31.12.2019, 1:37
Қараулар: 314
Құзғынның «шындығы» (жаңажылдық  әзіл)

Құзғынның «шындығы» (жаңажылдық  әзіл)

Өлімтіктің біраз жерін үңгіп жеп тояттанған кәрі Құзғын тұмсығын жерге үйкеп-үйкеп жіберді де, өлімсіреген көзімен айналасына қарады. Ендігі кезек біздікі дегендей қарқылдаған қарғалар, секең-секең еткен сауысқандар өлімтікке бас қойды.

Олар тояттана келді-ау дегенде кәрі Құзғын қанатын қомдап-қомдап қойып, сөзін бастап кетті. – Қадірменді бауырларым! – деп құмыға шыққан үнімен құсық та бірге шығып еді, оны кері жұтып жіберді. – Кешірерсіздер, қартайғандық болар, асқазан сыр беріп жүр, жиі-жиі құсатынды шығардым. Нишего, алда әлі біраз жасым бар, енді негізгі әңгімеге көшейін.

300 жылдың тарихын білетін болсақ та біздерден ақыл-кеңес сұрап жатқан ешкім жоқ. 100 жыл өмір сүрмейтін, пайдасынан зияны көп қайдағы бір Бүркітті мына екі аяқты пенделер пір тұтады, төбелеріне көтереді. Өз қадірімізді өзіміз білмей жүрген сияқты-мыз-ау… Білмесеңдер айтайын. Ататегіміз со-о-н-а-у-у Індиа деген елдегі Самұрық деген бабамыздан тараппыз. Сол Самұрық бабамыз-дың суретін мына «Нуорман» елі пайдаланып жүр. Бірақ олар баба-мыздың суретін мазақ қылып, үш бас жасап қойған. Бұл ақымақтық іс. Бабамызда бір бас болған. Сол бір бас, бір тұмсығымен Індианың бүкіл өлімтігін тауысқан, то есть, санитарлық қызметін атқарған.

Бүгінде мына екі аяқтылар бүкіл жамандық атаулыны біздермен байланыстырады. Біз түсіне бермейтін тендерден жейді, темірді, алтынды, ақшаны ұрлайды. Әйтеуір бәрін жұтады да түрмеге түседі. Әлгі қомағайды Құзғын деп кінәлайды. Бұған біздің қандай кінәміз бар? Біз алтын, темір, ақша жеп жатқанымыз жоқ. Жесек, Бүркіттен қалған немесе мүйізін кесіп, қалғанын далаға лақтырып кеткен киіктің өлімтігін жейміз. Егер осы өлімтіктерді біз жемесек, мына дала сасып, ауру тарап, екі аяқтылар қырылып қалмай ма?

Осы еңбегімізді олар неге бағаламайды. Ал Бүркіттен не пайда? Әлі жететіндерін өлтіріп, жүрегін суырып жейді де өлімтігін тастап кетеді. Бұлардың бүлдіргендерін біздер дұрыстап жүреміз.

Көшеге де Бүркіттің суретін іліп қойған, балаларының есімдерін де Бүркіт қояды. Алтынға, ақшаға қызығатын балаларының есімін Құзғын қойса, ештеңелері қисайып қалмас еді. Біз де риза болып қалар едік, – дей бергенде Құзғынның жүрегі көтеріліп кетсе керек, лоқсып құсып жіберді.

– Құзеке, сәл демалып алыңыз, енді мен жалғастырайын, – деп қара Қарға қарқылдап сөз бастап кетті. – Дұрыс айттыңыз, Құзеке! Осы біз кімбіз? Ұзақ жыл өмір сүрсек те, бір жақсы атанып көрген жоқпыз. Екі аяқтылар жамандық атаулының бәрін біздің  басы-мызға үйіп төгеді де қояды.

…Қарғаның валетіндей едірейіп,

Мына біреу қасыңа қайдан келген? – деп бір ақын жеңгесіне келген шалды бізге теңеп қойғанын да оқыдым. Өздері жиын-тойларда ішіп-ішіп тойып алады да, улап-шулайды. Сосын бір-біріне Қарға құсап қарқылдап кеттіңдер деп тағы бізге аудара салады. Бір уыс Бұлбұлды да сахнада сыңсытып ән айтқызып қояды. Ал бізге орын жоқ. Бір мезгіл біз де қарқылдап ән айтқымыз келеді. Айта берсең өкпе көп, бірақ тыңдап жатқан құлақ жоқ.

Осы кезде өлімтіктің қасында бір ұшып, бір қонып секең-секең етіп жүрген Сауысқан сөзді іліп алып кетті.

– Құзеке, Қареке, жөнді сөз айттыңыздар. Бүкіл пәле-жаланы бізге үйіп, төгеді. Ұры сауысқан – деген атақ үрім-бұтағымнан бері жалғасып келеді. Құзеке, өзің айтқандай ұры екі аяқтылардың өзде-рі емес пе? Ақшасы, алтыны өз алдына, пойызды жүгімен, түйені түгімен жұтуға шықты.

Иә, арғы аталарымызда жайып қойған құртты ұрлағандардың болғаны рас, бірақ сол аталары-мыздың әдетін қайтадан дәстүрге енгізейік десек, ауылда күнге кептіріп қойған құрт жоқ. Біздер сумалаңдап көп жерге ұшып бара береміз ғой, сонда бір келіншектің шыбын-шыбын болып сиыр сауып отырмаймын, дүкендегі әзір сүтті аламын деген әңгімесін естіп қалдым, – деп сауысқан секең-секең  етіп, бір ұшып, бір қонды.

Жүрегі лоқсып, асқазаны бүріп ауырып тұрғандықтан ба көзі қы-зарып кеткен кәрі Құзғынның даусы құмыға шықты. – Бауырлар, ойымыз ортақ, айтқандарыңның бәрі дұрыс. Енді ұрпағымыздың болашағы үшін кейбір мәселелерді қолға алуымыз керек. Ол үшін мына бағдарлама жолында жұмыстанайық. Көшелерге біздің суретімізді ілсін. Оның себебі 300 жыл жасаған біздер өткен тарихты көзімізбен көрдік, жақсы білеміз. Екі аяқтылардың долбармен айтып жүрген тарихын біз түзеп береміз. Бүркітті төрден аластату керек. Оған «табиғатты бүлдіруші» деген айып тағылу қажет. Өйткені олар аң-құстың тірілей көзін ойып,  жүрегін суырып жеп жүр. Біздерге «табиғатты қорғаушы» деген  арнайы мәртебе берілу қажет. Біз болмасақ, өлекседен жер-дүние  сасып, ауа бұзылуы мүмкін.

Ал сен, Сауысқан, екі аяқтылардың өздері жасаған қылықтарын бізге жапқаны үшін қарымта қайтар. Жасап жүрген ұрлықтарын тергеу орындарына жеткіз де тұр. Әзірше осыны іске асырайық, қалғанын тағы көре жатармыз, – деп кәрі Құзғын сөзін аяқтады.

Кәрі Құзғынның сөзін қуаттаған қарғалар қарқылдап, сауысқандар шақылдап, өлексенің айналасын  у-шуға  айналдырып  жатты.

Серік  ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар