10.01.2020, 14:15
Қараулар: 170
Мектептердің есеп-қисабы бір орталықтан жүргізілмек

Мектептердің есеп-қисабы бір орталықтан жүргізілмек

Енді  Орал  қаласындағы  50  мектептің бухгалтерлік  есебі  бір  орталықтан  басқарылмақ.  Бұдан  былай  педагогтар  білім  берумен  ғана  айналысып,  мектептің  материалдық  мәселелеріне  бас  қатырмайтын  болады.  Жаңа  жүйе  жөнінде  қалалық  мектептердің  директорлары  және  бухгалтерлерімен  өткен  басқосуда  жан-жақты  айтылды.

Мемлекет басшысының еліміздегі білім беру саласындағы білім беру үрдістерін оңтайландыру, материалдық, қаржылық жұмыстарды орталықтандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Орал қаласында «Білім сервис» деп аталатын жаңа коммуналдық мемлекеттік мекеме құрылды. Бұл мекеменің құрылуымен қызметкерлердің жалақыларын, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу, жөндеу жұмыстары мен мектептегі басқа да шаралар есебін жүргізу жаңадан құрылған бір орталықта  жүргізілмек.

Орал қаласы әкімінің қаулысына орай білім беру бөліміне қарасты «Білім сервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің болжамды түрде штаттық кестесі белгіленген. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев, қала әкімі Абат Шыныбеков пен «Білім сервис» мекемесінің басшысы Мұрат Байменов жаңа жүйенің енгізілуі бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында қолға алынғанын  түсіндірді.

– Қазір әр мектептің өз бюджеті бар. Әр мектеп аз ғана бюджетті игеріп отыр. Жаңа мекеменің штатына қаржы-қаражатқа қатысы бар мамандар, мемлекеттік сатып алу мамандары және техникалық қызметкерлер қабылданатын болады.

Бұған дейін айтылғандай, директорлар қызметіне тән емес жұмыстардан толықтай босатылады. Олар тек балаларға тәрбие, білім берумен ғана айналысатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Аманжол  Алпысбаев.

Аманжол Алпысбаевтың айтуынша, алдын ала жүргізілген есепке сай бастапқы кезеңде  200 млн. теңге қаржы үнемделмек.  Мектеп бұрынғыдай толыққанды жұмысын жалғастырады, тек бухгалтерияның орталықтандырылуы, сатып алу мәселесі директордың құзырынан алынып, арнаулы мекеменің басқаруына өтеді. Мұның өзі директорлар мен орынбасарлардың жұмыс жүктемесін азайтуға септігін тигізеді.

– Жүргізілген сараптау  жұмыстары директорлардың қандай да бір мәселе бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен орындаушы ұйыммен келісім жасайтынын, оның орындалу сапасының  бақыланбайтынын көрсетті. Білім ошағының басшылары электрлендіру, құрылыс саласының мамандары емес. Сондықтан олар уақыттарының негізгі бөлігін осындай шаруашылық жұмыстарға жұмсауға мәжбүр. 2017-2018 жылдары республика бойынша білім саласында 9 500 тексеру жүргізілген. Оның 80 пайызында бұзушылықтар анықталмаған. Ал мектеп директорларының тексерушілерге тиісті құжаттарды көрсетіп, түсіндіруі үшін қанша уақыты ысырап болды? Енді олар шаруашылық бағыттағы жұмыстарды реттеуге араласпайды. Онымен айналысатын арнаулы мекеме құрылып отыр, – деді  Мұрат  Байменов.

Күзетшілер, тазалаушылар, аула тазалаушылар, жүргізушілер қайтадан жаңа мекемеге қабылданып, бұрынғы орындарында жұмыстарын жалғастырады. Электр, санитарлық жабдықтар жөніндегі мамандар  бірнеше мектепке  ортақ мобильді топ ретінде жұмыс істемек. Мектептерде бухгалтер, экономист болып қызмет жасағандар да «Білім сервис» мекемесінің штатына алынады. Қазір қала мектептерінде 200-дей бухгалтер жұмыс жасауда. Мұрат Байменовтің айтуынша, қалалық білім беру бөлімінде есеп мәселесімен айналысатын мамандар да «Білім сервиске» ауысады. Қазіргі уақытта мектеп директорларының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүрген қызметкерлер «Білім сервис» штатына сервистік қызмет жөніндегі менеджер ретінде қабылданғанымен, бұрынғы мектептеріндегі қызметтерін атқара  бермек.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар