31.12.2019, 1:38
Қараулар: 113
«Жерді  игере  алатын  адам  ғана  оның  иесі  болуға  лайық»

«Жерді  игере  алатын  адам  ғана  оның  иесі  болуға  лайық»

Биылғы қыркүйек айында жер қатынастары мәселелерін талқылаған алқалы басқосуда облыс әкімі мемлекеттік құрылымдарға, әкімдіктерге тиісті тапсырмалар берген болатын. Облыс әкімдігінде өткен кеңесте сол тапсырмалардың орындалу жайы талқыланды.

Басқосуды ашқан облыс әкімі Ғали Есқалиев Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімді пайдалану мәселесінің өзекті екендігін Жолдауда да, жақында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында да көтергенін, көптеген азаматтың жерді пайдаланбай отырғанын, жерді тиімсіз пайдаланатындардың жер  иесі бола алмайтынын ашып айтты.

– Мемлекет басшысы «Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық», – деп атап өткен болатын. Біздің басты міндетіміз – жерді мақсатына сай тиімді пайдалануды қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта жергілікті және атқарушы құрылымдар пайдаланылмай бос жатқан жерді анықтау және ондай жерді ауыл шаруашылығы айналымына қайтару  бағытында жұмыстар жүргізуде. Бос жатқан жерді арамшөп басады, өңіріміздің экономикасына орасан зиян шектіреді. Облысымыз индустриалды ауыл шаруашылығы бағытында дамып келеді, аумағымыз үлкен, аграрлық бағытта өркендеу үшін жер және су қажет, – деді Ғали Есқалиев.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұқанбетжанованың баяндауынша, облыста 1 млн. 749 мың  гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланылмай отырғаны анықталған. Бүгінде соның 1140 мың гектары немесе 65%-ы мемлекет меншігіне қайтарылған. Кері қайтарылған жердің 940 мың гектары немесе 82%-ы ауыл шаруашылығы айналымына қосылған. Қазіргі уақытта 200 мың гектар  немесе 18% жер телімі айналымға қосылмаған. Жергілікті атқару-шы құрылымдардың тыңғылықты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде 405 мың гектар жерді жалға алушылар учаскелерін игеруге кіріскен.

Облыс әкімі қыркүйекте өткен жиында жер телімдерін дұрыс пайдаланбай отырған жерді жалға алушылардың тізімін халыққа жария етуді тапсырған болатын.

Соған орай ондай тізім ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және zem.kz. порталында жарық көрген. Бұл жер учаскелері биыл мемлекетке кері қайтарылған.  БҚО бойынша геоақпараттық портал құрылған, оны ақпараттармен толықтыру 2020 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Геопорталда ауыл шаруашылығы өндірісінің, геосалықтық мониторингтер, лицензиялы учаскелердің шекарасын бұзу фактілерін анықтау,  жерге қатысты барлық ақпарат қамтылмақ.  Сондай-ақ игерілмеген жер және оның көлемі, пайдалану мақсаттары жөнінде ақпарат-тар орналастырылады. Жерге қатысты мемлекеттік қызметтер электронды түрде көрсетіліп, жемқорлық тәуекелдер төмендемек.

Жиында Ақжайық және Теректі аудандарындағы жерді тиімсіз немесе мүлдем пайдаланбай отырғандар жайы сөз болды. Ақжайық ауданында ауыл шаруашылығы құрылымының 25 субъектісі 21 мың гектар,  Теректі ауданында 54 субъект 36,1 мың гектар жерді мүлдем игермегені анықталып, оларды  айналымға қосу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Кеңеске қатысқан жерді жалға алушылардың бірі малы көп болғандықтан, жайылым жер жетіспейтінін айтса, екінші шаруашылық басшысы жерді игеріп, мал өсірейін десе, су жоқтығын алға тартты.

Басқосу барысында облыс әкімі жерді өзге біреуге пайдалануға беріп, жалдау ақысынан табыс табатындарды анықтауға тапсырма берді. Қазіргі уақытта бұл бағытта облыстық прокуратура мемлекеттік құрылымдармен бірге жұмыстар жүргізілуде. Келесі жылдан бастап пайдаланылмайтын жер учаскелері үшін базалық салықтық мөлшерлемелерді өсіру көзделген. Сонымен қатар игерілмеген ауыл  шаруашылығы жерін мәжбүрлеп қайтару мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқартылмақ. Мемлекет басшысы жерді сот арқылы қайтарудың тиімді және жедел тетіктерін қарастыруды тапсырғаны мәлім.

Мемлекет пайдаланылмай жатқан жерді кері қайтаратыны анық. Алайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерде жұмыс істеп, табыс тапқысы келетін шаруаларға жұмыс істеуге мүмкіндік беру қажет.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар