6.01.2020, 19:26
Қараулар: 262
Бесаспап Асқар

Бесаспап Асқар

«Жайық Пресс» медиахолдингінің аудандармен жұмыс бөлімінде газет безендірушісі қызметін атқаратын жігіттердің бірі – Асқар Кенжеғалиев. «Жігітке  жеті өнер де аз» дегендей, әріптесіміз бір әңгімесінде домбыра жасауға тапсырыс қабылдап жатқанын айтып қалды. Сұрай келе, қағілез жігіттің ағаштан түрлі бұйым жонып, саз аспаптарын жасайтынын, құрылыс жұмысына да қолы епсекті екенін білдім.

Асқар Құрманғазы атындағы саз колледжін сәндік  қолданбалы өнер және дизайн  мамандығы бойынша 2010 жылы тәмамдаған. «Колледжде тұскілем тоқу (гобелен), матаға сурет салу, тері илеу, металл балқыту, ағаш жону секілді қолөнер шеберлігіне қатысты барлық жұмысты орындадық. Сабақтан тыс уақыттың денін шеберханада өткіздік. Қас қарайған уақытта шығып жүрдік», – деп еске алды ол.

Бозбала ІІ курста саз аспаптарын жасауға төселеді. Домбыраның барлық түрін жасайды. Асқардың айтуынша, домбыраның негізгі үш түрі бар.

Балақай домбыра – мектепке алғаш қадам басқан балдырғандарға арналған домбыра.

Алть домбыра – 12-13 жастағы жасөспірімдерге арналып жасалған көлемі кішілеу аспап.

Кәсіби домбыра – ересек өнерпаздар қолданатын стандартты домбыра.

Кейіпкеріміздің колледждегі ұстаздарының бірі Асылан Серікбаев туралы «Орал өңірі» газетіне «Домбыраға қой ішегін тартқан шебер» атты мақала жазған болатынбыз. Осындай шеберден тәлім алған шәкірттер де осал болмаса керек-ті. Ол кезеңде саз аспаптарына материал табу қиынға соққан. Колледж оқытушылары студенттерге ауылдан мал терісі мен мүйізін, сүйек, қайыс әкелуді тапсырады.

– Бір жыл бойы теріден жасалған бұйым жасауға төселдім.

Курстық жұмысым торсық жасау болды. Жалпақ тілмен айтқанда, «жаковский үйден» пәтер жалдадым. Үйдің жертөлесінде сиыр терісін илеймін. Иісі мұрын жарады. Теріні темір шылапшында сірке суымен (уксус) илеп, сосын жұмсартып, көксуға саламыз. Желімденуге жақсы болуы үшін аздап жылқының майын қосамыз, – деді Асқар Ғабдірешұлы.

Бір торсықты жасауға екі апта уақыт кетеді екен. Теріні тіккен соң, оның іші құммен толтырылады. Торсық қалыпқа түскенше күн көзі түспейтін көлеңкелі жерде кептіріледі. Құм толтырылған шикізат сыртына ою бедерін салу жұмысы басталады. Күн сайын ою іздерін жұқалап тіліп отыру қажет. Әйтпесе, өрнек бедері анық түскенше, тері бетінен ғайып болып отырады екен. Сиырдың жонындағы тері қалың болған соң, торсыққа шикізат ретінде пайдалануға болмайды. Есесіне, қабырға тұсында жұқа келетін тері бөлігі икемге келеді. Ежелден қазақтар мал терісін орнымен пайдаланған. Мәселен, түйенің мойын терісінен шелек жасаған. Ешкінің терісін ләңгі істеуге пайдаланған. Қобыз жасарда бұзау терісін кәдеге асырған.

Асқар колледжде оқыған жылдары «Мәдени мұра» ұлттық жобасы жанданып жатыр еді. Жобаауқымында мектептерде домбыраға сұраныс жоғары болған.

Шеберханада күніне төрт домбырадан жасалып жатты. Жеті және тоғыз шанақты, ойма домбыра жасауға шәкірттердің қолы төселді. Кейіпкеріміздің айтуынша, ойма домбыраның ішісыртын жонып шығару үшін біраз уақыт тер төгу керек. Оған шикізат таңдау қиын. Жонып отырған ағашың, түптеп келгенде, жарылып кетпеуі тиіс. Сондықтан тәжірибесі мол ұстаздар көмектеседі. Домбыра шанағын ойып шығару үшін қайың томары кәдеге жарайды.

– Отбасымыз Қазталов ауданының Жалпақтал ауылында әнші, термеші Баян Қабиевамен көрші тұрды. Баян апайдың үйінің ауласында алма терегі өседі. Ол кісімен келісіп, қурап тұрған алма ағаштарын кесіп, дайындап кетемін. Бір жылдан кейін шикізат ретінде пайдаланамын. Бір күні Баян апайдың шәкірті Германияда өнер көрсететін болды. Тұяқберді Шәмелов өнерпазға батасын беріп, қолындағы домбыра ішегін шертіп көрді де, «Домбыра сөйлеп тұр екен. Бояуы кеуіп үлгермепті. Кім жасады?» деп сұрады. Аспап менің қолымнан шыққан еді. Дауылпаз күйшінің жылы лебіз білдіргеніне бір марқайып қалдым. Өмірімде өнеріме берілген ең үлкен баға деп ойлаймын, – деді Асқар.

Колледжде Асқар декоративті қылыш жасауға әуестенеді. Материал ретінде орақтан қалған темірлерді кәдеге жаратады. Қы-лышқа киік мүйізінен сап жасайды. Күйшілер үшін ағаштан ортеке дайындайды. Колледждегі оқуын тәмамдаған соң қолы шебер жігіт мамандығы бойынша бір мекемеде тұрақтап қалмағанымен, түрлі салада қызмет етеді. Кәсібінің бәрі өнер атаулының маңында. Компьютерлік графика, интерьер-дизайнер, ағаш шебері, бейнеоператор… Соңғы жылда-ры БАҚ салаларында бағын сынап келеді. Сөйте жүріп, ата кәсібінен қол үзген емес. Шеберлік машығын ұмытпас үшін ай сайын домбыра жасауға тапсырыс қабылдап тұрады. «Етікшіні бізінен таны» дегендей, шеберханасы түрлі құрал-сайманға толы.

Оралдықтар «Құс фабрикасы» деп атап кеткен саяжай аумағында салған үйін әсем безендіріпті. Оның үйіне қонақ бола  барғандар, шын мәнінде, үй төбесін шаңырақ кейпінде безендірілгенін көреді. «Үйдің ішкі құрылыстарына қатысты тапсырыстар қабылдаймын. Сол кезде қазақы стильде жасауды ұсынамын. Ұлттық нақышта безендіруге жерлестеріміз енді көңіл бөліп жатыр», – дейді ол.

Ағаштан түйін түйетін Асқар баспана салуға білек сыбанып кірісіп те кете алады. Газетіміздің «Балға мен шеге» айдары үшін жас шеберден үй құрылысын жүргізуге байланысты бірнеше кеңес сұрап алдық:

 

— Үйдің төбесінің құрылысын жүргізгенде шатыр қаңқасы болатын ағаш материалдың әбден кепкеніне көз жеткізу керек. Дымқыл ағаш кепкен сайын тартылып, шатырдың арқауы мен діңгектерінің қисаюына алып келеді. Ағашты шикізат күйінде кептіру технологиясы мүлдем бөлек болады. Күн көзіне қойып құрғатам деу уақытты зая кетіру ғана.

 

— Баспана іргетасын қалауда қаражат аямаған жөн. Іргетасы неғұрлым биік құйылса, үйдің едені дымқыл тартпайды. Қазіргі уақытта іргетас бетоны бекуі үшін үстін сумен шайып, ұзақ уақыт ашық күйінде жатуы міндет емес.

 

— Еден астына салынатын жылытқыш құрылғысын барлық бөлмеге орналастыруға болмайды. Себебі еденнен үздіксіз бөлінетін жылу адам бойындағы ылғал мөлшерін азайтып, қан айналымын ауырлатуы мүмкін. Сондықтан адам тынығатын бөлмелердің еденіне жылытқыш салып қажеті жоқ. Ал кіреберістегі, жуынып-шайынатын жердегі еден тұрақты жылып тұрғаны денсаулыққа жақсы.

 

— Үйдің қабырғасын керамзит тастан қалаған дұрыс. Қазіргі уақытта құны жағынан тиімді болғанымен, ағаш пен қамыстан (щитовой) құралатын даяр қабырғаны қолдану азайып келеді. Және оны сыртынан балшықпен сылау әбігерге салады. Бірақ диагоналін дұрыс шығарса, ағаш жақтауды  тез  құрастыруға  болады.

 

— Баспана салғанда бағасы қымбат құрылыс материалдарын оңды-солды алып, безендіруін күшейтемін деп астамшылыққа салынуға болмайды. Қаржы құйғанымен, талғамын таппаған үйлер кездеседі. Құрылыс материалдарын ұсынықты пайдаланып, қабырғасын әрлеуге, қиюын келістіріп қымтауға, шағын да жайлы баспана салуға болады.

 

— Түсқағаздарды да (обои) пайдалану сәннен қалған жоқ. Қазіргі уақытта киіз іспетті қабырғаға жапсыратын материалдар қолданысқа енген. «Сұйық» түсқағаздардың жыртылған, сызылған бөлігін алып тастап, жуып, тазалап, орнына кері жапсырып қоюға болады.

 

— Үй төбесіне (мансарда) қосымша құрылыс жүргізер алдында мұқият жоспарлап алу қажет. Баспана жобасын кесіп-пішерде әбден ойланып, қосымша құрылыстың керек болатынына көз жеткізу керек. Құрылыс барысында артық бөлмелер салынуы мүмкін. Кейін оларды үй иесі пайдалана бермеуі мүмкін. Шатыр астындағы бөлме құрылысының (мансарда) құны қалтаға соғатынын көбі ескермей жатады. Әжетхана қалдығын тартатын құбыр тарту үшін іргетасын оюға тура келіп жатады. Үй сызбасын әр бөлшекке дейін тәптіштеп ойластыру ұтымды шешімге әкеледі.

 

— Құрқылтайдың ұясындай болса да, шағын да жинақы етіп үй салып шығуға болады. Әр бөлменің ішкі құрылыс материалдары бөлек болуы тиіс. Мәселен, асүй ішіне кафель төселеді. Қалған бөлмелердің еденіне тақтайшалар (паркет) тартуға болады.

 

— Шатыр орнына қаңылтырды (профлист) қолдану тиімді. Қолы жеткен адам ондулин пайдаланса болады. Ондулин профлистен қарағанда, күннің ыстығын қайтарып, төбедегі температураны қалыпты ұстайды. Сондықтан ондулин үйшік төбелі үйлер үшін тиімді. Профлист жабу үшін төбе ішінде ауа тұратын кеңістік мол болуы керек. Үй құрылымының үйлесімін сақтау маңызды. Яғни қабырға мен төбе діңгегінің биіктігі теңбе-тең болғаны жөн.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар