31.12.2019, 1:39
Қараулар: 150
Жаңа   жылда  жаңғырған   университет

Жаңа   жылда  жаңғырған   университет

Мейрам қарсаңында өңіріміздегі іргелі оқу орны Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің бас қақпасы заманауи үлгіде жаңартылды. Жаңа құрылыс нысанының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев, білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты.

Шара барысында аталмыш университеттің түлегі, облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев жаңа құрылыс нысанының ерекшелігін, мұндай жобалар оқытушылар мен студенттердің талпыныстарының артуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың құрметті профессоры, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазыбай Бозымов оқу ордасының жетістіктері  туралы  айтты.

Университет қалашығының көркіне көрік қосып, білім ордасының заманауи бет-бейнесін айшықтайтын нысанның ашылуынан соң жаңажылдық шырша шамы жағылды. Студенттерге мерекелік көңіл күй сыйлаған шарада қала әкімі Абат Шыныбеков университет ұжымын Жаңа жылмен құттықтады.

Жайнагүл САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың медиа орталығы маманы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар