6.01.2020, 19:29
Қараулар: 442
Жаңа  хоккей  алаңы

Жаңа  хоккей  алаңы

Орал қаласындағы мұз айдыны спорт сарайы жанынан жаңа хоккей алаңы ашылды. Торлы қоршау салынған хоккей алаңының ені – 24, ұзындығы – 42 метр.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен БҚО шайбалы хоккей федерациясы көпфункционалды хоккей алаңын қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің меншігіне берген. Бұл нысан допты және шайбалы хоккей ойнауға, сондай-ақ көпшілік сырғанау үшін жалға беріледі. Жазғы кезеңде жасанды көгал төселіп, футбол ойнау мақсатында пайдалануға болады.

– Қазіргі уақытта қиыршық тас  пен құм төселіп, оның бетіне 5-6  сантиметр мұз қатырылды. Көктемде мұз еріген соң, асфальт төселмек. Хоккей алаңының айналасын абаттандыру, шамдар орнату жұмысы жүргізілуде. Одан бөлек спорт киімдерін ауыстыруға арналған контейнер қойылады. Спорт мектебінде мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шаңғы тебу, шайбалы және допты хоккей секциялары қызмет етеді. Мұз айдыны спорт сарайында жаттығатын 528  баланы 20 бапкер тынымсыз баулиды. Жыл сайын мектепке келетін балалар саны көбеюде. Көпшілік сырғанауға аптаның сенбі және жексенбі күндерінде рұқсат етілген. Енді жаңа мұз айдыны бұқараны кеңінен тартуға мүмкіндік туғызады, – деді қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Тұрарбек Алтынбекұлы.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар