31.12.2019, 1:27
Қараулар: 147
ЕЛ   АУЗЫНДАҒЫ  АТЫМТАЙ  ЖОМАРТТАР

ЕЛ   АУЗЫНДАҒЫ  АТЫМТАЙ  ЖОМАРТТАР

Әр  жылдың  өз  тарихы  бар.  Тарих  қойнауына  еніп  бара  жатқан доңыз  жылы  да өңір тұрғындары  үшін  айшықты  сәттерімен  есте  қалмақ. Әсіресе,  туған  жерін  өркендетуге  үлес  қосып,  қамкөңіл  жандардың  жоғын жоқтап,  ел  мерейін  асырған  жеңімпаздарды  көтермелеп, бағын  асырып  жүрген  атымтай  жомарт жандардың  қатары жыл  санап  көбейіп  келе  жатқаны қуантады.  Жыл  бойы «Ауыл  кәсіпкерлері  фельдшерлік  орталық  салып  беріпті», «Ауыл  түлектері  балдырғандарға  спорт  алаңын  сыйлапты», «Кейуанаға  үй  салып  беріпті»  деген  жарқын  жаңалықтар жақсылыққа  құмар  жандарды  ерекше  қуантқаны  сөзсіз.  «Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  өңірімізде атқарылып  жатқан  жұмыстар,  туған  жерін  өркендетуге үлес қосқан  азаматтардың  игі  істері  туралы  облыстық  «Орал өңірі»  газетінде  жыл  бойы  жазылып  келді. Дегенмен  жыл соңында  ел  аузында  жүрген  атымтай  жомарттар  жасаған жақсылықтардың  бірқатарын  тағы  бір  саралап,  оқырман назарына  ұсынғанды  жөн  көрдік.

ЖЕРЛЕСТЕРІ  НҰРБОЛҒА ҮЙ  СЫЙЛАДЫ

Жыл басында  бір топ кәсіпкер  әлем чемпионы Нұрбол Серіковке  Орал қаласынан жайлы пәтердің кілтін сыйға тартты. Нұрбол өткен жылы Румыния елінің астанасы Бухаресте өткен самбодан әлем чемпионатында 68 келі салмақта жеңімпаз атанған еді. Спортшыға жомарттық жасаған Тұрарбек Тілемісов, Қайнар Есмұханов, Александр Қарағойшин, Әлібек Сартаев, Берік Құрманғалиев, Самат Хасанов – бүгінде Орал мен Ақтөбе өңірінде түрлі салада табысты қызмет атқарып жүрген азаматтар. Олардың бәрі де – Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал өңірінің тумасы. Жалпақтал – ежелден ұйымшылдығымен, әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы аясында атқарған қыруар шаралармен танымал өлке. Нұрбол Серіков 1993 жылы 16 қарашада аталмыш ауданның Ақпәтер ауылында дүниеге келген. Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының түлегі. Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың дене шынықтыру және спорт факультетін бітірген. Нұрбол дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шебері, самбодан халықаралық дәрежедегі  спорт  шебері.

ФАП  ҚЫЗМЕТІНЕ  ЕЛ  РИЗА

Доңыз жылында елді елең еткізген жаңалықтардың бірі – Қазталов ауданындағы Ақпәтер ауылының  кәсіпкері Самат Хасановтың ауылдастарына фельдшерлік-акушерлік пункт салып бергені болды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында  жүзеге асқан игі іс ауыл тұрғындарына ерекше қуаныш сыйлағаны анық. Жаңа ғимаратты сыйға тарту үшін кәсіпкер құрылыс жұмысына 16 млн. теңге қаржы жұмсаған.

Ақпәтер ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт акушері Жанат Дүйсенғалиеваның айтуынша, жаңа медициналық нысанға биыл ауыл  адамдарының түгелге жуығы келіп, тексерістен өткен.

 Ақпәтер ауылдық округіне қарасты 15 елді мекен бар. Биыл ауылдық округте 24 сәби жарық дүниеге келген. Фельдшерлік-акушерлік пункт медициналық жабдықтары жаңаланып, жаңа «Жедел жәрдем» көлігі берілген.

Ауылдан заман талабына сай медициналық пункт салып берген кәсіпкер Самат  Хасановқа  жерлестері  дән  риза.

«ҰМЫТЫЛМАС  ҚУАНЫШ  СЫЙЛАДЫ»

«Мейірімді көктем» жобасы аясында «Қаз-Хол» ЖШС басшысы Тимур Әмин жеті баланың анасы Манар Бүркітоваға Орал қаласынан үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартты.  Аталмыш пәтер Орал қаласындағы Құрманғазы көшесі, 198 мекенжайын-да пайдалануға берілген тоғыз қабатты үйде орналасқан. Апатты жағдайдағы қос қабатты үйдің орнына мемлекеттікжекешелік әріптестік аясында тұрғызылған жаңа үйде барлық жағдай  жасалған.

Көп балалы отбасыға сыйланған үш бөлмелі пәтердің жалпы аумағы  90 шаршы метрді құрайды. Газ, су, электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Манар Бүркітова күтпеген тосынсыйға шексіз ризашылығын білдірді.  Он алты жылдан бері пәтер жалдап жүрген отбасында үш ұл, төрт қыз өсіп келеді екен.

– Өтіп бара жатқан жыл біздің отбасымыз үшін ұмытылмас жыл болды. Бізге үлкен қуаныш сыйлаған Тимур Әмин ағамызға ризашылығымыз шексіз. Аптасына бір рет Тимур ағаны айтып, әрдайым қайырымды ағамыздың дені сау, ғұмыры ұзақ болсын деп, балаларымызбен тілеуін тілеп жүреміз. Қазіргідей қиын заманда бірден үш бөлмелі пәтерді сыйға тарту көп адамның қолынан келе бермейді. «Тимур ағаларыңдай мәрт, мейірімді болыңдар» деп отырамын. Перзенттерімнің бәрі қаламыздағы №45 мектепте оқиды. Үлкені 11-сыныпта, кішісі мектепалды даярлық сыныбында білім алып жүр. Мектеп директоры, әлеуметтік қызметкер, мұғалімдер жағдайымызды сұрап, үйге келіп тұрады. Бәріне ризамын. Тимур аға сыйлаған баспанамыз өте жайлы, жылы, жарық, мектепке жақын орналасқан. Біздің өңір өзге облыстарға қарағанда қайырымдылығымен ерекшеленеді. Бізге өмір бойы ұмытылмас қуаныш сыйлаған Тимур ағамызға отбасымыздың атынан алғыс айтамыз, – дейді  Манар  Бүркітова.

ШЫҢҒЫРЛАУДАҒЫ  ТЕМІРЖОЛ  КӨПІРІ

Доңыз жылы шыңғырлаулықтар үшін де айта жүрерліктей жыл болды. Өйткені ауылды бөліп жатқан шойынжол тұрғындар үшін қолайсыз еді. Теміржолдан әр өткен сайын жандарын шүберекке түйіп жүретін тұрғындар үшін Шыңғырлау ауылында жаяу жүргіншілерге  теміржол көпірі салынды.

Төрт ай ішінде жеке демеушілердің күшімен бой көтерген көпірдің құны 75 млн. теңгені құрайды. Аудан тұрғындары көптен күткен теміржол көпірін осы ауылдың еңбек ардагері, қадірменді азаматы Дауын Бекқұловтың 100 жылдығына орай оның туыстары көтеріпті. Типтік үлгіге сай, алты сатылы, жарықтандырылған, заманауи көпір қауіпсіздікті қамтамасыз  етіп  қоймай, ауылдың көркіне көрік қосып тұр.

КЕЙУАНАҒА  ҮЙ  САЛЫП  БЕРДІ

Биыл Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қаратөбе ауданындағы «Мұхит жастары» жастар қоғамдық бірлестігі мен аудандық жастар ресурстық орталығы үйі апатты жағдайда тұрған Талшын Мұхамедияроваға баспана сыйлады. Аудан жастарының, аудан әкімдігінің, сондай-ақ жомарт жандардың қолдауының арқасында бой көтерген баспана құрылысы биыл тамыз айында басталған еді. Аз уақытта Талшын әжеміз баспанасына қол жеткізді. Бұған дейін апатты деп танылған баспанада тұрып келген кейуананың қуанышында шек жоқ. Қаратөбе ауданының қайырымды тұрғындарының арқасында бой көтерген баспананың аумағы – 48 шаршы метр. Заманауи үлгіде салынған, тұрмыстық жабдықтармен қамтылған үйге қоныстанған Талшын әжей ауыл жастарына алғысын айтып, ақ батасын берді.

ДОНЕЦКІДЕГІ  ЖАҢА МЕДПУНКТ

Теректі ауданы Донецк ауылындағы жергілікті қожалық басшысы Мерболат Жанғалиев  ауылына медициналық пункт сыйлады. Ол өзінің үйін медпунктке лайықтап жөндеп берді.

Енді ем-домды ауыл ішінде алатындығына қуанған ауыл тұрғындары Мерболат Жарылғасымұлына ризашылықтарын білдірді. Жаңа нысанның ашылуына келген жергілікті тұрғындар қан қысымын өлшетіп,  екпе  алып та үлгерді.

Медициналық пункт фельдшері Гауһар Орынбасарованың айтуынша, ауылда 108 адам бар. Биыл бұл ауылда бір сәби жарық дүниеге келген. Кішкентай ауылда әлі газ болмағандықтан, ғимарат арнайы пешпен жылытылады. Бұрын мектеп жанынан болған медициналық пункттің бөлек орында ашылғанына ауыл халқы риза. Қазіргі күнде аталмыш пункт тұрғындарға алғашқы көмек көрсетіп,  қатты  ауырған  адамды  аудандық  ауруханаларға  жолдап,  жұмыс  жасауда.

Р.S  Жыл бойы жасалған жақсылықтарды тізе берсек, газетіміздің беті жетпесі анық. Сондықтан ел жадында  жүргендерін барынша ықшамдап беруге тырыстық. Жалпы, өзі өскен өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтардың көбейіп келе жатқаны көпке үлгі. Әсіресе, әр ауылда әр жылдары мектеп бітірген түлектердің жиналып, ауылға спорт алаңдарын, балалар ойнайтын алаңқай сықылды нысандарды салып беріп, ел игілігіне қажет істі жасауға ұмтылып жүргендері де өзгелерге өнеге боларлықтай-ақ!

Биыл өңірімізде «Туған жер» арнайы жобасы аясында демеушілер мен меценаттардың қолдауымен 191 жоба жүзеге асырылған.

Жобаларды жүзеге асыруға 226 меценат демеуші болған. Алла бұйырса, тышқан жылында бұдан да көп жобалар жүзеге асып, меценаттар қатары көбейе түсеріне сенеміз.

Материалды  дайындаған Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»