10.01.2020, 14:16
Қараулар: 187
Газ  бағасы  бірдей  бола  ма?..

Газ  бағасы  бірдей  бола  ма?..

ҚР  Парламенті  Сенатының  депутаттары  Ерболат  Мұқаев  пен  Нариман  Төреғалиев  Орал  қаласындағы  көп  балалы  аналармен  кездесті.  Батыс  Қазақстан  облыстық жұмыспен  қамтуды  үйлестіру  және  әлеуметтік бағдарламалар  басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш  Исқақованың  айтуынша, биыл   АӘК  төлеу  үлгісі  өзгертілді.  Облыс  бойынша  7200-ден  астам  көп  балалы  отбасына  мемлекеттік  жәрдемақы төленеді. Ал  атаулы  әлеуметтік  көмек  тағайындалған отбасыларды  жұмыспен  қамту  шаралары  жүргізіледі.  Өңірдегі кедейшілік  шегі 19 109  теңгеге  белгіленген.  Биыл  АӘК  берілетін  балаларға  кепілдендірілген  әлеуметтік  пакет шеңберінде  көмек  ұсынылады.

Жиналыста Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов көп балалы аналардың басын біріктіріп, билік пен қоғамның арасындағы байланысты нығайтуға, мемлекеттік бағдарламалардағы өзгерістерді түсіндіруге сеп болған белсенді тұрғынның бірі Айнұр Арыстанова екенін айтып, оған сөз берді. «Сәуір айынан бастап 500-ге тарта көп балалы анамен бірге жұмыстанып келемін. Олардың қатарында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, жалғызбасты немесе мүгедек бала бағып отырған аналар бар.

АӘК-ге қатысты түсінбестік туындап жатады. Аналардың жанайқайына ұдайы куә боламын. Тұрмыстық жағдайға байланысты жергілікті әйелдер көп жайттан құлағдар бола бермейді. Құқықтық және қаржылық сауаты кемшін соғып жатады. Қолдарына түскен қаржыны орнықты жұмсай алмайтындары да бар. Сол кезде мемлекет берген қаржыны үнемдеп ұстап, мал алуға, кәсібін ашуға үгіттеймін. АӘК төлеген кезде ер адамдар масылдыққа жол беріп, жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Бұл бағытта аналарға түсіндіру жұмысын жүргіздім. Былтыр Үкіметтің көптеген тұрғынның несиесін жабуы да қоғам үшін оңтайлы шешім болды», – деген Айнұр Серікқызы аналардың өтініші мен ұсыныс-пікірлері туралы айтты. Ол мемлекет тарапынан әр отбасындағы балаға 10 500 теңгеден жәрдемақы тағайындалуын аналар құп көретінін жеткізді. Сондай-ақ облыстағы күнкөріс деңгейі өзге өңірлермен салыстырғанда төмен екенін, сол шекті көтеру қажеттілігін айтты. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша біздің өңірге белгіленген тұрғын үй займын 10 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін көтеруді ұсынды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев Президент Жолдауында айтылғандай, жергілікті билік пен азаматтық қоғам өкілдерінің ашық пікірталасқа түскенін қолдайтынын жеткізді. «Былтыр Парламент 83 заң жобасын қабылдады. Оның ішінде қолданыстағы 27 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өздеріңізге мәлім, заңдарға енгізілген өзгерістердің дені әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға бағытталған. 2019 жылдың сәуір  айында балаларға тағайындалған мемлекеттік жәрдемақыға қатысты Парламент отырыстарында қызу талқылау көп болды. Заң жобасы бекітілгеннен кейін де табысын қолдан кемітіп көрсеткен отбасылар болды. Сол үшін кейбір ерлі-зайыпты әдейі ажырасты. Сондай заңсыздықтардың алдын алу мақсатында жыл соңында жаңа үлгідегі АӘК төлемі бекітілді. Мемлекет қаржысының да сұрауы бар», – деді Нариман Төреғалиев. Жиында көршілес облыстарға қарағанда,  БҚО-да көгілдір отын төлемі қымбат екені, азық-түлік бағасының өскендігі, бұлардың бәрі күнкөріс қамына кері әсерін  тигізіп  жатқаны  да  айтылды.

– Энергетика министрлігі газ бағасына байланысты мәселенің шешімін табумен айналысып жатыр. Яғни республика бойынша көгілдір отынның бағасын бірдей етіп белгілеу мақсатында жұмыстануда. Баға саясатын ретке келтіру оңай жұмыс емес. Нәтижесі кейін белгілі болады, – деді Сенат депутаты Ерболат Мұқаев.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар