31.12.2019, 1:41
Қараулар: 324
Құрметті батысқазақстандықтар!

Құрметті батысқазақстандықтар!

Жаңа 2020 жылдың босағамыздан аттап, төрімізге енуіне санаулы уақыт қалды.

Бұл – тарих қойнауына енгелі тұрған жылда атқарған істерді тағы бір мәрте ой елегінен өткізіп, саралайтын және жаңа жоспарлар құратын аса маңызды сәт.

2019 жыл Батыс Қазақстан облысы үшін маңызды мемлекеттік жобалар мен бастамалардың табысты жүзеге асуымен ерекшеленді. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 50%-ға артып, 553 млрд. теңгені құрады. Бұл – өңірімізде жаңа жұмыс орындары құрылып, облыс бюджетіне түсетін салық мөлшері ұлғайды деген сөз.

Биылғы жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 24%-ға артып, мектептер, спорт кешендері бой көтерді. Қаржыландырудың барлық көзінен 480 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Соның арқасында көптеген отбасы Жаңа 2020 жылды өз баспанасында қарсы алып отыр.

2019 жылдың басынан бері 300 шақырымнан астам жол жөнделіп, жаңа-дан салынды. Жәнібек пен Сайқынға дейінгі жолдың құрылысы басталды. Облысымыздың шалғай ауылдарына табиғи газ жеткізіліп, ауылдық елді мекендерге таза ауыз су қосылды.

Ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі салаларында да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Біздің барлық жетістігіміз батыс-қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің арқасында мүмкін болды.

Тарих тұрғысынан алып қарағанда жас мемлекет болып табылатын Қазақ елінің алар асулары әлі алда. Біз осындай игі істерді 2020 жылы да жалғастыратын боламыз.

Құрметті жерлестер! Жаңа 2020 жылда Сіздердің дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры қашанда берік, көк бай-рағымыз биік болсын! Киелі Ақ Жайық өңірінің ырыс-несібесі арта бергей!

Жаңа жыл құтты болсын!

Игі  тілекпен:  Ғали  ЕСҚАЛИЕВ,

Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар