6.01.2020, 19:23
Қараулар: 561
Сиыр неге  сауылмайды?

Сиыр неге  сауылмайды?

Осыдан  жеті-сегіз  ай  бұрын  Жаңақала  ауданының  орталығына Ақ  Жайықтың  ақ  шағаласы  атанған  көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева  келген  еді.   Аудандық  мәдени-демалыс орталығында  өткен  кездесу  кешінде  ақын  ұлт  тағдыры,   бала  тәрбиесі  жөнінде  тебірене  сөйлей  келіп,  ауыл  келіндерін  бір  түйреп  өткен-ді.

– Жолдан көңілсіздеу келдім. Себебі жолай бұзауын емізген сиырларды көрдім. Сонда қазір ауыл қазағы сиыр саумайды ма? Бұрындары бұзау сиырды еміп қойса, ол отбасы үшін трагедия болатын. Сиыр сауылмаса, қаймақ жоқ, май жоқ деген сөз. Сиыр сауылмаса, әйел тәрбиесі, дастарқан құты кеміді деген сөз, – деп Ақұштап ақын ауыл келіндерінің сиырдан алыстап бара жатқанын айтты. Көптен ойымызда жүрген, мақаламызға түрткі болып отырған да осы жайт. Жалпы, Ақұштап ақынның «Қазақтар! Сиыр сауыңдар!» деген сөзін біз елді қазақылыққа, қазақы тұрмысқа жақын болуға үн-деуі деп түсіндік. Себебі қазақы тәрбиенің екі  тұтқасы  болса, бірі – мал шаруашылығы, екіншісі дастарқан емес пе еді? Кезінде  Мұстафа  Шоқай да Сырдағы елге «Гүл егіңдер!» деген екен. Онысы  қазақты еуропалық мәдениетке  ұмтылдыру-тұғын. Ақұштап ақын елдің руханиятына деген алаңын осындай қарапайым мысалмен жеткізген еді. Бұрын әзиз әжелеріміз бен аяулы аналарымыз ала таңнан тұрып, қос шелегін қолға ұстап, сиыр саууға тұра жөнелетін еді. Ол кездер қазір өткен шақтың бір тәтті естелігі болып қалғандай. Сағынасың, кейде аңсайсың сол  сәулелі  сәттерді…

Жалпы, сиыр малының сүтінен жасалатын тамаша сусындар халқымыздың ежелгі көшпелі өмірінде ауруға ем болып, сауға қуат берген. Біздің білуімізше, ағарғанның адам өміріндегі маңыздылығын, оның денсаулыққа тигізер пайдасын айтып тауысу мүмкін емес. Мал сүтінің өзі құрамында адам ағзасына қажетті элементтердің, дәрумендердің молдығымен дараланады. Ал қазіргі уақытта малды өсіргенмен, оның өнімдерін өндіруге, сиырды уақтылы сауып,  одан құрт, май, ірімшік жасауға көңіл бөліп жүрміз бе? Біз осы сауалға жауап іздеп көрген едік. Иә, расымен де, қазір, үлкендеріміз айтпақшы, таңмен таласа тұрып сиыр сауып, оның сүтін қажетіне жарататын келіндер қатары сирек. Одан гөрі дүкен сөрелерінде тізіліп тұрған, көрші аудан, облыстардан келген «Айналайын», «ФудМастер», «Береке» атаулы сүттерді сатып алып, шайға қатқанды оңай көреміз. Оны кейбіріміз жұмысбастылығымызбен түсіндірсек, кейбіріміз бар сиырды шайлық сүт ретінде ғана сауып алып, қалғанын бұзауына емізе салғанды жөн көретініміз де шындық. Ал оның артылғанын саудалап, өзімізді-өзіміз қамтамасыз етуге келгенде шорқақтығымыз тағы бар. Қарап отырсақ, осының бәрі – ойланатын жай. Бізде не көп, сауын сиыр көп. Бірақ неге сауылмайды? Жұмысбастылықтан ба, жоқ жалқаулықтан ба? Бұдан бөлек, тағы айта кетер жайт – бұзауды енесіне ерте қосуды кейбір қожалық иелері бірауыздан құптайды. Себебі малдың оңалуына, семіруіне көп септігін тигізеді екен.

Бұл – бөлек әңгіме.

Қорасында ірі қарасы бола тұра, сүт-майды сатып алатындардың көптігі көңілді еріксіз қынжылтады. Аудан орталығын айтпағанда, ауылдық округтердегі, елді мекендердегі, қырдағы-ойдағы жеңгелеріміздің дайын асқа тік қасық болғысы келетінін түсіне алмадық. Иә, бұл көпке топырақ шашқанымыз емес. Он саусақ бірдей емес қой. Дегенмен қазанын қайнатып, дастарқанын жайнатып, сиыр мен түйені қатар сауып отырғандар да қаншама? Мысалы, мұқырлық Мәнсия Есқақованы ауданда білмейтін жан кемде-кем. Ол азаннан кешке дейін алты түйе, 30-дан астам сиырды сауып, жанұясынан артылған шұбатты сатып, ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Оған ауылдастары да дән риза. Міне, осындай еңбекқор апаларымыздың сара жолы жас келіндерге де жұғысты болсын  демекпіз.

Алтынбек  ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.