6.01.2020, 19:22
Қараулар: 244
МӘМС аясында 636 мың тұрғын сақтандырылды

МӘМС аясында 636 мың тұрғын сақтандырылды

Облысымызға  жұмыс  сапарымен  келген  ҚР  Парламенті  Сенатының  депутаттары  Ерболат  Мұқаев  пен  Нариман  Төреғалиев  облыс  орталығындағы  бірқатар  медициналық  нысанды  аралап,  міндетті  әлеуметтік  медициналық  сақтандыру  жүйесін  жүзеге  асыру  барысымен  танысты.

Сенаторлар алдымен  Орал қалалық көп бейінді ауруханаға барып, заманауи үлгідегі медициналық аппараттардың жұмыс істеу барысын бақылады. Айта кетсек, ауруханада нейро-инсульт орталығы, жалпытерапиялық, травматологиялық, гинекологиялық, әйелдер босанатын және басқа да бөлімшелер жұмыс жасауда. Шаһарда жалпы төрт магниттік-резонанстық томография болса, біреуі осы ауруханада орнатылған.

Аталмыш аурухананың сәулелі диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Руслан Берсагуровтың айтуынша, МРТ құрылғысы адамның жүрегінен басқа дене мүшелерін тексере алады. Әсіресе, мидың ісігі мен инсульт дертін ерте сатыда анықтауға мүмкіндік зор. Мұндағы МРТ аппараты облыс тұрғындарына қызмет көрсететін санаулы құрылғының бірі болғандықтан, аппарат күніне 20-ға  жуық науқасты қабылдайды екен. Сондай-ақ депутаттар компьютерлік диагностика құрылғыларының заманауи жабдықталғанына көз жеткізген соң өңір дәрігерлерінен МӘМС аясындағы жұмыстарды пысықтады.

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгені белгілі. Оған сәйкес тұрғындар екі түрлі медициналық  пакет бойынша көмек алады. Яғни биылдан бастап кепілдендірілген медициналық көмекпен бірге қосымша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүреді. Соңғысы азаматтардың арнайы шотына жиналған қаржы есебінен жүзеге асырылады. Ал кепілдендірілген көмекті Үкімет қаржыландырады. Облыс бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылған халық саны 97,1 пайыз болып отыр. Оның ішінде мүгедектер, ҰОС ардагерлері, зейнеткерлер, алтын, күміс алқа алған аналар, үш жасқа дейін баламен отырғандар – 337 мың адам. Олар кепілдендірілген медициналық көмек алады. Жұмыс жасап жүргендер санаты бойынша 228 мың адам кепілдендірілсе, жеке кәсіпкер, шаруа қожалық иелері 45 мың болып отыр. Осылардың барлығын қосқанда облыстағы 636 мың тұрғын МӘМС аясында сақтандырылып отыр. Әр адам емханаға, ауруханаға барған кезде жеке құжаты арқылы базадағы мәртебесін анықтап, соған сәйкес қызметтерді алады, – деді облыстық  әлеуметтік  медициналық  сақтандыру  қорының  директоры Нұржамал  Жұмағұлова.

Содан соң депутаттар жұмыс сапарын  Орал қалалық №5 емханада жалғастырды.

Бұл емханада МӘМС аясында  тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған  емдеу-дене шынықтыру кабинеті, сенсорлық бөлме ашылған.  Науқастарға тегін массаж, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға әр түрлі қызметтер спектрі бойынша оңалту және бейімдеу тәрізді қызмет түрлері көрсетіледі. Кешенді көмек ұйымдастыру әрбір баланың жеке тұлғасының қалыптасуына  бағдарланған. Емхана директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Гүлара Омарованың айтуынша, сенсорлық бөлмеде мүмкіндігі шектеулі сәбилер мен балалардың саусақ ұшы моторикасына жаттығу жасап, тірек-қимыл қозғалысын дамыту бойынша барлық мүмкіндік бар.

Сондай-ақ мұнда ата-аналарға мүмкіндігі шектеулі баламен жұмыс жасаудың әдістәсілдері мен үй жағдайында жұмыс жүргізу  жайлы  кеңестер беріледі.

– Біздің Ақ Жайық өңіріне келгендегі басты мақсатымыз – 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген МӘМС-тің жүзеге асырылу барысын білу. Бүгінгі күнге дейін еліміз бойынша 700 мыңға жуық тұрғынның МӘМС аясында мәртебесі анықталмаған. Соған орай олар осы жылдың екінші тоқсанынан бастап медициналық пакеттер бойынша қызмет ала алмайтыны белгілі. Бірінші тоқсан бойынша анықталған мәртебесіне қарамастан, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызмет алуға  мүмкіндік беріліп отыр. МӘМС жүйесінің тиімділігін тұрғындарға жіті түсіндіруіміз керек. Медициналық сақтандырылған жүкті келіншектер мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер стоматологиялық, сондай-ақ тұрғындар МРТ мен КТ (компьютерлік томография) қызметтерін тегін ала алады. Қазірден бастап жалдамалы жұмысшылар МӘМС бойынша мәртебесін анықтап, жұмыс берушілерінің жарна аударып тұрғандығын тексергендері жөн, – деді сенатор Нариман Төреғалиев. Сондай-ақ ол медициналық қызметтің мінсіз  болуы  қажеттігін  жеткізді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар