6.01.2020, 19:28
Қараулар: 859
Еріктілер  қозғалысы – елжандылықтың  үлгісі

Еріктілер  қозғалысы – елжандылықтың  үлгісі

Еріктілер  жылына  қадам бастық. Былтыр  Қазақстан  Республикасының  Президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  қаулысы жарияланғаннан  кейін  дайындық  шаралары  басталып  та  кеткені  мәлім.Еріктілердің  ерік-жігерін жану  үшін  ынталандыру тетіктері  іске  қосылуда.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы Волонтер жылына байланысты іс-шаралар жоспарын жасақтаған. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындаған «Білім», «Саулық», «Сабақтастық», «Таза Қазақстан», «Асыл мұра», «Қамқор», «Үміт» жобалары біздің өңірімізде де жүзеге асады. «Білім» жобасы аясында отбасылық үлгідегі балалар ауылында волонтерлік ұйым мүшелері ағылшын тілін және  гитара, домбыра сынды саз аспаптарын қолдануға үйрету мақсатында тегін сабақ беруге көмектесуде. «Сабақтастық» негізінде «Ардагерлерді ардақтайық», «Үлкенге құрмет, кішіге қызмет» акцияларын ұйымдастыру жалғасын тауып, жастар әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың, ардагерлердің үйінің ауласында қар аршу, отын жару сияқты жұмыстарға көмегін береді.

– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Qazvolunteer.kz платформасын іске қосты. Онда 14 қабылдаушы ұйым мен 400-ден астам ерікті тіркелген. Qazvolunteer.kz платформасы ЖОО студенттеріне арналған. Платформа арқылы оларға «Студенттік әлеуметтік кредит» лимитін пайдалануға немесе 20 мыңнан бастап 50 мың теңгеге дейін шәкіртақы алуға мүмкіндік беріледі. Университеттерде мамандыққа қатысты дәрістермен бірге қосымша пәндер де жүргізіледі. Мәселен, машина жасау мамандығын игеретін студенттерге саясаттанудан дәріс оқылады делік. Волонтер қосымша пәндерді оқудан босатылып, оның орнына «студенттік әлеуметтік кредитті» пайдалана алады. Студенттің волонтерлік қызметіне жүгінген мекеме басшысы онлайн құжатқа қол қояды. Qazvolunteer.kz платформасына тіркелген еріктінің жеке кабинетінде жұмыс сағаты есептелініп тұрады. Егер ерікті 20 сағат жұмыс жасаса, 20 мың теңге шәкіртақысын алады. Шәкіртақы көлемі жұмыс сағаттарына байланысты. Qazvolunteer.kz платформасындағы жеке кабинетінде жинаған лимитін қай мақсатта пайдаланатынын студент өзі шешеді.

Аталған платформадан бөлек біздің басқарма жастармен қатар ересектерге де арналған бөлек сайттың интерфейсін жасақтауда. Осы сайт арқылы көмекке мұқтаж адамдар волонтерлер қызметіне жүгіне алады. Қазір қоғамда волонтер болуға жастар ғана құштар болу керек деген қағида қалыптасып кеткендей. Ерікті түрде қолұшын созу, көмектесу – әр адамның жүрек қалауымен болатын іс.

Сондықтан барша облыс тұрғынын бізбен бірге етене қызмет етуге шақырамыз, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораш.

Расымен де, күш-қуаты жалындап тұрған, бос уақытын тиімді игі істерге сарп ететін жастар көп. Былтыр М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 3-курс студенті Айбарша Түмен «Үздік волонтер – 2019» аталымы бойынша марапатталған. Ол облыс орталығында өткен көптеген қоғамдық, мәдени шараны ұйымдастыруға белсенді атсалысқан.

– Волонтер болу үшін, ең бастысы, ынта керек деген ойдамын. Олай болмаса, ерік-жігерің мұқалып, уақытыңды босқа сарп еткендей сезінесің. Былтыр «Жастар Отанға – 2019» жастар саяси лагерін, «Jastar» футбол лигасын, «Достықта шекара жоқ» халықаралық форумын,  Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы өткізген «Кітапханадағы түн», «Гарри Потер феномені» сықылды шаралар мен басқа да мерекелік акцияларды ұйымдастыруға атсалыстым.

Көптеген жаңа дос таптым. Қарым-қатынас әдебін, сөйлеу мәдениетін меңгердім. Волонтерлік мен үшін өмір мектебі секілді. Еріктіге керек қасиеттер қатарына жауапкершілік, белсенділік, жылы жүректілік, төзімділікті жатқызамын, – дейді Айбарша.

Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің оқытушысы Қайыржан Таубаев «Руханият» еріктілер тобына жетекшілік етеді. Еріктілер тобына 35 студент тіркелген. Одан бөлек жүрек қалауымен еріктілер тобына көмектесетін жастар да жеткілікті.  2019-2020 оқу жылына байланысты бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп, «Руханият» волонтерлері әлеуметтік қызмет ұсынатын мекемелер ұжымдарына көмектеседі. Мысалы, мүгедектер алдында музыка мамандығына оқитын студенттер саз аспаптарымен өнер көрсетсе, информатика пәнінің болашақ білгірлері оларды компьютерлік сауаттылыққа үйретеді. Реті келгенде, еріктілер жұмылып, қарттар үйі ауласында сенбілік өткізеді. Балалар үйінде спорттық шаралар ұйымдастырады. «Руханияттың» көмегі ауадай қажет екенін айтып, тұрғындар арасынан сұраныс та түсіп тұрады.

Айта кетейік, 2016 жылы Қазақстанда «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданған. Заңда «Волонтерлік қызмет – жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне сәйкес өтеусіз негізде жүзеге асырылатын, әлеуметтік бағыттағы ерік қалауымен орындалатын қоғамдық пайдалы қызмет» деген анықтама берілген. Еріктілер қоғамда азаматтық ұс-танымды қалыптастыруға, әлеуметтік жауапкершілік салмағын сезінуге, ынтымақтаса отырып, өзара көмектесуге және мейі-рімділік сезімін оятуға ықпал ете алады, спортты дамыту, қоршаған ортаны қорғау секілді қоғамға игілік әкелетін басқа да мақсаттарды жүзеге асырады. Экстремизм мен сепаратизм сипаты бар, әскери мүддеге негізделген, халық арасында іріткі салатын волонтерлік қозғалысқа ҚР заңдарына сәйкес үзілді-кесілді тыйым салынған.

Аталған заңда жасы он сегізге толған азаматтар жеке немесе топтасып, ерікті түрде қызмет ұсына алады. Әсіресе, төтенше жағдайлар кезінде бұл қағида бұлжытпай сақталуы тиіс. Он сегіз жасқа толмаған жастар волонтерлік қызметті олардың денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтірмейтін және оқу үдерісін бұз-байтын жағдайда жүзеге асырады. Он төрт жасқа дейінгі жасөспірімдер ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен немесе іс жүзінде олармен бірлесіп атқаруына рұқсат берілген.

Қалай десек те, биыл үкіметтік емес ұйымдарға артылар жүк ауыр. Олар азаматтық бастамаларға дер кезінде үн қата отырып, қоғамға пайда әкелетін игі шаралардың бел ортасында жүруі тиіс. Жәнібек ауылы әкімінің орынбасары Ләззат Абдулованың айтуынша, «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігі отбасы тәрбиесі, ана мен бала құқығына қатысты сан алуан шараларға ұйытқы болып жүр. Некесін бұзып, ажырасқысы келіп жүргендерді татуластыру, жалғызбасты аналардың жұмыс орнын сақтап қалуына көмектесу, ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты нығайту тәрізді қоғамдық қызметтерді аталған бірлестік ақысыз атқарып жүр. Сондықтан бірлестік еріктілер ұйымы қызметін қоса атқарып жүр деп те қабылдауға болады.

– Еріктілер деген қоғамға еш ақысыз еңбек ететіндер ғой, негізі. Шет елдерде оларға жалақы төленіп, жалпы еңбек өтілі жүретінінен және олардың қатарында жастардан бөлек зейнеткерлер болатынынан хабардармын. Менің ойымша, ерікті дегеніміз – қоғамға пайдалы істермен айналысып, сол арқылы тұлғалық, патриоттық қасиеттерін дамытатын, елдің болашағына өз үлесін қоса алатын жандар, – деді Орал қаласындағы «Мәңгі Қазақ елі» ҚБ төрайымы Жаннат Танабаева.

Мемлекет басшысы Волонтер жылына бекерге мән беріп отырған жоқ. Еліміздегі еріктілер қозғалысын жандандыруға серпін керек. Еріктілеріміз кеңестік кезеңде «Тимур және оның командасы» деген ұстаныммен қалыптасқан жастар қозғалысының сорабынан шыға алмай қалып жатқандай көрінеді. «Орал» студенттері альянсының көшбасшысы Мұса Көнеевтің пікірінше, қазіргі уақытта медицина саласында волонтер қалыптастыру қажет  болып  тұр.

Облыс бойынша 10 мыңға жуық волонтер бар деп есептелінеді. Орал қаласында 60-тан астам еріктілер клубы бар. Сырым ауданының жастары волонтерлік қызметтегі белсенділігімен ерекше көзге түсіп жүр. Еріктілер жылындағы іс-шаралар ұлттық дәстүрімізді жандандыруға негіз болмақ. Былтыр Қаратөбе ауданының жастары асарлатып, зейнеткерге баспана тұрғызып берген. Осындай игі ғұрыптарға қоғам болып көңіл бөлу деміккен өкпеге ауа жұтқызғандай жылы әсер қалдырары анық.

«Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаев қоғамдық қызметімен көзге түсіп жүр. 2018 жылдан бері «Samruk-Kazyna Trust» қоры қолдауымен «Жеңіс» қа-йырымдылық жобасын жүзеге асырған. Жоба арқылы соғыс және тыл ардагерлерінің шақыртуымен еріктілер ұйымы олардың үйіне барып, тұрмыстық мәселелерін шешуге қолғабыс жасайды.

– Біздің волонтерлер арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Ардагерлер оларды киімі арқылы жазбай таниды. Биыл Орал қаласы бойынша 50 ардагерге қызмет етеміз. Олардың үйіне баратын волонтерлердің жолақысын қамтамасыз етемін. Заң бойынша төрт сағаттан асса, еріктілерді ыстық тамақпен, ассуымен қамтамасыз ету керек. Көптеген ұйым волонтерге жанашырлық танытуға атүсті қарайды. «Волонтерлік қызмет туралы» заңда еріктілердің құқықтары қорғалатыны туралы нақты жазылған. Волонтер жылы деп жарияланғаннан кейін түрлі еріктілер тобы көбейіп шыға келді. Сондықтан олардың атқарған қызметін саралап, әділ бағасын беру керек. Мысалы, жеті жылдан бері Ғалия Бекқожиева жетекшілік ететін «Күн сәулелі Орал волонтерлері» қозғалысы заңды түрде тіркелмесе де, қайырымдылық жобаларын үздіксіз жүзеге асырып келеді. Ол үшін ешкімнен марапат сұраған емес. Волонтерлікті қайырымдылық қызметі ғана деп қарастырмау  керек. Экология, медицина, заңгерлік, әлеуметтік салаларда және медиакеңістікте волонтерлер қозғалысын қалыптастыруға болады. Ерікті түрде қызмет атқарғаны жөнінде уәкілетті құрылым немесе атқарушы ұйым ұсынба хат дайындап, куәландырып отырса, кейін волонтердің жұмысқа орналасуына оң әсер етеді. Бұл тәжірибе Ресейде және басқа елдерде кеңінен таралған. Қазақстанда «Волонтер кітапшасы» енді шығарыла бастады. Соған ерікті түрде еңбек атқарғаны жөнінде мекеме мөрі басылса да жеткілікті. Қазақстан бойынша бірыңғай волонтерлер базасы қалыптастырылғаны жөн. Елімізде ата-аналар балаларын волонтерлікке ерте баулыса, құба-құп болар еді. Осы бағытта отбасы тәрбиесін жандандырған маңызды. Ерікті болуға ата-ана да үлгі көрсете алады. Жастар болашақ мамандығына қатысты мекемеге сұранып, волонтер ретінде барып, тәжірибе жинаса, сүйікті кәсібінің қыр-сырына ерте қанығар еді, – деді ҚР «Ұлттық волонтерлік желі» бірлестігінің облыстағы  өкілі  Айболат  Құрымбаев.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар