31.12.2019, 1:35
Қараулар: 299
Бұқараны   сүйсіндіргендер

Бұқараны   сүйсіндіргендер

Ержан Максим – жыл серпілісі

Тарих қойнауына енгелі тұрған 2019 жылы тек Батыс Қазақстан облысының ғана емес, тұтас Қазақ елінің атын айдай әлемге тағы бір мәрте танытып, Еуропаны мойындатқан қаршадай жерлесіміздің есімі – Ержан Максим. Небәрі 12 жастағы оралдық өреннің Польшаның Гливице қаласында өткен «Junior Eurovision 2019» халықаралық ән байқауындағы өнері талайларды тәнті етті. Тіпті байқауға төрелік жасаған кәсіби қазылардың дауысы бойынша Ержан Максим бірінші орынға шықты. Алайда көрермендердің онлайн дауыс беру нәтижесі қосылған кезде жалпы ұпаймен екінші орынға ие болды. Байқаудың бас жүлдесін Польша елінің өкілі Вики Габор жеңіп алды.

Ержанның танымал еуропалық ән бәйгесіндегі бұл жеңісін тек отандастары емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі өнерсүйер жұртшылық жоғары бағалады. Бұл оның үлкен сахнадағы алғашқы жеңісі емес. Төрт  жасынан бастап қалалық, облыстық және республикалық өнер додаларына қатысып, талай мәрте жеңімпаз атанып үлгерген ол 2016-2018 жылдар аралығында Грузия, Латвия, Италия, Беларусь елдеріндегі өткен халықаралық ән байқауларында бас жүлдеге және арнайы аталымдарға ие болды. Ал биыл мамыр айында Ресей еліндегі ең танымал тележоба «Голос. Дети» байқауында жеңімпаз болып қана қоймай, «Көрермен көзайымы» атанды. Оралдық оғлан қазіргі таңда Ресей елінің астанасы Мәскеу қаласында РФ халық әртісі, композитор әрі продюсер Игорь Крутойдың музыкалық академиясында музыкалық білімін жалғастыруда.

Биылғы 12 жасар жерлесіміз үшін шын мәнінде жемісті болды. «Голос. Дети» және «Junior Eurovision 2019» байқауларындағы таңғаларлық жеңістеріне қоса, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы жеке концертін өткізді. Айтпақшы, 2020 жылдың 1 қаңтарында Ержан 13 жасқа толады. Табиғи талантымен миллиондардың жүрегін жаулаған Ержанды алғашқы мүшелімен құттықтаймыз! Жаңа жылда жеңісті де жемісті күндері көп болғай!

Ла-Маншты  бағындырған тұңғыш  қазақ

Францияның солтүстігі мен Британ аралдарының оңтүстік-шығысын жалғап жатқан әйгілі Ла-Манш бұғазын тұңғыш рет жүзіп өткен қазақстандық триатлоншы Әнел Сытдықованың туған жері – Орал қаласы.

Әнел Сытдықова 38 шақырым қашықтықты 15 сағат 15 минут уақытта гидрокостюм кимей жүзіп өтті. Ла-Манш өзінің ағысымен, болжауға келмейтін ерекше ауа райымен әйгілі. Бұғаз суының температурасы 15-16 градус екенін ескерсек, Әнел Сытдықованың бұл әрекеті – ерлікке пара-пар. Жерлесімізді әлем жұртшылығы Қазақстаннан шыққан тұңғыш Айронмен (Ironman), тұңғыш Ультрамен (Ultraman) ретінде таниды. Яғни  ол – суда жүзу, велосипед тебу және жүгіру бойынша марафон қашықтығын бағындырған бірден-бір қазақ спортшысы.

Айта кетерлігі, Әнел триатлоннан Малайзия, Канада, Швейцария және Нидерланды елдерінде жүлдегер атанды. Бүгінде даңқты жерлесіміздің ата-анасы Орал қаласында, ал өзі отбасымен Англияда тұрады.

Қаратөбеден  шыққан тұңғыш  әлем  чемпионы

Румынияның Константа қаласында қол күресiнен жас жеткiншектер мен жасөспiрiмдер және қыздар арасында өткен ХХХХІ әлем чемпионатында қаратөбелік Ержан Ерболатұлының бағы жанды. Ол жасөспірімдер арасында 50 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Ержан финалға дейін сенімді жеңіске жетіп, финалда Қырғызстан елінің спортшысынан басым түсті.

Румыния елінде Қазақ мемлекетінің көк байрағын көкке көтеріп, Әнұранын шарықтатып, ел абыройын асқақтатқан Ержан Ерболатұлы қол күресіне алғаш 2016 жылы келген екен. Осы уақыт аралығында бірнеше дүркін облыс жеңімпазы, Азия чемпионы, ҚР чемпионы атанып үлгерген.

 

Эльбрусты  бағындырғандар

Биыл үш бірдей жерлесіміз – Исатай Темірбаев (суретте) және Нәдір мен Нұрлыбек Құрымбаевтар Еуропа мен Ресейдің ең биік нүктесі – Кавказдағы Эльбрус стратожанартауын бағындырды. Олардың барлығы да Орал қаласындағы «Uralsk Runners» қозғалысының белсенділері. Теңіз деңгейінен 5642 метр биіктіктегі Эльбрус шыңына шыққан батысқазақстандық альпинистерді жерлестері мақтан тұтары сөзсіз.

Қарсыластарының  бәрі  тізе  бүкті

Батысқазақстандық палуан Ерасыл Бақыт 2019 жылдың қазан айында Өзбекстанның Ташкент қаласында жастар арасында самбо күресінен өткен байрақты бәсекеде әлем чемпионы атанды. Жаңақала ауданының түлегі 52 келі салмақта қарсыластарының бәрін жеңді. Финалға дейін екі белдесу өткізіп, бірінші украиналық, содан кейін Түркіменстан палуанын таза жеңген қазақтың қара баласы финалда тәжік палуанынан басым түсті. Бұдан бұрын да айтулы додаларда жүлде алып жүрген, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас самбошының бапкері – Бірлес Есенғалиев. Қазіргі таңда Ерасыл Шерниязұлы – М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті.

 

Ажалға  араша  тұрған  азамат

Бейбіт күннің батырлары туралы қанша айтсақ та артық емес. 2019 жылдың қазан айында 31 жастағы оралдық полиция қызметкері өз басын қатерге тігіп, бойжеткенді ажалдан арашалап қалды.

Кезекшіліктен шыққан соң, өз көлігінде отбасымен бірге келе жатқан тәртіп сақшысы Шаған өзенінің көпірінен өтіп бара жатқанда, суға секірмекші болған бойжеткенді көреді.

Дереу көлігін тоқтатып, жүгіріп келе жатып шешінген Еркебұлан су жағасына жеткенде, жағада үрпиісіп тұрған бірнеше балықшыны көреді. Ойланбастан суға секіріп, өзеннің ортасына, қыз құлаған жерге жүзіп жеткенде, бойжеткеннің денесі су бетінде қалқып тұр екен. Қызды шашынан ұстап жақын жердегі көпірдің тірек ұстынына қарай жүзеді. Қауіпсіз жерге шығарған соң бірден жасанды демалдыруға, алғашқы медициналық көмек көрсетуге кіріседі. Кешікпей құтқарушылар жасағы да, “Жедел жәрдем” көлігі де келіп жетеді.

Облыстық полиция департаменті жанындағы оқу-жаттығу взводының жауынгері, полиция капитаны Еркебұлан Сапанов өзінің әрекетін ерлік деп санамайды. «Менің орнымда болған кез келген полиция қызметкері осылай жасар еді» дейді қарапайым қалпынан танбай.

Дойбышы  қыздардың  жеңісі

2019 жылы батысқазақстандық қос дойбышы  Болгарияның Кранево қаласында өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Дүниежүзілік додаға әлемнің 19 елінен 200-дей спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғаған Әнел Дәулетова (суретте) 16 жасқа дейінгілер, Тоғжан Тәжібекова 13 жасқа дейінгілер арасында үздік шығып, чемпион атанды. Олардың бапкерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Данияр Жұмагелдиев пен Әлия Жұмагелдиева.

Д. Жұмагелдиевтің айтуынша, Әнел Дәулетова – жастар арасында екі дүркін әлем чемпионы, бірнеше мәрте Қазақстан, Азия жеңімпазы, IDF спорт шебері. Ал Тоғжан Тәжібекова – бірнеше мәрте Қазақстан, екі дүркін Азия және әлем чемпионы, спорт шеберлігіне үміткер. Әлемдік додада бабы мен бағы қатар шапқан спортшы қыздарымызға 2020 жылы да сәттілік тілейміз!

Жылдың  ең  ғажап  оқиғасы

Биыл араға екі жарым ай салып, егіз нәресте босанған оралдық Лилия Коновалованың есімі оқырмандардың есінде шығар. Медицина тілінде ауытқу болып саналғанымен, қос жатырлы аналардың жарық дүниеге егіз сәби әкелуі – әлемде өте сирек кездесетін ғажайыптардың бірі. Мұндай ерекше жағдай Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Бір мезгілде, бірақ бір-бірінен бөлек дамыған егіздердің өмірге келу уақыты да екі түрлі. Үлкені Лия мамыр айында, ал кішісі Максим араға екі жарым ай салып, шілде айында туған.

Егіздердің ата-анасы Сергей мен Лилия Коноваловтардың Алина есімді 7 жасар тұңғыш қызы бар. Бір ерекшелігі – 29 жастағы қос құрсақты ананың бірінші жүктілігі еш қиындықсыз, қалыпты жағдайда өткен екен.

 

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар