыз болып жүрдім. Айналамдағы туыстарым, шешем, жеңгелерім «Күйеуге тимейсің бе?» деп жиі айтатын.

«Мен ешкім алмайды» деп жүргенде 30-ға келіп қалыппын. Ол кезде қыз 30-ға келгенше тұрмыс құрмаса, кәрі қыз атанатын еді ғой. Анам бұрындары «Арғынға  тиме» дейтін, кейіннен «Өзбек, татар болса да бара берші, құдалармен жайлап түсінісермін» дейтін болды. Неміс тілін үйреніп жүргенімде «Күйеу бала неміс  болатын болды ма?» деп шошынып еді. Оның арасында «ажырасқан, әйелі өлген болғанмен, жібі түзу жігіт болса» деген әңгімелер де кетіп жатты ғой. Сөйтіп жүргенде, орыс та, неміс те емес, бұрын үйленбеген өзіміздің қазақтың әп-әсем жігіті бақытым болып жолықты. Сондағы шешемнің қуанғаны-ай.  Сол кісімен отыз жыл бірге тұрдым. Үш балам, екі немерем бар. Отағасының өмірден өткеніне екі жыл болды.

–  Психологтарға қандай  кеңес айтар едіңіз?  Психологқа  да психолог керек болатын сәттер болады ма? Жұмысыңызды қатты жақсы көресіз бе?

– Әрбір психолог  жеке тұлғалық   психотерапиядан өтіп, өзін-өзі зерттеу керек. Мәселен, біздің психоанализ институтына түскен адамдарға «600 сағат психотерапиядан өтіп, өзіңді зертте» дейміз.  Әрі қарай ол  осы салада қала ма, қалмай ма,  оны өзі шешеді. Өйткені ол енді бақытты әйел, бақытты маман  ғой.

Өзгеге психологиялық көмек беру үшін өзің жаралы болмауың керек. Мен студенттеріме осындай талап қоямын. Мәселен, өзі ажырасып кеткен, отбасын сақтай алмаған немесе әлі күйеуге шықпаған психолог «Жұбайыммен ажырасам» деп жылап келген келіншекке қандай көмек бере алады? Сондықтан мұндай жағдайда сол өткелден өткен, отбасының қадір-қасиетін жақсы білетін адамдар жұмыстану керек. Мен қазір 11 жасар қыздың «Мен психологқа барам» деп айта алатыны үшін қуанамын. Психологиялық сауаты жоғары жастар өсіп келеді. Менің кабинетіме «Соңғы кездері бір-бірімізді түсінбей кеттік. Біз әрі қарай тұрып кете аламыз ба?» деп жас жұбайлар алдын ала келеді. Бірақ жасы үлкен ерлі-зайыптылар жағы ұрысып-керісіп, болары болып қойған соң келіп жатады. Психологқа да психолог керек болатын сәттер болады. Ондай кезде өзімнің психоаналитигіме хабарласамын. Жұмысымды қатты жақсы көремін.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар