31.12.2019, 1:36
Қараулар: 158
Жаңа  жылда не  сыйлауға  болмайды?

Жаңа  жылда не  сыйлауға  болмайды?

Еліміз – көп ұлтты мемлекет. Облысымызда да 100-ге жуық ұлт өкілі өмір сүреді. Мереке қарсаңында өзге мемлекетте тұратын ағайыныңызға сапарлап барсаңыз немесе өзге елдің азаматымен көрші болсаңыз, ол елдің салт-санасына тән емес сыйлықты таңдап қателесуіңіз мүмкін. Бүгін біз сыйлықтың әр түрлі халықтарға қатысты ерекшеліктерін  сөз  етпекпіз.

ЕУРОПА

Еуропа елдерінде бірқатар сыйлықты сыйлауға «тыйым салынған». Мәселен, Францияда тұрмысқа шықпаған аруға парфюм өнімдерін сыйлауға болмайды, мұндай сыйлықты тек жолдас азаматы сыйлай алады. Германияда канцеляр өнімдерін сыйлауға болмайды, мұндай сыйлықтарды неміс халқы мұқиятсыздықтың, ұқыпсыздықтың белгісі ретінде таниды. Еуропада феминистік қозғалыс өкілдері үшін асүй жабдықтары мен техникаларын сыйлау «аса жақсы» емес. Сол тәрізді гүл сыйлауға келгенде де сыншы болуға тура келеді. Мәселен, француз бикештеріне хризантема мен қалампыр гүлдерін сыйлауға болмайды, ал қызыл раушанды сыйлау шектен шыққан құмарлықты білдіреді.

АҚШ

АҚШ-та кейінгі кезде мынандай үрдіс бар. Сый ретінде ұсынылған тауарды чегімен береді. Егер сыйлық «иесіне» ұнамаса, ол тауарды ауыстырып немесе кері өткізіп тастай алады. Қызығы сол, Жаңа жыл мейрамынан кейін дүкендердің алдында сый-лықты ауыстыру үшін ұзын-сонар кезек болады екен. Сондықтан америкалықтар үшін чексіз берілген сыйлық нағыз орынсыз «тосынсый» болатыны анық.

МҰСЫЛМАН  ЕЛДЕРІ

Мұсылман елдерінде алкоголь, өзге де спирт тектес өнімдерді сыйлыққа тартуға болмайды. Сол тәрізді шошқа да исламда харам ретінде саналатындықтан, шошқаның еті мен терісінен жасалған кез келген өнімдерді сыйлауға болмайды. Сыйлықты оң қолмен беру қажет, береке саналады.

ҚЫТАЙ

Қытай халқы сыйлық алғанды жақсы көреді. Бірақ мұнда да шектеулер бар. Мәселен, ер-азаматқа қару-жарақ тәрізді кәдесыйларды (қанжар, пышақ, пистолет) сыйлауға болмайды. Бұл достықты бұзады деп саналады. Әйел адамға сары және ақ түсті гүлдерді сыйлауға болмайды, бұл қайғы-қасіреттің белгісі танылады. Тіпті ақ қағаздан жасалған жаңажылдық ойыншықтар да қытай халқының ашуын тудырады екен. Өйткені ақ түс хризантема гүлінің, ал хризантема гүлін ажал белгісі ретінде қабылдайды екен.

ЖАПОНИЯ

Жаңа жыл мейрамы жапондықтар үшін аса маңызды мереке болмағандықтан, қымбат сыйлық берудің қажеті жоқ. Балаларға тәтті күлшелер мен ойыншық сыйлау дәстүрге айналған. Алайда ешқашан төрт не тоғыз зат сыйлауға болмайды: «төрт» сөзінің дыбысталуы «өлім» сөзінің дыбысталуына байланысты, ал «тоғыз» сөзі «ауыру» сөзіне жақын болғандықтан, жапондықтардың қорқынышын туғызады. Сыйлықты иіліп сыйлау қажет.

КОРЕЯ

Қызыл түс Кореяда қанмен, өліммен байланысты болғандықтан, қызыл түске оралған сыйлықты сыйлаушы болмаңыз. Ғашықтар бір-біріне аяқ киім сыйлауға болмайды, ғашықтардың арасы суып кетеді деп жорамалданады.

АФРИКА

Африканың көптеген халқы жерлеу салтанатында ғана қолданатындықтан гүлді сыйлық ретінде беру жақсылықтың белгісі емес. Фотоаппаратты да сыйлауға болмайды: Африка халықтарында көбі фотоаппаратқа түсіру адам жанын алумен тең деп есептейді екен.

СЫЙЛЫҚ  АЛАРДА НЕНІ  ЕСКЕРГЕН  ЖӨН?

Сыйлық сыйлауға байланысты қазақ халқында бірнеше наным-сенім бар. Мысалы, пышақ беру – ұрыс-керіс, жанжалдың белгісі. Ал жақыныңызға пышақ сыйлайтын ойыңыз болса, алушының бұны ерекше бір символға теңеп алуын ескертіңіз. Сол сияқты бос әмиянды сыйлау – кедейліктің белгісі. Мұндай кезде әмиян ішіне бірнеше монета мен тиын салып берсеңіз, алушыға да жағымды аура сыйлайсыз. Ал жасы келген әжелерге орамал сыйлауға болмайды. Мұндай сыйлық адамның көңіліне тиюі мүмкін.

ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРГЕ

Нәзік жандыларға оның кемшілігін көрсететін сыйлық жасамағыныңыз жөн. Егер сіз бетке арналған крем сыйлағыңыз келсе, онда ол әжімді кетіруге арналмаған болсын. Оның орнына теріні ылғалдандыратын, құрамында табиғи өнімі бар крем сыйлағаныңыз жөн болады. Жаңа жылда қыз-келіншектерге арықтауға арналған шай немесе коктейльдер, іш киім, арзан  парфюм  сыйламаңыз.

ЕР-АЗАМАТТАРҒА

Ер адамға сыйлық сыйламастан бұрын оның талғамына, сүйікті ісіне назар аударыңыз.  Сыйлық ер адамның қаржылық жағдайына (егер ол өте көрнекті болса және сіз мұны атап көрсеткіңіз келсе), оның физикалық кемшіліктеріне (тіпті кішкентай немесе көрінбейтін болса да) қатысты болмауы тиіс.

ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ

Жасөспірімдерге біреудің ақылы, біреудің үйреткені ұнамайды. Сондықтан оларға тәрбиеге немесе тамақтану, жүру этикетіне арналған кітаптар сыйламағаныңыз жөн. Себебі мұндай сыйлық сөренің бір бұрышында шаң басып қалады. Сонымен бірге оларға жеке гигиенаға арналған құрал-жабдық сыйламағаныңыз  дұрыс.

БАЛАЛАРҒА

Балаларға, тіпті қыздарға киім сыйлаған ұнай бермейді. Бала тек маскарад костюміне немесе ханшайымның әдемі мерекелік көйлегіне қуанады. Сонымен қатар олар мектепке арналған құрал-жабдықты алғанды ұнатпайды. Ал ақшаны сыйлық ретінде қабылдамайды. Мұндай сыйлықты ересектерге  бергеніңіз  жөн.

Ғаламтор  мәліметтері  бойынша  дайындаған  Гүлсезім  БИЯШЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар